14.05.2025, 11:45
Оқылды: 222

Менің мақсатым – ауыл оқушыларының қауіпсіздігі

Менің атым - Данеля Шавалиева. Мен Бәйтерек ауданына қарасты «Январцев мектеп-балабақша шағын орталығы» КММ мекемесінің 10-сынып оқушысымын. Жас әлеуметтік көшбасшы ретінде мен өз жолымды халықаралық Beginit бағдарламасына қатысудан бастадым деп сеніммен айта аламын. Бұл бағдарламада Қазақстан мен Қырғызстанның оқушылары әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасауды және іске асыруды үйренеді.

WhatsApp Image 2025-05-14 at 12.31.47

Мен еліміздің 10 облыстан және Қырғызстан Республикасынан (2 өңірінен) келген 1200-ден астам оқушының арасынан іріктеліп, келесі кезеңге өткен 600 оқушының бірі болдым. Біз 4 ай бойы әлеуметтік көшбасшылық бойынша онлайн курстардан өттік. Жобаларымызды таныстырғаннан кейін мен ТОП-9 жартылай финалистер қатарына ендім.

Жартылай финалистер Алматыдағы «Ақ Бұлақ» лагеріне 5 күндік көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағдарламасына шақырылды. Онда біз күн сайын тренингтерге қатысып, топтық жұмыстар жүргізіп, тәжірибелі мамандардан білім алдық.

Қазіргі уақытта мен финалдық төртінші кезеңге өттім. Бұл кезеңге Қазақстан мен Қырғызстаннан 62 оқушы қатысып, өз елді мекендерінде «Мектепке қауіпсіз жол» жобасын жүзеге асыруда.

WhatsApp Image 2025-05-13 at 19.13.09

Жобаның мақсаты - балалардың үйден мектепке дейінгі жолындағы көше және инфрақұрылым мәселелерін анықтау. Сол негізде Vision Zero тұжырымдамасына сай ұсыныстар мен шешімдер әзірлеу. Бұл тұжырымдама жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жарақат алу деңгейін нөлге дейін азайтуды көздейді.

Жобаның аясында мен оқушылармен қатар, мектепке дейінгі 500 метр аумақта тұратын ауыл тұрғындары арасында да сауалнама мен картографиялау жұмыстарын жүргіздім. Олар қауіп төндіретін жерлерді белгілеп, жаяу жүргінші жолдарының, жарық шамдарының, тротуарлардың жоқтығын атап өтті. Бұл деректер жобаның негізгі базасы ретінде қолданылды.

WhatsApp Image 2025-05-13 at 19.13.06

Жергілікті жердегі далалық зерттеу барысында мен мынадай маңызды қорытындыға келдім: ауылдың басты жолдарының бірінде балалар күн сайын жүретін жолда тротуар мүлдем жоқ, ал көліктер өте жоғары жылдамдықпен қозғалады. Бұл - балалардың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Сауалнамаға қатысқан оқушылар бұл учаскеде жаяу жүргінші өткелінің де, тротуардың да жоқ екенін растады.

Мен жоба жайлы депутатпен кездесу өткізіп, жобамның мәнін түсіндірдім. Халық қалаулысы бұл бастамаға қызығушылық танытып, қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл менің жобамның жергілікті деңгейде қолдау табуына үміт береді.

WhatsApp Image 2025-05-13 at 19.13.05

Осылайша, ауылымыздағы барлық оқушы үшін мектепке қауіпсіз жол қалыптастыру менің әлеуметтік көшбасшы ретіндегі үлкен мақсатым болып отыр.

Данеля Шавалиева,

«Январцев мектеп-балабақша шағын орталығы» КММ

мекемесінің 10-сынып оқушысы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале