3.05.2022, 10:59
Оқылды: 194

«Менің отбасым – менің байлығым...»

Ислам Абуязидұлы Хасиев – 1991 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Төртінші сыныпқа дейін Жаңақала ауданының Жаңақала ауылындағы қазақ мектебінде оқыған. Балабақшада қазақ тобында болған. Содан шығар, қазақ тілінде еркін сөйлейді.

IMG-20220503-WA0011

Бесінші сыныптан бастап Орал қаласындағы №22 мектепте білім алған. Қазіргі таңда аутокөліктің майын ауыстыратын «Петронас» орталығында менеджер ретінде қызмет атқарады. Ұлты – шешен. Қоғамдық жұмыстарға, спорттық шараларға белсене араласады. Әр кез Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін оқиды. Бос уақытын отбасымен бірге өткізіп, еркін күреспен шұғылданады. 2014-2018 жылдар аралығында ережесіз жекпе-жекпен айналысып, облыс, республика көлемінде бірқатар жетістікке жеткен. Анасы, жұбайы, үш ұлы және бір қызымен бақытты ғұмыр кешуде.

– Мен Қазақстанда тұра беремін. Отбасымды осы жерде асыраймын. Қазақстан мен Шешен Республикасы арасындағы қарым-қатынасты нығайтқым келеді. Менің ойымша, ел бірлігі – бұл жәй ғана сөз емес. Ел бірлігі – бейбіт және еркін өмір сүрудің, қоғамның, мемлекеттің жан-жақты қалыптасуының негізі. Дамуға бет алған ел үшін ынтымақ қашанда маңызды, – дейді Ислам Абуязидұлы.

Ирина Александровна Суетина – 1991 жылы 13 мамырда Тасқала ауданында жарық дүниеге көрінген. Мектепте қазақша оқыған. Қазақ тілін бала күнінен біледі. Достарының көбі – қазақ. Тасқала ауданына қарасты Родник ауылындағы мектепте 7-сыныпқа дейін оқып, 8-сыныптан бастап аудан орталығындағы «Сәулет» гимназиясында білім алған. 2013-2016 жылдары М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған.

IMG-20220503-WA0010

«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған іс-шараларға қалмай қатысады. Әсіресе, тіл және ұлтаралық келісім, достық, татулық тақырыптарындағы шараларда жиі бой көрсетеді. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері жанына жақын. Тек аталмыш ақынмен ғана шектелмей, басқа да ақын-жазушылардың кітаптарын парақтап жүруге тырысады. Бос уақытында жанұясымен бірге серуендеп, бой сергітеді. Тілдің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілдегі контентті дамыту – басты мақсаты. Қазіргі таңда Орал қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектепте бастауыш сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

– Татулық – халық үшін өте маңызды. Бұған әрбір азамат үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Толерантты тұлға тәрбиелеу – негізгі міндетіміз. Өскелең ұрпақ, жас ата-аналар бәсекеге қабілетті болуы шарт. Бізге өз тілін, ділін ардақ тұтатын, сонымен қатар өзгенің дінін, салт-дәстүрін құрметтей білетін ұрпақ қажет. Өйткені татулық – бірлігіміздің іргета-сы, – дейді Ирина Суетина.

Станислав Борисович Котенко – 1987 жылы 1 мамырда Орал қаласында өмірге келген. Қазақ тілін бала кезінен біледі. Өзінің айтуынша, кішкентай кезінде қазақ достарымен тез түсінісіп, араласып кету мақсатында қазақ тілін үйреніп алған. Орал қаласындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте оқыған. 2003-2006 жылдар аралығында Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы кадет корпусында білім алған. Бүгінде «Арай» комьюнити орталығында және «West NRG» ЖШС-да жұмыс істейді. Ұлты – украин. Ол украин мәдениет-ағарту бірлестігімен тығыз қарым-қатынаста. Үнемі хабарласып, іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Сенбіліктерге де қатысып, қашанда белсенділігімен көзге түсіп жүреді.

IMG-20220503-WA0012

– Қазақ әдебиетін үнемі оқимын. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын парақтаудан жалықпаймын. Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері қандай керемет! Бос уақытымда спортпен шұғылданып, отбасыммен бірге табиғат аясында демаламын. Жұбайым екеуміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Біз біртұтас мемлекет ретінде ел бірлігін нығайту бағытында жұмыстана беруіміз керек. Әрбір азамат қоғам үшін қолынан келгенін аянбауы шарт. Жер алып, үй салып, сол үйде бақытты өмір сүрсек, арманымыздың орындалғаны. Жанұямның бақытты болуы және Отанымның береке-бірліктен ажырамай, әр күнді мерекеге айналдыруы үшін бар күшімді саламын. Отбасым мен достарымның амандығы үшін қызмет етемін, – дейді Станислав Борисович.

 

Айқарма бет материалдарын дайындаған  

Марлен Ғилымхан 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале