Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртісі Құралбек Қатшаев 1996 жылы 12 наурыз күні Ақжайық ауданының құрамындағы Қабыл ауылында дүниеге келген. Қабыл ауылы ол үшін өте қымбат. Себебі, сол жерде оның ұмытылмас естеліктері қалды. Қабылдағы мектепте 3-сыныпты тәмамдап, 4-сыныпты Ақжайық ауданының орталығында орналасқан М. Әуезов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте оқыған. Содан соң отбасымен қалаға көшкен. Оқуды облыс орталығындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепте жалғастырған. Ауылға бара қалса, қызықты сәттері, естен кетпейтін оқиғалары көз алдына келеді.
– Мен әке-шешемнің тұңғышымын. Әкем – Ілияс. Анам – Шынар. Ақнұр, Айжұлдыз есімді қос қарындасым бар. Әкем Орал қаласындағы «Өнер» жарнама агенттігінде жұмыс істейді. Анамның мамандығы – мұғалім. Анам да, жұбайым Ақтолқын да – тіл маманы. Үлкен қарындасым Алматыда тұрады. Кіші қарындасым – оқушы. Ақдидар есімді қызым өсіп келеді. Мен ата-анамнан көп нәрсені үйрендім. Олар менің жан-жақты қалыптасуыма үлкен әсер етті. Олар мен үшін үлгі. Оған себеп те көп. Әкем жас кезінде терме айтқан. Қазір де анда-санда қолына домбыра алып, «әу» деп қоятыны бар. Анам әдеби кітаптарды көп оқытты. Оқушы кезімде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен ылғи бес алатынмын. 9-сыныпты тәмамдаған соң Орал қаласында орналасқан Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түстім. 2011-2015 жылдар аралығында аталған колледжде білім алдым. Бір қызығы, мен мектепте де, колледжде де байқауларға қатыспаппын.
Неге екенін өзім де білмеймін. Сол уақытта жарыстар аз ұйымдастырылды ма екен?!
Әлде, қызықпадым ба? Белгісіз... Шыны керек, сахнаға шығу – мен үшін мүмкін емес нәрсе секілді көрінді. Дамира Абдрахманова, Хорлан Аспандиярқызы, Бибігүл Мақсотқызы және Мұқанғали Томанов сынды ұстаздарымнан үйренгенім көп, – дейді Құралбек Ілиясұлы.
Ол бала күнінен актер болуды армандамаған жан. Ардақ есімді әпкесі өнерге бет бұру керек екенін айтып, Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түсуді ұсынған. Содан соң ол емтиханға дайындала бастапты. Ардақ әпкесі өлең шумақтарын жаттатқызып, тыңғылықты дайындалуына жәрдемдескен. Оның өнер жолындағы алғашқы қадамы осындай болса керек.
Студент күнінде алғаш театрға барды. Кейін көпшілік сахнада өнер көрсете бастады. Осыдан соң өнерге, театрға деген қызығушылығы оянып, жан-жақты ізденуге кірісті.
– Мен 2015 жылы Хадиша театрына жұмысқа орналастым. 2024 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін «Атамекен» жастар музыкалық театрында жұмыс істегенімді де айта кетейін. Театр сахнасында бүгінге дейін ірілі-ұсақты 20 шақты қойылымда рөл сомдаған екенмін. Оның ішінде балаларға арналған ертегілер, драма, комедия, психологиялық драма және тарихи драма жанрларындағы қойылымдар бар. Кейде жағымды, кейде жағымсыз кейіпкерлерді сомдаймын. Таңдау еркі берілген жағдайда рөлдердің бір-біріне ұқсамауына баса назар аударамын. Кейінгі жылдары белгілі тұлғалардың рөлдерін сомдап жүрмін. Жұбан Молдағалиев, Ескендір Хасанғалиев сынды қадау тұлғалардың болмысын шынайы жеткізу – мен үшін үлкен мәртебе. Өзіме сомдаған кейіпкерлерімнің бәрі ұнайды. Себебі олар бір-біріне ұқсамайды. Әркімнің өз шындығы бар. «Адасқан махаббаттағы» Нұрбақыт, «Жусандағы» Жәдігер, «Чайкалардағы» базар бастығы... Әрқайсысы – бөлек әлем, – деген жас әртіс кішкентай эпизодтық рөлдердің де спектакль үшін маңызы орасан зор екенін атап өтті.
Ол үшін театр – үлкен жұмыс, өнер. Ол үшін театр – тарихқа із қалдырудың бір жолы. Сол себепті оның өмірін де театрдың алатын орны ерекше. Қойылым сахналанғанша жүзеге асырылатын жұмыстың қандай екенін көбі біле бермейді. Жас әртістің айтуынша, жұмыс барысында қиындықтар да кездеседі. Спектакльді өмірге әкелу оңай шаруа емес. Қаншама кезеңнен өтеді... Пьесасы сахналанған аутор ретінде айта кетейін, бұл – уақытпен санаспай, ізденісті үдету, содан өзгені ұмыту.
– Әрбір жаңа рөлді сомдау үшін бар білетініңді ұмытып, бәрін қайтадан бастау керек болады. Қиыны да, қызығы да сол. Кейіпкердің жан әлемін зерттеймін. Әр сөзінің мағынасына үңілемін. Оның қандай сезім кешкенін дәл таба білу керек. Бұл – өте қиын. Өзіңнің сомдаған рөліңе өзің сенуің қажет. Әйтпесе, өзгені сендіру мүмкін болмайды. Кейіпкерді толық тану арқылы біраз қиындықтан құтыла аласың. Өзің сомдайтын тұлғаны өзің дұрыс танымасаң, өзгені де бұлыңғыр әлемге батырасың. Менің жетістігім – сомдаған рөлдерім мен көрерменнің қошеметі. Өңірде, орталық қалалардан шалғайда өнер адамы ретінде дамуға, әрине, мүмкіндік бар. Арманы асқақ адам ауылда жүріп те дами алады. Бәрі адамның өзіне байланысты. Оның үстіне қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы ақпарат өте тез тарайды, – дейді Құралбек Қатшаев.
Ол ізденуді өмір деп түсінеді. Адам психологиясын зерттейді. Адамдармен кездесу, жолығу – ол үшін бір сабақ. Кино көреді, кітап оқиды. Басқа қалаларға сапарға шыққанда міндетті түрде сол жердегі театрға бас сұғып, қойылым тамашалайды. Әлеуметтік желілерден өнерге қатысты жаңалықтарды оқып, өзге өнер адамдарының өзөздерін қалай дамытып жатқанын бақылап отырады.
Ол Оралхан Бөкейдің шығармаларын көп оқыған. Шыңғыс Айтматов, Төлен Әбдік туындылары жанына жақын. Уақыт тапшы болса да, кейіпкеріміз кітап оқуды тоқтатқан емес. Қазіргі таңда Санжар Керімбайдың «Мәдени майданын» оқып жатыр. Оны тауысқасын, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағын» парақтайды. Ол кейінгі кездері кино өнеріне ден қойып жүр.
– Осы уақытқа дейін қысқаметражды фильмдерге, әлеуметтік бейнебаяндарға түстім. Алдағы уақытта киноға түсуге ұсыныс болса, қарсылығым жоқ. Негізі, маған киноға түсу емес, киноны түсіру ұнайды. Мен камерамен видео түсіре аламын. Оқушы кезімде фотоаппаратпен жұмыс істеп, суреттерді компьютермен түрлі бағдарлама арқылы монтаждайтын едім. Менің осы сүйікті ісім бүгінде кәсібіме айналды. Орал қаласында «Жас талап» өнер-білім орталығымен бірге балаларға арналған 2-3 фильм түсірдім. Оған қоса шағын бейнебаяндар дайындадым. Егер актер болмасам, видеограф болатын едім. Бар мақсатым – өнердің дамуына үлес қосу. Алдағы уақытта жақсы туындылармен көрерменді қуантамын деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Көпшілікке мәлім, Хадиша театрының күрделі жөндеуден өтіп жатқанына екі жылдай уақыт болды. Қазір жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Мұның өнер адамына қалай әсер етіп жатқаны әртістерге ғана аян.
– Өз сахнаңда ешкімге жалтақтамай өнер көрсету, дайындық жұмыстарын жүргізу – бір бақыт. Алайда біз шығармашылықты тоқтатқан жоқпыз. Фестивальдерге қатыстық. Сапарға шықтық. Бірнеше қойылымның премьерасын өткіздік. Қазіргі уақытта тағы бір жаңа қойылымды дайындап жатырмыз. Ғимаратымыз жоқ деп құр қиналмадық. Бәріне шыдап, ортақ іске оң иығын бұрып жүрген әрістестеріме ризамын, – деді Құралбек Ілиясұлы.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»