Өңірдегі кей мердігердің қарекет-қамсыздығы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған адамның тірлігіне ұқсайды. Былтыр жазда газетімізде Теректі ауданындағы Үлкен Еңбек ауылындағы су құбырын қалай болсын, солай салып, «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып тұрған мердігер туралы фельетон жазылды. Содан әлі күнге 400-ге тарта тұрғын «қағаздағы» суды пайдаланып отыр. Әрине, аудан басшылары, мердігердің өзі, яғни қызылордалық «Дәнекер» компаниясы жобаны жүзеге асырды деуден танбайды. Қазіргі кезде құбыр балансқа алынуда, содан кейін су беріледі, тұрғындар үйлеріне құбырды өз күштерімен тартады деп сендіреді. Сөйте тұра 2023 жылы су берілді деп жоғарыдағыларға берілген есептің өмірдегі сиқы – осындай. Тек бұл емес, өзге де мердігерден бағы ашылмаған құрылыс нысандары орта жолда қалып қоятыны немесе «сақалды» құрылысқа айналатыны жасырын емес. Мердігердің нысанды пайдалануға тапсырып, «іс бітті, қу кетті» деп қарасын көрсетпей қоятыны тағы бар. Ал тапсырыс беруші кейде «жамау-жамау» жолдарды көрмей қалады. Мердігерлердің жауапсыздығы мысалдарын су, жол және әлеуметтік нысандар құрылысы салаларынан молынан табуға болады. Облыстық құрылыс басқармасындағылар «Бізде бәрі керемет, барлық нысан уақтылы тапсырылды» деп ауыздарын құр шөппен сүртіп, мердігерлерге шаң жуытпайды. Бірақ басқармадағылар мердігерлердің жауапкершілігін арттыру туралы бірауыз пікір айтуға да жарамады.

Әдетте белгілі бір құрылыс жобасы бекітіледі де, іске жаратылмай екі-үш жыл жатып қалады. Оған қаржы зарықтырып барып бөлінеді. Сол аралықта құрылыс материалдарының бағалары аспандап шыға келеді. Ондайда мемлекеттің қаржысын кім аясын, тағы үстемелеп қаржы құяды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабыров тапсырыс беруші мемлекеттік құрылымның жол құрылысы жұмыстарын уақтылы бақыламауы, мердігердің жұмыстағы кідірістері жобалардың айтарлықтай қымбаттауына соқтыратынын баян етті. «Мысалы, 2022 жылы аяқталуы тиіс «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты 68-139 км» жолын жөндеу жобасы бастапқы жоспарланғаннан 11 млрд теңгеге, яғни 17,7 млрд теңгеден 28,7 млрд теңгеге дейін өскен. Бұған мердігердің енжарлығы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесін сақтамауы, облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті бақылаудың немесе реакцияның болмауы себеп болды. Көптеген бұзушылыққа қарамастан, басқарма мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылдаған жоқ және жолды жөндеу жылдан жылға жалғасуда», – деді Ә. Сабыров (суретте).

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Әбдірашитовтың айтуынша, былтыр «БҚО Теректі ауданының Подстепный ауылында қуаты 110 кВ электр желілерін салу» жобасы аяқталмады. Жергілікті мердігер «Жайық Сити» ЖШС міндеттемесін қараша айында тап-тұйнақтай қылып орындамады. Тапсырыс беруші шаруасына салақ қарап, көкпек жеген түйедей дөңбекшіген мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды, оған қоса тұрақсыздық айыбын өндіруді сұрап, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз түсірді. Ол әлі соттың қарауында. Сонымен қатар "БҚО Теректі ауданы Подстепный ауылындағы су құбырын қайта жаңарту" нысаны пайдалануға уақтылы берілмеді. Өткен жылғы тамыз айында іске қосылуы тиіс нысанның құрылысы сағыздай созылып, желтоқсанның аяғында әрең межеге жетті. Міндеттемесіне салғырт қараған мердігер "Байсын-А" ЖШС-ны (Жамбыл облысынан) жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап-арыз берілді. Алайда сот мердігерді жосықсыз қатысушы деп танымады. Тек мердігерден мерзімі өткен күндер үшін 16 млн 444 мың 508 теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы өндірілді. Теректі ауданы бойынша өткен ұлу жылында мердігерлердің жауапсыздығынан 143 млн теңге шамасында бюджет қаржысы игерілмеді.
Ойран-ботқасы шыққан жолдар...
Соңғы жылдары өңірдегі жол құрылысына мемлекеттен қыруар қаржы бөлінуде. Бірақ сол қаржыны игеруде енжарлық басым. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің сөзінше, міндеттерін орындамаған 13 мердігерді (11 талап-арыз жол жөндеу, 2 талап-арыз жолдарды күтіп ұстау бойынша) сотқа берген. Осы 11 талап-арыздың төртеуі бойынша сот шешімі шықты. Мысалға, «Сапақ» ӨК және «Табын 2007» ЖШС жергілікті атқарушы құрылымдардың талап-арызы негізінде сот шешімімен қара тізімге енді. «Казталов ауданы, «Жаңатаң ауылына кіреберіс 0-8,8 шақырым аудандық маңызы бар аутожолын орташа жөндеу» жобасы бойынша «Табын 2007» ЖШС құрылысты уақтылы бастамаған. Міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған бұл компания жосықсыз мердігердің кебін киді. Облыстық, аудандық жолдардың жөнделуі ауқымды болып, оларды уақтылы аяқтау мүмкіндігі болмады делік. Алайда шағын, басы көрінсе, аяғы шолтаң ете түсетін ауылішілік көше жолдарының құрылыстары да оңып тұрғаны шамалы. Ауылдан халық көшеді дейміз, көктемгі және күзгі лайсаңда көше жолдарының ойран-ботқасы шығып жатса, жұрт қалаға маңдай түземегенде не істейді? Сырым ауданындағы Жымпиты ауылының төрт және Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылының 11 көше жолының күрделі жөндеуін «Сапақ» өндірістік кооперативі дұрыс атқармады. Сөйтіп тапсырыс беруші мердігерді сотқа сүйреді. Сот шешіміне сәйкес мердігер Сырым ауданындағы көшелерді күрделі жөндеуді 2025 жылдың мамыр айының аяғына дейін аяқтауы керек. Ал Бөкей ордасы ауданындағы көшелерді күрделі жөндеу бойынша «Сапақ» ӨК жосықсыз мердігер деп танылды. Сонымен қатар «Борсы кіреберіс аутожолын орташа жөндеу» нысаны бойынша мердігер «КаНур Строй Сервис» ЖШС-дан қалыптасқан тұрақсыздық айыбын өндіру талап-арызы қанағаттандырылып, толық көлемде өндірілді.

Тапсырыс беруші жұмыстарын тиісті дәрежеде орындамағаны үшін «Қызылорда жолдары», «Ануш-Құрылыс», «СтройЖолСервис КЗ» ЖШС-лар сынды мердігерлерді сотқа берді. Қайсыбір мердігер бір емес бірнеше нысанды конкурста ұтып алып, қайсысын бітіретінін білмей, сең соққан балықтай жүреді басы айналып... Жергілікті «Ануш-Құрылыс» ЖШС облыстық және аудандық жолдарды жөндеу бойынша бақандай 13 нысанның құрылысын ұтып алды. Соның 8-інің құрылысын аяқтады, 2 нысан биыл ауыспалы жоба ретінде жүзеге асады. 3 нысан бойынша жұмыстар аяқталмаған. Қазір осы тұралап қалған нысандардағы жұмыстар бойынша сот процестері жүруде.
Өткен жылы жергілікті жолдарды (облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік аутомобиль жолдарын) жөндеуге бөлінген 2 млрд 181 млн 300 мың теңге қаражат игерілмей қалды. Оның ішінде 1 млрд 859 млн 300 мың теңге облыстық және аудандық, 322 млн теңге ауылішілік жол-дарды жөндеуге бөлінген еді.
Мамандыққа оқытпайды, Google-мен аударады
Сарапшылардың пікірлеріне малдансақ, мердігерлердің жауапкершілігін көтеру мәселесі қашанда өзектілігін жоймайды. Және де ол сұрақ өте ауқымды. Мысалға, шалғайдағы елді мекенге су құбырын тарту керек делік. Тапсырыс беруші осы жұмысты конкурсқа шығарар алдында, оның техникалық сипаттамасын жазуда «өзімбілемдікке» салынбай, сол саланың маманына жүгінгені жөн. Өйткені білікті маман су құбырларының қалай орналасатынын, қандай диаметрдегі тұрба, сорғы қажеттігін және тағы басқа да техникалық сипат-қырларын жетік біледі. Техникалық сипат-тамасы дұрыс жазылса, су құбырларын тартатын компаниялар істің мәнісін терең ұғынып, өздерінің шамаларын бағамдайды. Кейбір мемлекеттік ұйымдардың конкурстық құжаттары дұрыс жазылмағандықтан, мердігерлер қателікке ұрынады. Содан да тапсырыс беруші мердігерден жауапкершілікті қатаң талап ете алмайды. Өйткені мердігер де ақымақ емес, техникалық сипаттамада былай деген деп қарсы уәж айтары хақ. Сондықтан конкурстық құжаттаманың техника-лық сипаттамасы, жобалық-сметасы дұрыс болса, онда тапсырыс беруші мердігерден жауапкершілікті барынша қатаң сұрай алады. Кейде тапсырыс беруші сапасыз құрылыс нысандарын қабылдап алып, артынша опынып жатады. Оған біліксіздік не жемқорлық себеп болуы ықтимал деседі мамандар.
– Мемлекеттік құрылымдарда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы деген мамандығы бар маман жоқ. Ондай мамандыққа еш жерде оқытпайды. Мысалға, балаларды мұғалім оқытады. Бухгалтерияда бухгалтерлік мамандығы бар адам қызмет етеді. Мемлекеттік сатып алушы маманның да бухгалтер секілді мойнына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мекеменің барлық сатып алу жұмыстарына, қаржысына, материалына жауапты болады. Қазіргі кезде бұл қызметке заңгер, экономист не бухгалтер мамандар қабылданады. Мемлекеттік сатып алу мәселелерімен айналысқан қызметкерге орнына келген жаңа маманға бар білгеніңізді үйретесіз деп міндеттейді. Негізі мемлекеттік сатып алу мамандары қысқа курстарда оқып, білім жетілдіреді. Алайда ондай оқулардың сатып алу үрдістерінің қыр-сырын толығынан үйретеді деп айту қиын. Өйткені техникалық сипаттаманы оқып отырған кезде, қателерге сүрініп жығылғандай боласыз. Мысалға, орыс тіліндегі техникалық сипаттама мен оның қазақ тіліндегі нұсқасының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Себебі көбісі ресми тілдегі мәтінді Google-ге салып, аударып қоя салады. Жобалық сметалар сапасыз жасалады. Мемлекеттік сатып алу мамандарының баршасы құрылыс саласынан бейхабар, соның кесірінен қателіктерге жол беріледі, – деді Оралдағы мемлекеттік сатып алумен айналысқысы келетін азаматтарды оқытатын «West tender freedom» оқу орталығының директоры Ілес Бақытұлы (суретте).

Кейбір мердігердің өзінің материалдық-техникалық әлеуетіне сеніп, нысан құрылыстарын көбірек мойнына алып, бюджет қаржысын молынан «асағысы» келетіні құпия емес. Ондайда жұмысты атқаруға қосалқы мердігер тартады. Оның бір жаманы жауапкершілікті қосалқы мердігерден сұрай алмайсыз. Тендерді ұтып алып, міндеттемесін орындамаған мердігерді сотқа сүйреп, айыппұл салуға мүмкіндік бар. Кейде сотта мердігердің жауапсыздығы дәлелденсе, онда мердігерге мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға 24 айға шектеу қойылады.
Аты-жөнін атағысы келмеген бір кәсіпкер мердігер компанияның мойнына жауапкершілік алып, оны орындай алмағанда, одан мемлекеттің түк зиян шекпейтінін айтады. «Мысалға, компания бір тендерді ұтып алып, орындай алмады делік. Одан тапсырыс беруші, яғни мемлекеттік мекеме не мемлекет ешқандай зардап шекпейді. Қайта кәсіпкер тұрақсыздық айыппұлын төлейді, аванс алған болса, оны кері қайтарады. Шығынға ұшырайтын мердігер, өйткені ол бар қаржысын құрылысқа құяды, материалдар сатып алады, тасымалдайды, артынан қаржысы жетпей қалып, құрылысты тоқтатады. Әдетте құрылыс жұмыстары толық орындалған соң, мердігерге қаржы толықтай төленеді. Сол арада жосықсыз деп танылса, оның орнына келген басқа компания қалған жұмысты емін-еркін жүріп бітіреді», – деді құпия қалғысы келген кәсіпкер.
Бірақ мұндай жағдайда құрылыс нысаны уақтылы тапсырылмайды. Содан кейін құрылыс материалдары қымбаттап, жобаны аяқтауға тағы қаржы сұралуы ықтимал. Ол қаржы аспаннан шұға болып жаумайды, бюджеттен бөлінеді.
Конкурс уақыты қысқарды
2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының бас маманы Альмира Кәрімова (суретте), жаңа заң орындалатын жұмыстардың сапасын арттыру, мердігерлердің жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді деген пікірде.

– Жалпы конкурс рәсімдерінің мерзімі екі есе қысқарды деп айтуға болады, шамамен 52-60 күнді құрайтын конкурстар 25-28 күнге қысқарды, ал комиссия мүшелерінсіз автоматты түрде айқындалатын рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілетін, бұлар: құрылыс-монтаждау жұмыстары, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар және техникалық қадағалау жөніндегі қызметтердің мерзімі 23 күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқарды. Осы өзгерістер мердігердің дербес жауапкершілігін күшейтеді. Мердігерлер облыстық маңызы бар қалаларда жұмысты орындау бойынша сол аумақта тіркелген жағдайда, баға критерийлерін есептеу барысында оларға 2% шартты жеңілдік белгіленеді. Бұрын бұл өлшемшарт 1%-ды құрады. Бұл өзгерістер еліміздің өзге аймақтарында тіркелген өнім берушілердің жеңіске жетіп, жұмыс көлемін қосалқы мердігерге беру жағдайын азайтады. Сондай-ақ өңірге салық түсімдерін көбейтеді. Сонымен қатар әлеуетті өнім берушінің орындауында ағымдағы қаржы жылында шарт болса, осы рейтингтік-балдық жүйе конкурсы бойынша биылғы қаржы жылының қорытындылары туралы әрбір хаттама немесе шарт үшін веб-портал (0,2 %) шартты жеңілдікті алып тастайды. Жаңа заң әлеуетті өнім берушілер арасында жұмыстарды, қызметтерді тең бөлуге және шартты өз мерзімінде орындауға ынталандырады. Жаңа заң құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауда мердігерлерге осындай жеңілдіктер береді, – деді Альмира Ерболатқызы.
Жаңа заң бойынша мердігер жұмысты орындау барысында тапсырыс берушімен тікелей жұмыстанады. Қолданыстағы заңнамаларға сай мердігерлер жұмыстың орындалуын межеленген мерзімінде аяқтап, жосықсыз қатысушылар тізіміне ілікпей, мердігерлік жауапкершілігіне оң көзбен қараса, мемлекеттік сатып алу веб-порталында оң динамика байқалады. Атап айтқанда, кешіктірілген және орындалмаған шарттық міндеттемелер бойынша сот шешімі болған жағдайда, мердігерлер алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Заңмен мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағымдарды қарау тәртібі түпкілікті өзгерген. Конкурс қорытындыларына байланысты түскен шағымдарды ішкі мемлекеттік аудит құрылымдары қарамайды. Шағымдарды конкурсты ұйымдастырған құрылым, яғни қорытынды хаттаманы қабылдаған мекеме өзі қарайды. Бұл ретте, шағымдану және шағым қарау мерзімі 45 жұмыс күннен 6 жұмыс күніне дейін қысқарған. Әрі қарай конкурсқа қатысушы шағымның жауабымен келіспесе, тікелей сотқа жүгінуге қақылы. Өз кезегінде сатып алуға қатысты сотқа түскен талап-арыздардың қарау мерзімі 3 айдан 20 күнге қысқарған деседі мамандар.
Жосықсыз деп тануға міндетті емес
Мемлекеттік сатып алу – қарапайым тілмен айтсақ, мемлекеттік құрылымның тауарды немесе қызметті сипаттамасы мен қаржы көлемін көрсете отырып, өнім берушілерден сатып алу рәсімі. Ол үшін міндетті түрде келісімшарт жасалады. Келісімшарт болған жерде тараптар арасындағы келіспеушілік салдарынан дау туындайтыны белгілі. Сот саласының мамандары мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылуына байланысты туындайтын даулар азаматтық тәртіпте ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттарда қаралатынын айтады. Алайда сот істерді қараған кезде міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тани беруге міндетті емес. Себебі ҚР Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап-арыздарды қарау кезінде соттар Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және Азаматтық процестік кодекстің 6-бабының 5-бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге алады. Яғни тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет делінген.
Мысалға, келісімшарт мерзімінде орындалмағандықтан, тапсырыс беруші жауапкерді міндеттемесін тиісті дәрежеде орындамай, тауарды кеш жеткізгені үшін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыппұлын өндіру туралы талап-арызбен сотқа жүгінген делік. Сотта жауапкердің шарт бойынша өз міндеттемелерін кеш орындағаны анықталған. Дегенмен бұл жағдайдың талап қоюшыға жағымсыз әсері не салдары болғаны көрсетілмеген, тауардың сапасы мен саны жағынан сын-ескертпелер айтылмаған. Сондықтан сот жауапкердің кеш болса да, міндеттемесін орындағанын, талап қоюшыға еш зияны тимегенін ескеріп, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танудан бас тартқан.

– Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2024 жылдың 12 айында мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану (оның ішінде тұрақсыздық айыбын өндіру, келісімшартты бұзу туралы, келісімшарт міндеттемелері бойынша) санатында 2318 талап-арыз түсті. Бұл өткен жылдың (2023 жылы 1948) есепті кезеңіндегі арыз санымен салыстырғанда 370 арызға немесе 12,5%-ға көбейгенін көрсетеді. Келіп түскен арыздардың 2318-і немесе 100%-ы сот кабинеті ақпараттық жүйесі арқылы қабылданды. Талап-арыздардың басым көпшілігі – мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, өсімпұл өндіріп алу және келісімшарттарды бұзу туралы арыздар. Сотқа келіп түскен арыздардың ішінде 2122 талап-арыз немесе 91,5%-ы (2023 жылы 1820) соттың өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалды. Ал 42 талап-арызды қабылдаудан бас тартылды, 152 талап-арыз кері қайтарылды. Қаралған істердің 1832-сі шешім шығару, 83-і бойынша іс жүргізуді тоқтату, 279-ы қараусыз қалдыру, 5-і соттылығы бойынша жолдау арқылы қаралды. Сөйтіп шығарылған шешімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 370 шешімге және қараусыз қалдыру арқылы 73, істі соттылығы бойынша жолдау 4, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен 367 іске көбейді, – деді БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының әкімшісінің басшысы Жандос Есенов (суретте).
Жобалар шикі, тапсырыс беруші біліксіз...
Сарытіс мердігерлер болашақ мердігер тендерге кіріс-шығысын мұқият есептеп қатысқаны жөн деседі. Құрылыс материалдары, жұмысшылардың еңбекақысы, салық төлемдері, логистика шығындары барлығы дерлік есепке ілігуі тиіс. Доллар көтерілсе, соған байланысты дүниенің барлығының бағасы шарықтайтынын ескерген жөн. Осыны ескеріп, жұмсалатын шығын шамасында қалтасында қаржысы болғаны жөн деседі сарытіс құрылысшылар. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болады. Ойламаған жерден мердігер банкрот кепешін киюі ықтимал. Мердігерлік компанияның басшысы қатты науқастанып немесе қазаға ұшырауы кәдік. Әйтпесе, мойнына алған міндеттемесін ешкім де әдейі орындамайды деп айту қиын.
- Менің ойымша, мердігерлер тарапы ұйымдастыру жұмыстарынан олқылықтар жіберіп алса, ол міндетті түрде жұмыс үрдістерін ақсатады. Құрылыстың уақтылы тапсырылмай кешігуі тек мердігер тарапына қатысты болмайды. Кейде жобаларда шикіліктер орын алады. Оны түзетуге жібереді, соны күтіп жүргенде уақыт өтіп кетеді. Мердігер компанияның жобаларды уақтылы жүргізуге, өзінің өндірістіктехникалық базасы және мамандары болғаны дұрыс. Еліміздің басқа өңірлерінен мердігерлер келіп, құрылысқа кіріседі. Бірақ бәрінің емес, көбінің жергілікті компания болмағандықтан, жұмыстары баяулап қалып жатады. Өйткені олар осы жақтан мамандар табамыз, техника жалдаймыз не жалға аламыз деп жоспарлайды. Өкінішке қарай, ойлағанымыздың бәрі бола бермейді, техниканы жалға беремін дегендердің өздерінің шаруалары шығып қалады. Қай мердігер мойнына алған шаруаны аяқтамай, қара тізімге ілінгісі келеді дейсіз.
– Жалпы мердігер ретінде өңір нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Биыл Деркөл кентінде 1500 орындық алғашқы жайлы мектеп салып, пайдалануға уақытында бердік. Облыс орталығындағы «КНС-3» нысанын, кәріздік сорғы стансасының құрылысын жүргіздік. Мердігер болған соң, бар күшімізді салып, құрылысты мерзімінде аяқтауға ұмтыламыз. Әрине, кемшіліксіз, қателіксіз жұмыс болмайды. Дейтұрғанмен, әр жаңа жобада кеткен кемшіліктерімізді қайталамай, жақсы жағына өзгеруге ұмтыламыз. Құрылыс дегеніміз – командамен бітетін шаруа, сол себепті шамамыз келгенше әр жобаға жауапкершілікпен қарауға тырысамыз, – деді «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамедиев (суретте).

Расында, қарап отырсақ, «жолы болмаған» әрбір мердігердің жағдайы, себебі әртүрлі болады. Жобалардың шикілігі де мердігерді жерге қаратуы әбден мүмкін. Мысалға, 2022 жылы Ақжайық ауданының құрылыс бөлімі мердігерді анықтап, «Ақсуат кентіндегі ауылдық мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту» жұмыстарын жүргізуге 91 млн теңгеге шарт жасады. 25,4 млн теңге аванс төленді. Алайда құрылыс барысында мәдениет үйі ғимаратының саманнан тұрғызылған қабырғалары құлап, жаңаруы әдірам қалды. 2023 жылдың тамызында мердігер 19,9 млн теңгені бюджетке қайтарды. Бұл бюджет қаражатын 95,6 млн теңгеге тиімсіз жоспарлауға және ҚР Ұлттық қорынан қаражатты негізсіз бөлуге алып келді. Осы-ның өзі жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз жасалуынан болған. Жобалау-сметалық құжаттама аудандық мәдениет бөлімінің тапсырысымен жасақталған, яғни бөлімде құрылыс саласынан хабары бар маманның болмауы – негізгі себеп. Сондықтан жобалық құжаттаманы жасақтауды және тапсырыс беруді ауданның құрылыс бөлімі жүргізгені дұрыс деп санайды сарапшылар.
Бір мердігерде – 38 келісімшарт
– Мемлекеттік аудит барысында екі ауылдың су құбыры салынды деп, жұмыстарды іс жүзінде емес, қағаз жүзінде тапсырған астаналық «Engineering and construction group» ЖШС-ға бюджет қаражатынан 142 млн теңге негізсіз төленгені анықталды. Бұзушылықтардың себебін анықтап, сараптадық. Бірінші, бұзушылықтардың дені басқа өңірде тіркелген мердігерлер тарапынан кетеді. Құрылыс компаниялары бірнеше конкурс нәтижесінде жеңімпаз болады да, жұмыстарын қосалқы мердігерлерге тапсырады. Мысалы, сол «Engineering and construction group» серіктестігі 2023 жылы жалпы 15 млрд теңгеге 38 мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасаған. Мұндай жүктемені мердігердің бір өзі атқара алмайды. Сондықтан жұмыстарды қосалқы мердігерлер орындайтыны сөзсіз. Ақиқатын айтсақ, өңірімізде тіркелген мердігерлер келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін басқа облыстардан келген әріптестеріне қарағанда толық орындайды.
Екінші түйткіл, құрылысты қадағалайтын техникалық қадағалаушылардың басқа өңірден болуы. Олардың анықталған бұзушылықтары облыстық, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жіберіледі. Алайда техникалық қадағалаушы басқа өңірде тіркелгендіктен, оған қатысты тексеріс ашылмайды. ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін тексеру жүргізудің басталғаны туралы бақылау мен қадағалау субъектісіне хабар беруге міндетті. Басқа өңірде тіркелгендіктен, аталған хабар тексеріс нысанына жеткізілмейді. Нәтижесінде тексеріс жүргізілмейді әрі бұзушылық жіберген техникалық қадағалаушы жауапқа тартылмайды. Үшіншіден, құрылыс жұмыстарына құрылыс саласы бөлімдері тарапынан қадағалаудың болмауынан, білікті маманның жетіспеуінен бұзушылықтар орын алады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның қолданысқа енгізілуіне байланысты бірінші себеп өз шешімін табады деп сенеміз. Екінші себепті болдырмас үшін, Кәсіпкерлік Кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жіберу үшін талдау жүргізілуде. Үшінші себепті болдырмауға келсек, ол құрылыс бөлімдерінің жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар, бақылау жүйесін күшейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және құрылыс үрдістерін аутоматтандырылған бақылау және басқару жүйесін енгізу керек деп санаймын, – деді БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.
«Бура пішкен жеріне жоламайды» дегендей, кей істі болған құрылысшылар басқа салаға кетіп тынады. Мамандардың пікірлеріне сүйенсек, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру үшін заңнаманы күшейту, бақылау жүйесін жетілдіру, ынталандыру тетіктерін енгізу, кәсіби біліктілікті арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Осы шараларды кешенді түрде жүзеге асырған жағдайда ғана құрылыс және басқа да мердігерлік салалардағы сапа мен сенімділік жоғарылайды. Бұл әдістерді қолдану арқылы мемлекет, тапсырыс берушілер және мердігерлер арасында сенімді әріптестік орнатуға болады. Қалай десек те, заң бойынша мердігер мойнына алған шаруаны барынша ыждағаттылықпен орындауы керек. Өйткені мердігерлердің міндетін дұрыс атқаруы бюджет қаржысының тиімді игерілуіне бастайды. Сондай-ақ уақтылы салынған сапалы нысандар халықтың жағдайын, өмір сапасын жақсартуға септігін тигізетінін естен шығармауға тиіспіз.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»