9.02.2021, 17:35
Оқылды: 30

Мердігер жолды неге күтіп ұстамайды?

«Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалының техника паркінің жартысына жуығы істен шыққан. Мұны күре жолдардағы қар тазалау жұмыстарына тапсырыс беруші анықтады. Жолшылардың жолдарды толыққанды күтіп ұстауы үшін 84 арнайы техника қажет болса, соның 65-і ғана бар. Өңір аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың күтімсіздігі техника жетіспеушілігінен туындап отыр деп түйіндейді тексеріс қорытындысын мамандар.

 жолл1

Түрлі көлік ағыны толастамайтын республикалық маңызы бар жолдардың қысқы мезгілдегі күтімсіздігі көлік жүргізушілердің сын садағына ілігудей-ақ ілігіп келеді. Күре жолдардағы көкбеттенген көктайғақтың кесірінен ауыр жүк көліктері жол апаттарына жиі ұшырайды немесе жолдан тайып шығып кетеді. Жыл басталғалы бері мұндай 16 жол-көлік оқиғасы орын алды. Сол апатты оқиғалардың 12-сі Атырау - Орал тас жолында болды. Жол апатынан 6 адам қайтыс болып, 30-дан астам адам жарақат алды.

Осы күре жолдардың күтіміне жауапты мердігерге, яғни «Қазақавтодор» ЖШС-ның облыстық филиалы өз міндеттеріне неге салғырт қарайды? Жолдарды қардан сапалы тазартуға техникасы жеткілікті ме? Міне, осындай сұрақтарға жауап іздеген республикалық маңызы бар жолдардың қысқы мезгілде күтіп ұстауға тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалының басшылығы жолшылардың жұмысын тексерді. Ақпанның 3, 4, 5-і күндері БҚО полиция департаментінің өкілі, полиция подполковнигі Сергей Асанов, БҚО бойынша төтенше жағдайлар қызметінің аға лейтенанты Айбек Ахметжанов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК-ның облыстық филиалының инженері Нұрсұлтан Нұрмұхамедов, «ҚазақАвтожол» ЖШС-ның облыстық филиалының бас инженері Тимур Балғазин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалының жол пайдалану бөлімінің бастығы Дамир Тілеубаев «ҚазақАвтожолдың» облыстағы 4 жол пайдалану басқармасына қарасты учаскелерді аралап шықты. № 38, 39, 40, 41 жол пайдалану басқармалары Самара - Шымкент, Атырау - Орал, Орал - Тасқала - РФ шекарасы, Подстепное - Федоровка - РФ шекарасы, Орал - РФ шекарасы (Бузулукқа дейін), Чапаев - Жалпақтал - Казталов - РФ шекарасы, Казталов - Жәнібек - Ресей шекарасы бағытындағы және Хан ордасы ауылына кірме жолдарды күтіп ұстауға міндетті.

Дамир Тілеубаев қазіргі уақытта «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның өңірдегі республикалық маңызы бар 1176 шақырым республикалық маңызы бар жолдарға (облыс аумағындағы жалпы ұзындығы 1414 шақырым, оның 238 шақырымына күрделі жөндеу жүруде) қызмет көрсететін әңгімеледі. Қыс мезгілінде автожолдарды күтіп ұстауға 4 жол пайдалану учаскесі және «ҚазақАвтоЖолдың» 4 жол-эксплуатациялық пункті қатысады. Осы қызметтері үшін оларға республикалық бюджеттен 850 миллион теңге бөлінді.

- Стандарттарға сәйкес 1176 шақырым жолға қызмет көрсету үшін 846 мамандандырылған жол техникасы қажет. Кәсіпорында тек 49 арнайы техника бар, бұл қажетті техниканың 40%-ын құрайды. Сондықтан мердігер басқа компаниялардан 16 арнайы техниканы жалға алады. Біз тексеріске жолға шыққан кезде «ҚазақАвтоЖолдың» меншігіндегі 20 арнайы техникасы сынып қалып, тек 29-ы ғана жол тазалауда жүрді, - деп түсіндірді Дамир Тілеубаев.

Сонда 29 техникаға мердігер жалға алған 16 техниканы қосқанда барлығы 45 техника ғана пәленбай шақырымдық күре жолды қар мен мұздан тазартатын болып шығады...

Жолдардың күтімсіздігі техника жетіспеушілігінен екені ап-айқын.

«ҚазақАвтоЖолдың» бірінші кезектегі міндеті – республикалық автокөлік жолдарын мұздан және қардан уақтылы тазартып, күре жолдардағы үздіксіз және қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету. Алайда  мердігер өзінің мойнына алған міндеттемесін толыққанды орындай алмай отыр. Осыған байланысты биылғы қаңтар  айының соңында тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» өзінің мердігері «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ына 74 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Мердігер тарапынан түйткілді мәселені шешуге талпыныс болмайынша, жолдар мұз орамдары мен қар көшкіндерінен тазармайды. Бұлай жалғаса берсе, мердігерге қатысты тиісті шаралар алынбақ.

жолл22

- Кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысына еш шағымымыз жоқ. Олар демалыс күндері де, мереке күндері де тас жолдарда жұмыс істейді. Бірақ олардың барлық техникасы ескі. Қысқы мезгілде алыс жолдарға қатынап жұмыс істейтіндіктен, техникалары тез бұзылады, Мәселен, «ҚазақАвтоЖолдың» облыстық филиалында 100 шақырым жолға бір құм сепкіш техника қолданылады. Ол бір қатынағанда жолдың 7 шақырымына құм себеді. Өз учаскесіне қарасты жолға түгелдей құм-тұз қоспасын мұзға себу үшін оған кем дегенде 12 рейс жасауы керек. Әңгіме сағат туралы емес, аптаның жұмысы туралы. Стандарттарға сәйкес жауын-шашын түскеннен кейін республикалық жолдарды 6-8 сағат ішінде ретке келтіру керек. «ҚазақАвтоЖолдың» техникамен жабдықталуы нашар, сондықтан оның жұмысы аутокөлік жүргізушілерінің көңілінен шықпайды, - деді Дамир Тілеубаев.

Сергей Асановтың айтуынша, егер республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау сапасын апаттар саны тұрғысынан салыстыратын болсақ, көктайғаққа байланысты Орал - Тасқала - РФ шекарасы жолында апатты жағдайлар аз болады (қыста жолды күтуге 12 техника, 15 жол жұмысшысы тартылған). Алайда бұл полицияның мердігердің жұмысына шағымы жоқ дегенді білдірмейді. Биылғы қаңтарда БҚО полиция департаменті «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның облыстық филиалына Орал - Тасқала - РФ шекарасы және РФ шекарасы - Самара - Шымкент шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдардың күтімсіздігіне қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 426-бабының 3-бөлімі бойынша екі хаттама толтырған. Қазір материалдар Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына қарау үшін жіберілді. Іс жүзінде мердігер автожолдарды қар мен мұздан тазарту жөніндегі бұған дейін берілген нұсқаулықты орындаған жоқ.

- «ҚазақАвтоЖолдың» біз көрген техникасының көпшілігі  жөндеуге қойылған. Грейдерлер, құмсепкіш техникалары жұмыс істемейді. Қазір ауа райы құбылмалы, күн лезде жылиды, не қатты аяз тұрады. Егер жолшылар жолды қардан тазалауға не құм себуге үлгермесе, жол бойындағы апаттар тыйылмайды, - дейді Сергей Асанов.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале