Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысқан отбасылар марапатталды. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов отбасылық құндылықтарды дәріптейтін байқаудың маңыздылығын атап өтті.
- Отбасы - шағын мемлекет. Кез келген қоғамның іргетасы екендігі де белгілі. Сондықтан отбасылық құндылықтарды жастардың санасына сіңіру - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, соңғы кездері ажырасу көбейіп барады. Қазақтың ұлттық дәстүрінде бұрын мұндай жағдайда үлкендер басу айтатын еді. Біз осы үрдісті жоғалтпауымыз керек. Ең бақытты бала – толық отбасында өскен бала. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында салт-дәстүрімізді жаңғырту қажеттігіне айрықша көңіл бөлген. Ал қазақ халқының отбасы діңгегі әркез мықты болған. Сондықтан ел ішіндегі үлгілі, өнегелі отбасыларды өзгелерге үлгі етіп насихаттау-біздің басты міндеттеріміздің бірі, - деп сөзін сабақтаған Ғабидолла Абдоллаұлы байқау жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орын жәнібектік Бисенғалиевтер, екінші орын зеленовтық Имашевтар, бірінші орын қазталовтық Ерекешовтер отбасына бұйырса, бас жүлдені оралдық Алмағамбетовтар отбасы иеленді. Жеңімпаз отбасы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында өтетін байқаудың гранд-балына қатысады.
«Ақ Отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиеваның айтуынша, байқаудың облыстық кезеңіне 26 отбасы қатысты.
-Жеңімпаз, жүлделі орындарға қоса, әр отбасыға түрлі аталымдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Жыл сайын байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл жолы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған оралдық Алмағамбетовтер отбасы бір-біріне деген ерекше құрметімен, толеранттылығы, еңбексүйгіштігі, үш тіл білетіндігімен ерекшеленеді, -дейді ол.
Салтанатты шарада байқауға қатысушы барлық отбасылар түрлі аталымдармен марапатталды. Олардың қатарында «Еліне еңбегі сіңген» аталымымен қаратөбелік Қазиевтер отбасы, «Жас ұрпаққа үлгі етер отбасы» аталымымен зеленовтық Табылдиевтер отбасы, «Өнерлі отбасы» аталымымен марапатталған ақжайықтық Бейловтер отбасы бар.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал өңірі»
Фото Темірболат Тоқмамбет