7.05.2020, 18:32
Оқылды: 39

Мереке алдында үлкен сый болды

Біз жылда мамыражай мамыр күндерінде майдан шебінде қасық қаны қалғанша шайқасқан, тылда жанкешті еңбек еткен, зұлмат соғыстан кейін қираған елді мекендер мен халық шаруашылығын қайта қалпына келтірген барлық қаһармандарды еске аламыз. Майдангерлердің ерлігіне басымызды иіп, тағзым етеміз.

8EB5CF9C-5237-4FE9-BACD-E3FCDCAE9D3B

Ал сол аға ұрпақтың арамызда жүргендерін қорғайтын арнайы Заңды күткенімізге ширек ғасырға жуық уақыт өткен-ді. "Сабақты ине сәтімен" дегендей, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында қуанышты хабар да жетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев "Ардагерлер туралы" Заңға қол қойыпты. Бұл ардақты ардагерлеріміз бен оларға теңестірілген жандарға мерекеалды үлкен сый болды. Дәл қазіргі таңда біздің облысымызда 62 соғыс ардагері болса, алты мыңнан астам еңбек ардагерлері бар. Сондай-ақ осыған дейін Ауған соғысы ардагерлері ғана соғыс ардагерлерімен теңестіріліп келсе,  ендігі жерде басқа мемлекеттердің аумағындағы түрлі  ұрыс қимылдарына қатысқандар мен еңбек ардагерлері де осы Заң аясында қорғалмақ. Бұл, әрине,  елеулі өзгеріс, үлкен қуаныш. Осынау барша ардагерлердің мәртебесі енді осы Заңға сәйкес айқындалады.

Тағы бір айта кететін жайт, мұнда Кеңес Одағының Батыры, "Халық қаһарманы", Социалистік Еңбек Ері атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен, "Отан" орденімен наградталған Ұлы Отан соғысына қатысушыларға әскери құрмет көрсетіле отырып, тегін жерлеу және қабірлерінің басына құлпытас орнату құқығы белгіленіпті. Мұндай құрмет те бұрын болған жоқ.

Иә, жастық шақтарын соғыс ұрлаған аға ұрпақтың ерлігі мен ерен еңбектері бүгінгі жастарға өмірлік өнеге. Мұны айтып отырған себебім, бұл Заңда соғыс жылдары белі бекіп, бұғанасы қатпай ауыр жұмысқа тартылғандар да назардан тыс қалмаған. Жасыратыны жоқ,

бүгінде ел жаңарды, тіпті ғасыр жаңарды. Ендеше, заманға сай Заңымызда жаңаруы заңдылық. Тек енді осынау  заң тетіктері ел мүддесіне толық қызмет етсін деп тілейік.

Мырзағали Мұхамбетов,

облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале