Бүгін Зашаған кентінде тоғыз қабатты, 117 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 6852,81 шаршы метрді құрайтын көп қабатты тұрғын үйдегі баспаналардың 36-сы бір, 54-і екі, 27-і үш бөлмелі пәтерлерді құрайды.
Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бой көтерген тұрғын үй құрылысын «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС жүргізген. Баспана құрылысы уақтылы аяқталғанымен, құжаттандыру жұмысы көп уақыт алған. Көптен күткен пәтерлерінің кілтіне қол жеткізген қала тұрғындарының қуанышына шаһар басшысы Абат Шыныбеков ортақтасты.
-Бүгін қаламыздың 117 тұрғыны жаңа пәтерлерін иемденіп отыр. Мұны біз жергілікті халықты сапалы баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның кезекті нәтижесі деп білеміз. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы еліміздің әр өңірінде сәтті жүзеге асып келеді. Бір кездері Зашаған кенті қалаға іргелес орналасқан шағын ғана аудан еді. Соңғы жылдары аталған кенттен бірнеше көп қабатты үйлер, мектептер мен балабақшалар, емхана, спорт нысандары мен сауда орталықтары секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, әсем шағын ауданға айналды. Көптеген көшелерге сапалы жолдар төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы алты айтың ішінде осы Бірлік көшесі бойынан сегіз көп қабатты тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Әлі бірнеше үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Осы маңнан «КПО б.в» компаниясының қаражаты есебінен заманауи спорт кешені салынуда. Сонымен қатар жақында жеке инвесторлардың күшімен «Алтындар» гипермаркеті ашылды. Шағын аудандағы халық санының артуына орай мектептер мен балабақшалардың қатарын арттыру жоспарға енгізілді. Құрылысы жүргізіліп жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан халыққа қажетті емханалар мен балабақшалар ашуды да көздеп отырмыз. Бұл аталған жұмыстардың барлығы халықтың жақсы тұрмыс кешуі үшін жасалып жатқан игі істер. Бүгінгі пәтер иелерін жаңа баспаналарымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан бақ пен береке кетпесін! Баршаңызды кешегі өткен Көрісу күнімен, алдағы Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! -деді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Мұнан соң шаһар басшысы баспаналы болғандарға пәтерлердің кілтін табыстады. Салтанатты шараға жиналғандар су жаңа тұрғын үйдің ішін аралап көріп, қоныс той тойлаушы ағайынның дастарханынан дәм татты.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz