Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй «Орал қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісіне көшу» туралы айтты. Оның мәліметі бойынша, шаһарда 1248 үй бар. 24 үйде меншік иелері бірлестігі, 374 үйде жай серіктестік құрылды. Қалған 707 үйге 106 пәтер иелері кооперативтері, көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші компаниялар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар басқару нысаны жоқ 143 үй бар.
Осы уақытқа дейін қала тұрғындарына жаңа басқару нысанын түсіндіру мақсатында 1017 үйде жиналыс өткізілді. Оған қоса БАҚ, интернет құралдар және әлеуметтік желілер арқылы инфографикалар жарияланды. Қазіргі уақытта жаңа басқару нысанын қала тұрғындарына түсіндіру жұмысы толассыз жүргізілуде.
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» бағытының 143-тармағына және ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңындағы өзгерістерге сәйкес қала тұрғындары өздерінің көп қабатты тұрғын үйлерінде жиналыс өткізіп, ПИК орнына жаңа басқару нысандарын – мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті құруы тиіс. Ал бұл бағыттағы негізгі проблемалар – тұрғындардың белсенділігінің төмендігі, кворумның жиналмауы, сондай-ақ тұрғындардың кондоминиум объектісін басқару және күтіп ұстау жөніндегі жауапкершілікті қабылдауға деген ықыласының болмауы (кемінде 3 адамнан тұратын үй кеңесін сайлау, сондай-ақ МИБ/ЖТ төрағасын таңдау). Заң аясында ПИК қызметі 2022 жылғы 1 шілдеден кейін тоқтатылады. Осыған байланысты тұрғындар жаңа талап күшіне енгенге дейін ПИК құрамында қалуды жөн көруде, – деді Мирас Мүлкәй.
Нұрлан Ғаппар,
zhaikpress.kz