«Андас» оқу орталығында InDrivе жолаушылар тасымалы сервисінің мобильді қосымшасын жасаушы Арсен Томский жергілікті студенттермен және IT қоғамдастық өкілдерімен кездесті.
Сурет: wikipedia.org
Томский жасаған қосымша әлемнің 50-ге жуық елінде табысты жұмыс істейді. Кәсіпкер былтыр 920 миллион доллар табыс тапқан. Қазіргі таңда Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің ондығына кіреді. Мультмиллионер студенттерге өз мансабының басы және алға қойған өршіл мақсаттары жайында әңгімеледі. Арсен Григорьевич Сібірдің Якутск қаласында дүниеге келген, бірақ шағын қаланың орталықтан шалғай орналасуы талантты кәсіпкерге 1,23 миллиард долларлық компания құруға кедергі болмады. А. Томский – ісін нөлден бастаған жан.
– Якутск – ең суық қала. Кейде аяз -50 градусқа дейін жетеді. Онда өмір сүру оңай емес және ол жақта жаңа жобаны жүзеге асыру қиын. Десе де біз ең көп сұранысқа ие қосымшалардың бірін жасадық. Біздің компанияның тарихы 2012 жылы басталды, қатты аяз кезінде такси қызметін ұсынушылар өзара келісіп, жолақыны өсірді. Ондай қадам қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Содан кейін аутокөліктері бар жастар ВКонтакте желісінде арнайы топ құрып, А нүктесінен В нүктесіне жету құнын жолаушылар өздері жаза алатындай жағдай жасады. Жастардың бұл бастамасы қолдау тапты. Топ танымал бола бастады, қатысушылар саны тез арада 50 мың адамнан асты. 400 мыңға жуық халқы бар шағын қала үшін бұл серпіліс еді. Сол кезде мен ІТ саласында қызмет етіп жүрдім. Содан желідегі тапсырыстарды жүйелеп, қызметті жақсарту туралы ойлана бастадым. Адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатындығы туралы идея пайда болды. Мен оны жүзеге асырдым, – деді Томский. Кәсіпкердің айтуынша, ол ешқандай жарнамасыз адамдар кіріп, топты қолдана бастайтын әлеуметтік құбылысты көргенін атап өтті.
Кәсіпкер өнімді жасау кезінде ақша алу ғана емес, қажетті және пайдалы нәрсе жасау мақсатын көздегенін айтты.
– Өмірде не істесеңіз де, бәрінде терең мағына болуы керек, сонда ісіңіз ойдағыдай болады. Біздің компаниямыздың құрылуына такси жүргізушілердің әділетсіздігі түрткі болды. Мағына бар жерде күш бар, – деді Томский.
Кездесу барысында кәсіпкер өзінің басқа жобалары мен бизнес идеялары туралы да айтты. Студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оған жауап ала алды. Қазірдің өзінде бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырып келе жатқан компания жаңашыл бастамаларды қашанда қолдауға әзір.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»