18.10.2022, 9:16
Оқылды: 35

«Міндетіміз зор, мақсатымыз биік»

DSC_0166

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО филиалы  –  Ақ Жайық өңірінің талантты да өнерлі,  шымыр да қайратты өрендерінің басын қосқан ұйым.  Ол кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда өзінің жемісті еңбегімен  республикада үздік танылған үш ұйымның біріне айналды.  Филиал төрағасы Айдар Тапашұлы Батырханов ұйымның жұмысы туралы былай деп әңгімелейді:

-Кәсіподақ жұмысының қалай жүзеге асатыны жөнінде қысқаша айтып өтейін. 2014 жылы Кәсіподақ туралы заң жарыққа шықты. Біз сол заңды басшылыққа ала отырып жұмыс атқарамыз. Оған бірнеше қайтара өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Әлі де өзгерістерді қажет етеді. Оған қоса, ҚР Еңбек кодексін басшылыққа ала отырып жұмыс жасаймыз. Еңбек кодексінің аясы бұрынғыдай кең емес, сондықтан еңбеккер мен жұмыс берушінің қарым-қатынасы ұжымдық шарт арқылы реттеледі. Ұжымдық шарттың өзі салалық келісімдер негізінде құрылады. Басқа салалық кәсіподақтардан мәдениет кәсіподағының айырмашылығы – Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының  төрайымы Светлана Иманқұлова мен Мәдениет және спорт министрі арасында қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім бар. Осы негізде облыстық мәдениет және спорт басқармаларымен аймақтық келісім жасалады. Оның  нәтижесінде ұжымдық шарт жасақталады. Ұжымдық шарттың негізгі мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Тек Мәдениет министрлігі ғана емес, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрімен де осындай келісім жасалған. Осыған орай әр ұжымдық шарт әр саланың ерекшелігіне байланысты жасақталып қабылданады. Бұл келісімдер ұжымдық шартпен қатар, кәсіподақ жұмысын ұйымдастыруға да көп көмегін тигізеді.

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы кеңестер одағының тарап, тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында басқа да қоғамдық ұйымдар сияқты көптеген кедергі мен қиындықты басынан өткерді. Кеңес үкіметі тараған соң мәдени ошақтар көптеп жабылып қалды, соның кесірінен мәдениет қызметкерлері жарты күндік жұмысқа көшті. Ол кәсіподақ мүшелерінің санының күрт азаюына әкеліп соқты. Дегенмен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мәдениет ошақтары қайта құрылып, кәсіп­одақ жұмысы қайта жанданды, олардың саны өсіп, сапасы жақсарды. Яғни 2015 жылы кәсіподақ мүшелерінің саны мыңға жетер-жетпес қана болса, бүгінгі күні 5 мыңды құрайды. Алдағы уақытта мүшелер санын әлі де көбейту жоспарда бар.

Айта кетерлік жайт, кәсіподақ ешқандай мемлекеттік құрылымдармен қаржыландырылмайды, тек қана мүшелік жарналар есебінен жұмыс істейді. Ал мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің жалақысы басқа әлеуметтік сала қызметкерлерінікімен салыстырғанда төмен болуынан кәсіподақтың қоржынына түсетін жарна да төмен екені ешкімге құпия емес. Сол себептен кейде ұйым мүшелеріне ауыз толтырып айтатындай көмек көрсете алмай жатамыз. Дегенмен мүмкіндігімізше материалдық көмек беріп, кәсіподақ мүшелеріне қолұшын созып отырамыз, жеңілдіктер мен сауықтыру орындарына жолдама береміз.

Кәсіподақтың 2025 жылға дейін бекіткен өз жарғысы бар. Осы жарғыларды басшылыққа алып, біз өз жұмысымызды ұйымдастырамыз. Оны ұйымдастыратын мекеме қызметкерлері. Олар қоғамдық негізде жұмыс атқарады. Осы орайда көп қиындық туындайды. Себебі қоғамда заңды білу, оны дұрыс бағытта қолдана білу, туындаған мәселені заң аясында шешу тақырыбы күрделеніп отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің арнайы дайындықтан өтпегендігі кедергі келтіреді. Жұмыс берушілер заңды біліңкіремейді. Осы орайда ұжымдық келісімшарттың нормаға сай жасақталып, барлық жағдайдың ескеріліп, еңбеккер мүддесіне жұмыс жасауы үшін  көп тер төгу керек.

Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін кәсіподақ тарапынан құқықтық, заңнамалық актілерге сай көмек беріп, мейлінше көп ақпарат беруге тырысамыз. Айта кететін бір жайт, кәсіподаққа үкімет тарапынан үлкен бетбұрыс қажет. Заңда да кәсіподақ мемлекеттік құрылым емес екендігі, жұмыс берушілердің басқа да бірлестіктер мен саяси партиялардың бақылауында болмайтындығы көрсетілген. Соған байланысты кәсіподақтың жұмысын ұйымдастыруда ескере кететін бөлек специфика бар. Жұмыс барысын ұйымдастырудағы басты принципіміз – адами факторды ескере отырып, барынша әділ және нәтижелі жұмыс атқару. Келісім комиссиясы барлық деңгейде жақсы жұмыс жасаған жағдайда, кәсіподақ үдерістері оңай реттеледі.

«Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағына қалай кіреді?» деген сұрақ бізге  жиі қойылады. Кәсіподақтың құрамына кіруге ерікті түрде ниет білдірген және кірген, оның жарғысын мойындайтын және сақтайтын, мүшелік кәсіподақ жарналарын төлейтін жеке тұлға  кәсіподақтың толыққанды мүшесі болу үшін өз жұмыс орнындағы кәсіподақ ұйымына кіруге ниет білдіруі жеткілікті. Егер аталмыш жұмыс орнында кәсіподақ ұйымы болмаған жағдайда, кез келген ұйым, қызметкерлер саны 3 адамнан асса, кәсіподақ құра алады. Олар өз саласы бойынша жергілікті салалық ұйымға бастауыш кәсіподақ ретінде тіркеледі. Сол арқылы ары қарай кәсіподақ мүддесіндегі өз қызметтерін атқара алады.

Осы арада «Бастауыш ұйымдардың жағдайы қалай? Облыс әкімдігі тарапынан оларға қандай қамқорлық көрсетіледі?» деген тағы бір сауалдың шеті көрінуі мүмкін. Біз тұрақты түрде бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Оларға ұжымдық шарт жасауда, еңбеккер құқықтарын қорғау, материалдық тұрғыдан көмек көрсету бағыттары бойынша кеңестер береміз. Алда кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбеккерлерге көмек бере алуы үшін арнайы сабақтар беріп, онлайн және офлайн кеңестер өткізу жоспарымызда бар.

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз екендігі ешкімге құпия емес.  Осы жағдайды өзгерту үшін үкіметіміз бен мемлекетімізге қандай ұсыныс білдіре аламыз деген мәселені біз күн тәртібінен түсірмей келе жатырмыз. Бұл орайда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Бүгінде БЖСМ, спорт мектеп-интернаттары, колледждер жаттықтырушы-оқытушыларының және басқа да спорт қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті, 2023 жылы тағы 50%-ға артады. Білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің орта және кіші медициналық қызметшілеріне жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына 12 күнтізбелік күн мөлшерінде қосымша демалыс күндері  беріледі.

Заңнамалық тұрғыдағы өзгерістерге көп күш және уақыт қажет. Еңбегіміз жемісін беріп, нәтижелері қуантарлықтай болып, еңбеккерлердің мүддесі мен мәртебесінің көтерілуі – біз үшін үлкен жетістік.

Біздің сала бойынша үздік кәсіподақ ұйымдары жайлы да  айта  кеткенім  жөн.Облыс орталығынан шалғай жатқандарына  қарамастан, Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандары кәсіподақ жұмысын жоғары деңгейде атқаруға күш салуда. Үнемі ізденіп, жұмыстарын жаңша ұйымдастыруға ұмтылған олар жақсы көрсеткіштерге жетуде. Олар кәсіпорын ішіндегі қарым-қатынас, еңбек дауларын шешу, еңбеккерлердің мүддесін қорғау, дұрыс жасалған ұжымдық шарт тұрғысынан өте жақсы нәтижелерге ие. Мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, еңбеккерлердің жұмыстан тыс уақыттарын пайдалы, нәтижелі өткізуіне атсалысады.

Бір қуанарлығы, мәдениет ошақтары көптеп салынып жатыр. Ескілері жаңартылып, қалыпқа келтірілуде. Өткен онжылдықпен салыстырғанда әрбір ауыл мәдениет үйімен қамтамасыз етіліп, мәдениет қызметкерлерімен толықтырылуда. Мемлекет тарапынан ауыл-аймаққа барған мамандарға баспана беріліп, бір реттік көтерме жәрдемақы ұсынылады. Бұл үлкен мүмкіндік. Ал кәсіподақ сол еңбеккерлер мүддесінің толықтай сақталуын қадағалайды.

Салалық кәсіподақтың алдағы жылдарға қойған мақсаты мен жоспарларына келсек, қызметкерлердің мүддесін заман талабына сай қорғау, нарықтық қарым-қатынасқа сай жалақының өсуі, тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері бойынша жұмыстана береді. Кәсіподақ туралы заң, Еңбек кодексі, еңбек адамының мүддесін қорғау мақсатында жасалынып жатқан іс-шаралардың бел ортасынан табылу – біздің басты міндетіміз.

Әдемі Жарасова,

БҚО «Кәсіподақтар орталығының»
баспасөз  хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале