Әлі күнге міндетті және ерікті вакцинаның ара жігін ажырата алмай жүргендер көп. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Дана Нұржігіт айтты.
«Біріншіден, Кодекс аурудың алдын алу емес оның салдарымен күреске көбірек бағытталған тәрізді. Мұны айтуыма себеп - азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратын баптардың аздығы. Мысалы, уақтылы дәрігерге қаралып, денсаулығын күтетін азаматтарға Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында ынталандыру бонустарын енгізуге болар еді», – деді сенатор «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексін талқылау барысында. Екіншіден, Дана Нұржігіт жалпы кодексті халыққа түсіндіру жұмыстары әлсіз жүргізілгендіктен қоғамда екіұшты әңгімелер көбейгеніне баса назар аудартты.
«Мысалы, кодексте азаматтардың емделуге және басқа да медициналық араласуларды жүргізуге, хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тарту құқығы қарастырылған деп жазылған. Ал бұл норма азаматтарымыздың екпеден бас тарту құқығын қаншалықты қамтамасыз ете алады? Қоғамда қызу пікірталас тудырған да кодекстің дәл осы тұсы ғой. Қазірге дейін міндетті және ерікті вккцинаның ара жігін ажырата алмай жүргендер көп. Ал бұл мәселені халыққа жеткізетін медицина саласының салмақты сарапшылары мен бетке ұстар медицина мамандары, ғалымдар, әсіресе, қазақ тілді мамандар түсіндіру жұмыстарына белсенді араласып отырған жоқ деп олаймын. Осы енжарлықтың салдарынан көпшілік міндетті вакцинаны мәжбүрлеу деп түсініп жүр. Сондықтан меніңше, біз бүгін талқылап отырған кодекс жобасында ешқандай мәжбүрлі түрде жүргізілетін вакцинацияның болмайтындығы туралы түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Жалпы БАҚ-та медицина қызметкерінің ұлт дәрігері дәрежесіндегі медиатұлғасының жоқтығы осындайда білінді. Қазақстан медицинасының келбетін қалытастыру, дәрігер мәртбесін көтеру осы саладағы тұлғатанудан басталуы керек. Бізде халыққа сөз айтатын, халық денсаулығына өмірін арнаған, ғылымның, білімнің, ағыртушылықтың жолында жүрген дәрігер жоқ дегенге сенбеймін», – деді ол.
Сенатор үшіншіден, жауапкершілік мәселесіне назар аудартты. «Ата-ана не баланың заңды өкілі екпеден бас тартуына болады. Ондай құқығы бар. Ал ертеңгі күні сол адамдар өздері ауруға шалдығып, айналасындағыларға жұқтырып не болмаса адам өліміне әкелетін жағдай тудырса, олардың жауапкершілігі қандай? Бұл мәселені болашақта ескеру қажет», – деді Дана Нұржігіт.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер