Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев астық пен ұн экспортына енгізілген шектеулерді алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сурет: ҚазАқпарат
«Қыркүйекте қазақстандық астық пен ұнға шетелдік нарықтар қайтадан ашылуы мүмкін. Олай дейтінім, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға бидай мен ұнды шығаруға енгізілген шектеу шараларын алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Біздің бұл бастамамыз келесі аптаның басында комиссия отырысында талқыланады», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Ербол Қарашөкеев министрліктің бұл шешімі немен байланысты екенін түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда 30 қыркүйекке дейін 550 мың тонна астық және 370 мың тоннадан аспайтын ұн шығару квотасы енгізілген.
«Бұл шектеулер енгізілген кезде біз, ең алдымен, күрделі халықаралық жағдайды ескере отырып, ішкі нарықта азық-түлік дағдарысын болдырмай, сақтауға тырыстық. Оның үстіне, сол кезде Қазақстанда өнімнің қандай болатынын болжап білу мүмкін болмады. Қазір жағдай өзгерді. Бүгінгі бидайдың жалпы түсімінің оптимистік болжамы шамамен 13 млн тонна көлемінде болады деп отыр. Бұл - өткен жылдың көрсеткішінен едәуір көп. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге астық пен ұнды шетелге шығаруға рұқсат беруді орынды деп санаймыз. Себебі былтырғы қалдықтарды қоса есептегенде, биылғы өнім қазақстандық және экспорттық нарыққа да жетеді. Сондықтан, алдағы өтетін жиында біздің бұл ұсынысымыз қолдау тауып, қыркүйек айында барлық экспорттық шектеулер алынады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді сөзін министр.