24.11.2017, 16:00
Оқылды: 56

Министр БҚО-дағы жұмыспен қамту бағдарламаларының жүзеге асуын тексерді  

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орал қаласына келген іс-сапары барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысымен танысты.

 Аталған басқарма басшысының орынбасары Айнұр Қазмұханова Астанадан келген министрге атқарылып жатқан қызмет жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, биыл жұмыспен қамту орталығына тоғыз мыңнан астам адам жолығып, оның 2800-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал әлеуметтік жұмысқа - 124, жастар тәжірибесіне - 685, қоғамдық жұмыстарға - 1300-ге жуық азамат орналастырылған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1002 адам қысқа мерзімдік оқуға жолданыпты. 2018 жылы 1780 жанұяны атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Электронды кезектің тиімділігін тексерген Тамара Қасымқызы компьютерлік базаны жүргізудің дұрыстығына да мән берді.

-Жыл басынан бері 2600 мекеме 12 мың жұмыс орнын ұсынған болатын. Бүгінде 300-ден астам мекемеде 1500 бос орын бар. Олардың көпшілігі мемлекеттік мекемелер. Жұмыс жасауға дайын азаматтар өздерімен бірге жеке куәліктерін, еңбек кітапшаларын және дипломдарын алып келулері тиіс. Кейін олармен әлеуметтік келісім жасап, жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Егер отбасында анасы бала тәрбиесімен отырған болса, жолдасын жұмысқа орналастырамыз. Олардың балаларын ескеріп, шартты әлеуміттік келісім жасасамыз, осылайша атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Ал әйелі бала бағып, отағасы мүгедек болған жағдайда шартсыз әлеуметтік көмек беріледі. Азаматтармен жұмыс жасау қолайлылығын арттыру мақсатында барлығын компьютерлік базаға енгізіп отырамыз, - дейді Айнұр Мұхамбетқалиқызы.

Сала мамандарының қызметімен толық танысқан Тамара Қасымқызы оларға жұмысты тиімді атқаруды тапсырды.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале