
Сурет: baq.kz
Белгілі болғандай, ұшақ ұшу жолағына бет алған сәтте қыздың жағдайы кенет нашарлап, қан қысымы көтеріліп, жүрегі айни бастаған.
"Стюардесса! Стюардесса! Жолаушының жағдайы нашарлап барады, дәрігер керек!" деген дауысты естіген сәтте бортта отырған Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дереу көмекке ұмтылған. Ол қыздың қан қысымын өлшеп, алғашқы көмекті көрсетіп, ұшақ толық көтерілуге дайындалмай тұрып-ақ жолаушының есін жиғызды, – дейді оқиғаға куә болған жолаушылар.
Стюардессалар салфетка мен пакеттерді жылдам жеткізген. Қыздың жанында отырған құрбысы да қолдау көрсетті. Министрдің тәжірибесі мен кәсіби әрекетінің арқасында жолаушының жағдайы біртіндеп тұрақталған. Жолаушылар көмек көрсеткен әйелдің министр екенін кейін білген.
Рейс жолаушылары жағдайдың сәтті аяқталуына Ақмарал Әлназарованың жедел шешімі мен кәсібилігі себеп болды деп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі де болған оқиғаны растады.