Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын аутожолды күрделі жөндеу мәселесін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауға алғаны мәлім. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірімізге келген уақытта облыс әкімі Ғали Есқалиевке жол жөндеуге қатысты түйткілдердің жыл бойы шешімі табылмай келе жатқанына байланысты сын-ескертпе жасады. Облыс тұрғындары жол құрылысының мерзімінен кешігуіне байланысты наразылық білдіріп келеді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Күрежолдағы күрсініс» мақаласын оқу арқылы мәселенің мән-жайын білген Президент жауапты шенеуніктерді жазасыз қалдырмауға пәрмен берген еді. Көп ұзамай Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысындағы аутокөлік жолдарын жөндеуге қатысты тапсырмаларының уақытында орындалмағаны үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев қызметінен босатылды.
Аутожол төңірегіндегі дау-дамайға байланысты бірқатар сауалды аталған министрлікке жолдадық. Бір аптадан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Руслан Баймишевтің атынан жауап хат жетті.
Бұған дейін де мәлім болғанындай, Берік Қамалиев те аутожолды күрделі жөндеудің тоқырауын пандемияның салдарымен байланыстырған. Руслан Баймишевтің назарға ұсынған кейбір деректерді нақтылау мақсатында қосымша сауалдарды жолдауға тура келді. Оның алдында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаевқа:«ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 7 сәуірдегі Жарлығы бойынша орталық атқарушы құрылымдардың басшылары жыл бойы халықпен тұрақты кездесуі тиіс. Егер қандай да бір өңірде жетекшілік ететін салада жағдайдың нашарлау тәуекелдері болжанған не туындаған жағдайда халықпен кестеден тыс кездесу өткізуі тиіс. Республикалық маңыздағы аутожол құрылысындағы түйткілдерге байланысты облыс және Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарының тұрғындарымен кездесу өткізесіз бе?», – деген сұраққа министрліктің берген жауабын қаз-қалпында жариялауды ұйғардық.
«Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды министрлік ерекше бақылауға алып отыр. Аудан тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, өкпе-наздарын тыңдау үшін кездесулер өткізу көзделген», – делінген ресми хатта. Басқа да сұрақтарымызға толық жауап алғасын, бұл бағытта көлемді материал жариялаймыз. Республикалық аутожол мәселесі облыстық газет редакциясының ұдайы назарында болады.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz