Батыс өңіріне республикалық қоғамдық қабылдау мүшелері келді.
Бүгін «АМАNAT» партиясы мобильді қабылдау бригадаcы Батыс өңіріндегі шалғайдағы Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылы, Бәйтерек ауданы, Макаров ауылы, Бөрлі ауданы, Жарсуат ауылы, Теректі ауданы, Долинное ауылы, Шыңғырлау ауданы, Ақбұлақ ауылдарының тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін білдірді. Сондай-ақ тұрғындар Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жөнінде де толық ақпарат алды.
Долинное ауылының тұрғындары негізінен ауылға газ және су құбырларын тарту, негізгі трассаның құрылысы, ауылішілік жолдарды жөндеу, мәдениет үйі және ауылдық амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу секілді мәселелерді ортаға салды. Жалпы бұл ауылда 1 мыңнан астам тұрғын бар екен. Ауылға жастарды тарту мәселесі де қазіргі таңда өте өзекті болып қалуда. Себебі аталған ауылда егде жастағы адамдар көп тұратыны белгілі болды.
- Ауылымыздың табиғаты да тұрғындары жақсы. Осы соңғы жылдары ауылымызға газ тартылғанда тұрғындардың қуанышында шек жоқ болды. Ендігі негізгі әрі өзекті мәселе – су мәселесі. Түгел ауылға тек 5 колонка бар. Ол барлығымызға, әрине, жетпейді және алыс орналасқан. Сондықтан тұрғындардың көбі колонкадан емес, Жайық өзеніне барып су алады. Ал ол өзеннің суының жағдайын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Енді не істейміз, басқа амал жоқ. Осы іс-шараға келуімнің басты себебі осы. Бір жақсы жаңалық болып, шешімін табар деген үміттеміз, - деді ауыл тұрғыны Кирилчюк Валентина.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбайдың айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдап, атқарушы органдармен бірлесіп мәселенің шешімін табу.
- Бүгінгі таңда Жаңа Қазақстанды құру аясында партия мемлекеттің дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлесін қосуда. Партияның мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерін құрудың мақсаты – шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарының мәселесін республикалық деңгейде шешімін табуға мүмкіндік беру. Мұндай тәжірибе өз жемісін еліміздің 14 өңірінде көрсетіп үлгерді. Оның қорытындысы бойынша жергілікті жерлерде жұмысқа орналастыру, автобус қатынасын ашу, кенттік маңызы бар жолдарды орташа жөндеу сияқты мәселелер сол арада шешімін тапты. Партия аймақтық деңгейде шешілмейтін барлық мәселелерді республикалық қоғамдық қабылдау арқылы көмек көрсетіп, республикалық деңгейде қарастырылады. Біз партияның облыстық, аудандық филиалдарына бара алмайтын шалғай ауылдарға ерекше назар аударамыз. Мұндай сапарлар ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді. Мысалы, Долинное кентінде адамдар бөгетке, кенттік маңызы бар жолдарға, ауыз судың сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Бүгін көтерілген барлық мәселелерді біз қосымша қаражат бөлу үшін республикалық деңгейге көтереміз және қадағалайтын боламыз. Мұндай сапарлар ауылдық жерлердегі көкейкесті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, мобильді қабылдау осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы 25 ауылдық округтерде өтті. Қабылдауға аудан, ауыл, қала әкімдері, орынбасарлары, партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардың атқарушы хатшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері белсене атсалысуда. Жыл соңына дейін 30 ауылды қамту көзделген.
«AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі