Мобилографтар арасында «Еңбек адамы» байқауының ережесі
Адамның маңдай тері мен қажырлы еңбегін мәңгі есте қалдырудың ең әсерлі жолдарының бірі – заманауи мобилография өнері. Техниканың мүмкіндігі мен автордың жүрек жылуы тоғысқанда, қарапайым кадрға тұтас дәуірдің тынысы, еңбек адамының бейнеті мен абыройы сыйып кетеді.

Сурет: pexels.com
Ал бұл байқау – еңбек адамын ұлықтаудың, ұрпақ санасына құрмет ұялатып, жаңа технология мүмкіндігін игере отырып өнеге тастаудың бірегей тәсілі. Шығармашылықтың осынау ерекше түріне айрықша мән беріп, мобилограф жұмысы арқылы еңбек адамдарын ұлықтау мақсатында БҚО Қоғамдық даму басқармасы мен «Жайық Пресс» ЖШС бірлесіп 2025 жылдың 15 тамызы «Еңбек адамы» тақырыбында байқау жариялайды.
«Еңбек адамы» тақырыбы бойынша өткізілетін бейнебайқау
Ережесі
1.1. Байқау ұйымдастырушылары – «Жайық Пресс» ЖШС (бұдан әрі – Ұйымдастырушы. Мекенжай: БҚО, Орал қаласы, 090000, Орал қ., Мұхит көшесі, 57/1.
1.2. Байқауға жас ерекшелігіне, мамандығына және қызығушылықтарына қарамастан, БҚО аумағында Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатын барлық кәсіби және әуесқой мобилограф қатыса алады.
1.3. Байқау 4 кезеңнен тұрады.
1-кезең. Байқауға қатысушы үміткерлерді тіркеу кезеңі. Байқау жарияланған күннен бастап ұйымдастырушының 2015_kb@mail.ru электрондық поштасына төмендегі формада мәліметтер жіберілуі тиіс:
| 1 | Аты-жөні, фотосы | |
| 2 | Байланыс нөмірі | |
| 3 | Тұрғылықты мекенжайы | |
| 4 | Қатысушының кемінде 5 жұмысының сілтемесі
(отбасылық той, ұжымдық кештерде түсірілген бейне контенттерден басқа) |
2-кезең. Қатысушыларды іріктеу кезеңі. Ұйымдастырушының шешімімен құрылған комиссия тіркелген үміткерлердің мәліметтеріне және жарияланған жұмыстарын саралап келесі кезеңге қатысатын кемінде 5 мобилографты айқындайды.
3-кезең. Қатысушыларға шеберлік сабағы мен шығармашылық жұмыстар кезеңі. Іріктеуден өтіп, келесі кезеңге қатысушы мобилографтарға шеберлік сабағы өткізіліп, сертификат беріледі.
Ұйымдастырушы айқындалған мобилографтарға «Еңбек адамы» тақырыбында бір типті сценарий негізінде әрбір қатысушыға кемінде 2 мамандық иесі бекітеді.
Мобилографтың жұмыстары Батыс Қазақстан облысы аумағында түсірілген болуы тиіс. Көрсетілген жұмыстарда еңбек адамының келбеті, күнделікті іс-әрекеті мен оның қоғамдағы рөлін ашып көрсету маңызды. Бір автордан ұсынылатын үш жұмыс мазмұны жағынан әртүрлі болуы мүмкін.
Қатысушы әр мамандық иесіне жеке дара бейнеконтент дайындап #бқомамандары2025 хэштегімен өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялап, ұйымдастырушыға бейне контенттің түп нұсқасын және жарияланған сілтемесін жолдауы тиіс.
4-кезең. Жеңімпазды анықтау кезеңі. Комиссия қатысушылардың әлеуметтік желідегі жарияланған бейнеконтенттердің сапасын, мазмұның және оқырмандардың әсерінің нәтижесін саралап жеңімпазды айқындайды.
1.4. Байқаудың мерзімі.
- басталуы: 2025 жылдың 15 тамызы күні.
- 1-кезең мерзімі. Қатысушылардың тіркелу кезеңі 2025 жылдың 15 тамызынан 2025 жылдың 25 тамызы сағат 18.00-ге дейін.
- 2-кезең мерзімі. Іріктеу мерзімі 2025 жылдың 26 тамызынан 28 тамыз аралығы (3 жұмыс күні).
- 3-кезең мерзімі. Қатысушылардың бейнеконтент дайындап, жариялауы 2025 жылдың 29 тамызы мен 2025 жылдың 20 қазан аралығы.
- 4-кезең мерзімі. Ұйымдастыру комиссиясы 2025 жылдың 21 қазан мен 23 қазан аралығында жеңімпаздарды анықтауы тиіс.
1.5. Байқаудың нәтижесін шығару: 2025 жылдың 23 қазан күні.
1.6. Байқауға қатысушылардың бейнематериалдарына келесідей техникалық талаптар қойылады:
– бейнематериалға ұйымдастырушы ұсынған логотиптер орналастырылуы тиіс;
– видео MP4, MOV форматында ұсынылуы тиіс;
– бейненің ажыратымдылығы 1920×1080 пиксельден төмен болмауы қажет;
– әрбір бейнероликтің көлемі 500 Мb-тан аспауы тиіс.
1.7. Жұмыстар «Мобилографтар байқауына» деген айдармен 2015_kb@mail.ru поштаға жолдануы тиіс.
2.1. Қатысушы байқауға өз жұмысын жібере отырып, фотоның авторы өзі екендігіне және ол ешкімнің авторлық құқығын бұзбайтындығына, сондай-ақ жұмысы бұрын ешқандай байқауға ұсынылмағандығына және ешқандай басылымда/интернет-ресурста жарияланбағанына кепілдік береді.
2.2. Байқауға қатысушылар авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуы бойынша жауапкершілікті өз мойнына алады. Байқауға қатысушының суреттеріне қатысты үшінші тараптан қандайда бір шағым түскен жағдайда қатысушы мәселені өз мүмкіндіктеріне сүйеніп, тиісті шығындарын өз есебінен жабу арқылы шешуге міндеттеледі.
2.3. Қатысушы байқауға өз жұмысын жібере отырып, байқауға қатысуға келісім беретіндігін және осы Ережеде көрсетілген байқаудың шарттарымен келісетіндігін растайды.
2.4. Қатысушы байқауға өз жұмысын жібере отырып, Ұйымдастырушыларға болашақта өз жұмыстарын Ұйымдастырушының сайты (www.zhaikpress.kz) мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында авторлық қаламақысыз және коммерциялық емес мақсатта шектеусіз көлемде пайдалануға келісім береді. Ұйымдастырушылар байқауға қатысушының жұмысын әрбір қолданған кезде автордың аты-жөнін тиісті талаптарға сәйкес көрсететін болады.
2.5. Байқауға жіберілген жұмыс келесідей жағдайларда байқауға қатыстырылмайды:
– видео байқаудың тақырыбына сай келмесе;
– видеоның шығармашылық және техникалық сапасы өте төмен деңгейде болса;
– фото эротикалық мазмұнда болса, сондай-ақ суреттерде зорлық-зомбылыққа, нәсілдік және діни төзбеушілікке шақыру белгілері көрініс тапса;
– анонимді (автор туралы нақты әрі шынайы ақпарат берілмесе) болса.
2.6. Ұйымдастырушылардың тиісті сапалық және техникалық талаптарға сай келмейтін жұмыстарды авторға себебін түсіндірусіз байқауға қатыстырмауға құқығы бар.
2.7. Байқауда жүлделі орын алған жұмыстарды ұйымдастырушылардың өз сайттары мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жариялауға құқығы бар.
3.1. Байқаудың жеңімпаздарын Ұйымдастырушылармен қатар, тәуелсіз сарапшылардан тұратын қазылар алқасы анықтайды;
Байқау марапаттары:
1-орынға 300 000 теңге;
2-орынға 200 000 теңге;
3-орынға 100 000 теңге.
3.2. Байқау жеңімпаздары анықталғаннан кейін Ұйымдастырушылар жеңімпаздарға байқау нәтижесін электронды пошта арқылы хабарлайды.
3.3. Жеңімпаздар жүлделерін алу үшін байқаудың жеңімпазы атанғаны туралы хабарлама алғаннан кейінгі отыз күннің ішінде Ұйымдастырушының мекенжайына өздерімен бірге төлқұжаттарын ала келуі тиіс. Жеңімпаз марапатын алуға өзі келе алмайтын жағдайда, жүлдеге сенімхатта аты-жөні көрсетілген өкілі арқылы немесе ұйымдастырушының электронды поштасына өз төлқұжатының көшірмесін, банктегі есепшотының нөмірін және нақты пошта адресін жіберу арқылы қол жеткізе алады.
3.4. Жеңімпаздар осы Ереженің 3.3 тармағында көрсетілген талапты орындамаған жағдайда сыйлыққа ие болу құқығынан айырылады.
3.5. Егер жеңімпаз Ұйымдастырушыларға банктегі есепшотының нөмірі мен пошта адресін жіберуде қателікке жол беріп, нәтижесінде сыйақы мен сыйлық оған жетпесе, Ұйымдастырушылар марапатты жеткізуде өз міндеттерін толық орындаған болып есептеледі.