14.11.2024, 10:30
Оқылды: 36

Мол балық қырылады-ау енді…

Жақында жол түсіп, Орал қаласындағы бір жекжатымыздың үйінде қонақта болған едік. Үй иесі:

– Жаңақалалық сыйлас ағайынымыз, – деді мені, көпке таныстырып.

– Жаңақалалықсыз ба? Жақында сіздің ауылдың балығының дәмін таттым. Ойбой, өмірімде мұндай дәмді, семіз балық жемеген екем десем өтірік болмас, – деді жанымда отырған қонақтың бірі. Сол-ақ екен әңгіме тақырыбы  балық  жайына  ауысты.

– Рас айтасыз, біз де ауыз тиіп едік, биылғы балығының дәмі ерекше екен. Әрі қатты семіз ғой, басының өзі сары ала сорпа болды, – деді тағы  бір  қонақ.

Біреу еліңді, жеріңді, аң-құсыңды мақтап жатса, қалай марқаймайсың?! Мен де марқайып, шалқайып отырмын. Десе де, осы биылғы балыққа қатысты бір ой жанымды жегідей жеп жүр еді.

Иә, қонақтардың айтып отырғаны айна-қатесіз ақиқат жай. Биыл бізде балық мол, семіз, дәмді екені де рас. Өйткені биыл Қараөзен мен Сарыөзенге 1994 жылдан бері келмеген мол су келді. Арудың жауырынына құлаған қос бұрымындай қатар аққан қос өзен Жаңақала жерін жарып өтіп, ескі арнасымен құмға асты. Біраз жылдан бері кеуіп жатқан Қамыс Самар көлдерінің біразын толтырды. Су – ырыс қой. Басында көлдерге су толып, кемерлегеніне қуанып, мол су құмға сіңіп, ысырап болмаса екен деп, сушылар ісіне күдікпен қарап, қорқып едік. Айтқандай басында қатты келген судың арты арық болды. Артынан дем берер, толықтырар су болмағасын, Мұқыр, Сарыкөл көлдерін толтырып, Самар асқан өзен буланып, кеуіп жатқан құмға сіңіп, күз келгенде үзік-үзік қара суларға айналды. Қызықтың көкесі осы кезде байқалды. Өзен арнасының сай-саласында қалған қара сулар балыққа толы екен. Балық болғанда қандай! Бірыңғай, кіл сазан. Әрі бордақыланған малдай қатты семіз, ерекше дәмді.

Бұл өңірге сазан таңсық емес қой. Бұрын құлаш-құлаш сары сазандарды таңдап ұстайтын. Тек соңғы 15-20 жылда елдің ырысы болған қос өзенге жарытып су түспей, балық түгілі бақа да қалмаған. Қайықтарын төбеге төңкеріп, ауларын қабырғаға ілді. Балық аңсағандар аудан орталығына барып, базардан шабақ сатып әкеліп, өткен күндерін естелік етіп отыратын-ды.

жп су

Мына мол балық естерін шығарды. Үлкендер жағы өз көздеріне өздері сенбей отырғанда, жастар жағы қап-қап балық тасыды. Өздері тойғасын аудан орталығындағы базарды балық сасытты. Алды Орал, Орда ауылдарына апарып сатқандары да болды. Әңгіме ауыл адамдарының балық сатқанында емес, олар не қарық қылды дейсіз. Мәселе – сол тайыз қарасудағы мол сазандар ертең-ақ бауырлап мұз қатса, қырылып қалатынында. Өйткені балыққа бас ауыртатын ешкім жоқ. Балық қорғау инспекторлары дейсіз бе? Қайдам?.. Олар келіп, балық аулағандарға айыппұл салып жүр деп естідік. Текке қырылғалы жатқан балықты аулағандарға айыппұл салғанша, сол мол балықты құтқарудың  амалдарын  жасаса  ғой...

Балық та – байлық. Биыл су тасығанда Ресейдің тоғандары бұзылып, мына мол балық содан келді-ау дейді біреулер. Қалай болғанда да балық мол келгені рас. Енді сол мол балық тайыз қарасулар бауырлап қатса, босқа қырылады, обал-ау!..

Өмірзақ  Ақбасов,

зейнеткер,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале