Моңғолия қазақтарының «Моңғолия қазақтары: достық пен ынтымақтастық жолында» тақырыбымен IV кіші құрылтайы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Отандастар қоры» қоғамына сілтеме жасап.
4-8 шілде аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар қоры» қоғамы ұйымдастыруымен және Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің қолдауымен Ұлан-Батыр, Қобда, Баян-Өлгей аймақтарында Моңғолия қазақтарының IV кіші құрылтайы өтеді. Құрылтай Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында екі ел арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылады.
«Ауқымды шара аясында екі ел ғалымдарының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми конференция, кино және мультфильм апталығы, бизнес-форум, ұлттық ойындар мен мерекелік концерттер өтеді», - делінген қор ақпаратында.
Мәлім етілгендей, Ресейдегі қандастармен де жүздесу жоспарланған.
Мәселен, 8-9 шілдеде Ресей Федерациясының Алтай Республикасындағы қазақтар мекендейтін Қосағаш ауданында және Алтай өлкесі орталығы Барнаулдағы қандастармен кездесу өтіп, рухани кеш ұйымдастырылады.
««Отандастар қоры» қоғамы тарапынан осындай іс-шараларды өткізу елдеріміз арасындағы достық көпірді нығайтып қана қоймай, Моңғолия және Ресей қазақтарының ұлттық бірегейлігін арттыра түсуге және елімізбен рухани байланыстарды нығайтуға да өз үлесін қоспақ», - делінген қор хабарламасында.
Гүлмира Алякпарова