Ұстазым жайлы жазбақ болып ұзақ жүрдім. Жазуды жаным қалағанымен, қаламымның жүрмей қойғанын қайтерсің?! Ұлағатты ұстаз туралы қайғыра қалам тербеудің қиындығы мен жоқтау жазудың ауыр екендігін ет бауырым езіліп, енді ғана сезініп отырмын. Өмірде өзім үлгі тұтып, өнеге алар ардақты адамымнан айырылғаныма сенер-сенбесімді білмей, есеңгіреген күйде жүргенімде жүйріктей жүйткіген жылдам уақыт жылға да жуықтап қалыпты-ау...
Қайыпхан Досқалиев Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжге 2008 жылы оқытушы болып орналасты. Үш ұл мен отыз қыздан құралған біздің топ бұл кезде екі курсты еңсеріп, үшінші курсқа көшкен еді. Басым бөлігі нәзік жандылардан тұратын ұжымға, соның ішінде сол кезде оқытушыларының ортасында бір «отағасысы» жоқ кілең қыз-келіншек қызмет ететін қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына бір ер мұғалімнің қызметке қабылдануы біз үшін таңданарлық оқиға болғаны ойымда қалыпты. Осылайша «Арпа ішінде бір бидай» болып «қамбаға» қабылданып, «диірменге» түскен Қайыпхан Досқалиевтің дидары дүйім студенттің есінде ерекше сақталары даусыз.
Ол кісі қызметке қабылданғанда ұстаздар қатарына ер-азаматтың қосылғанына бір қуансақ, екіншіден, осындай ерекше және кітап «кеміргіш» мұғалімнің сабақ бергені бізге сауап көрінген. Маңғаз жүріп, сырбаз сөйлейтін Қайыпхан Бөлекбайұлының бұрынғының батырларына тән түр-тұрпаты мен болмыс-бітімінің бөлек екендігі өз алдына, тіпті өзін-өзі күтіп-баптауы да біздің бүгінгідей көз алдымызда. Бар өмірін ұстаздықпен өткізгесін бе, өне бойы өң бойын қаққан қазықтай түп-түзу ұстап, қандай жағдайда да қалпынан айнымайтын ұстамдылығы оның ұстаздар ортасында ұдайы ұпайын арттырып тұратын. Салмақтылығына қоса, сауаттылығы қандай!? Шешіле сөйлесе шешендігі, көсіле сөйлесе көсемдігі көрініп, дәріс үстінде дәптерге үңілмей, қағазға қарамай жазыла сөйлегенде жазғытұрым арнасына сыймай ағатын тасқын судай терең білімі көмейінен тасып төгілетін. Басқаларын білмеймін, сол кезде Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовымды» қызыға оқыған өз басым шамама қарамай өзімді Зекеңдей зейінді шәкірт сезінсем, қасқа бас Қайыпхан ағай әйтеуір көзіме Әуезовтей көрінетін.
Біз зиялы деп танитын ақын-жазушылардың оқулықтарда жазылмайтын оғаш мінездері мен қызық қылықтарын бейнелеген «Жазмыш», «Иірім», «Әбілхаят суы», «Келмес күндердің елесі» сынды сабақтан тыс естелік-эсселерді есім кете оқып, оқыған кітаптарым туралы курстастарымның ортасынан ой бөлісіп, кеңесерге кісі таппай жалғызсырап жүргенде «іздегенге сұраған» демекші, «Менің Әуезовімнің» біздің топқа әдебиеттен дәріс оқуы дүйім курстың болмаса да, көбіміздің кітап оқуға әуестігімізді оята түскені сөзсіз. Ағаймен кітап туралы кеңе-сіп, қазақ поэзиясы мен прозасы төңірегінде пікірлесіп, сырласатын досы болып алғанымды қалай жасырайын. Түріктің әлемге әйгілі әзілкеші Әзиз Несиннің есімін алғаш ағайдың аузынан естіп, ол кезде облыстық кітапханадан да табылмайтын сатириктің сирек кітаптарын сол кісіден алып оқығанмын. Мақаламда тоқталғым келіп тұрған басты мәселе де осы мұғалімімнің жинаған бай жеке кітапханасы жайлы. Кітаптың орнын киім, қағаздың орнын бұйым басқан қазіргі заманда ақша үнемдеп кітап жинап, жеке кітапхана жасақтау кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерен ерлік екені бесенеден белгілі. Абыз ақын Қадыр Мырза Әли мен бесаспап ғалым Ақселеу Сейдім-бек сынды алыптардың он мыңға тарта кітап қоры жасақталған жеке кітапханалары бар деп газет-журналдардан оқып таңғалатынымыз болмаса, ол кезде оқытушыларымыз кітап жинайды-ау деп тіптен ойламайтынбыз. Қолынан қалың былғары сөмкесі түспейтін Қайыпхан Бөлекбайұлы бізге әдебиет сабағында үнемі үйінен әкеліп көрнекілік есебінде кітаптарын көрсететін. Мәселен, бір сабақта Бейімбет Майлин туралы баяндаса, классиктің әр жылдары жарық көрген кітаптары түгел Қайыпхан ағайдың қолынан, яғни жеке кітапханасы қорынан табылатын. «Жарық көрген жылдары мен басылған баспасы басқа, тысы бөлек болмаса, іші бірдей кезекпен шыққан кітаптарды қаржы шығындап жинаудың қандай қажеттілігі бар?» деп қайран қалатынмын. Алайда ағайдың жеке кітапханасының өте бай екенін осыдан-ақ аңғаруға болатын еді. Жыл жылжып, ай ағып, күн кідірмей, студенттік шағымыздың шырын сәттері де бір күнгідей болмай өтті де кетті. Қолыма қалақтай қызыл дипломды алып, қала мектептерінің бәрін адақтап шықтым. Бірақ құшақ ашқан ешбіреуі болмаған соң, желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан Бәйтерек ауданына қарасты қиян шеттегі Кирсанов кеңшарындағы негізгі мектепке мұғалім болып орналасып, орыс балаларына мемлекеттік тілді меңгертуге мықтап кіріскен едім. Алайда орыстарды қазақша оқытудың оңай жұмыс емес екендігіне көзім жетіп, көңілім жабырқап, жігерім мұқалып жүрген күндердің бірінде Қайыпхан ағайдың қоңырау шалып, қайда жүргенімнен хабар алып, қуантып қойғаны бар. Одан бері де он жыл бойына, ең болмағанда, жылына бір-екі рет жағдайымды біліп, аман-түгендігімді түгендеп тұруды тұрақты әдетіне айналдырғаны. Ұялы телефоныма кезекті қоңырауы түскенде ұяттан қысылып, ұстазыма телефон шалдырмай, бұдан былай бірінші болып өзім хабарласайыншы деп қанша рет іштей ант-су ішсем де, бас көтертпейтін күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп ұмытып кетіп, тағы да ұятқа қа-латынмын. Мұғалімімнің мені іздеуі соңғы жылдары тіпті жиілей түсті. Бір хабарласқанда өзінің өмір бойы жинаған бар байлығы – кітаптарының көп бөлігін маған беретінін айтып, жиі-жиі хабарласып тұруымды өтінді. Өзімнің де ұлы тұлғаларға ұқсап, жеке кітапхана жинасам деген дардай дәмемен студенттік кездегі шәкіртақымнан тиындап жинаған санаулы кітаптарым болатын. Сол жылдары салған құрқылтайдың ұясындай құжырамның да тұтас бір қабырғасын кітап сөресі етіп жасақтап, үйімдегі үңірейіп тұрған сол бос сөрені толтыратын том-том кітапты қайдан, қалай сатып аламын деп жүргенімде, Қайыпхан ағайдың қарайған байлығын маған қия салмағына қалай қайран қалмассың?! Әлемді әбігерге салып, төрткүл дүниені табанынан тік тұрғызған тәжіндеттің мықтап күшіне мініп тұрған кезінде телефон шалып, пәтеріне сыймағандықтан өзі тұрып жатқан көп қабатты баспанасының жертөлесі мен сатысының астында сақтап келген кітаптарын көпке созбай, тез арада келіп алып кетуімді сұрады. Естігелі бері елеңдеп күтіп жүрген едім, сол күні кешкілік жеке көлігіммен жетіп бардым. Қағаз жәшіктерге ұқыпты қатталған қымбат қазынаны көргенде көңілімде, шынымен де, «Осынша жыл бойына жинаған байлығының барлығын маған оп-оңай қиып бермек пе?» деген күдікті ойдың оянғанын да қалай жасырарсың?! Риясыз ризашылығымды қандай сөзбен жеткізерімді білмей: «Ағай, бұл жақсылығыңызды немен өтер екенмін?», – деп сұрағанымда, «Көзіңдей көр», – деген жалғыз ауыз сөзі құлағымда тұрғандай. Жылдар бойына жинаған жауһар байлығын оңайлықпен қия алмай тұрғандықтан ба, әлде жанына батқан сырқаты болды ма, әйтеуір жабырқаңқы жүзі жанарымда қалды. Жалақымнан қалған соңғы жұрнақ 10 мың теңгені қарайған кітаптың құнын өтей алмағанымен ырымы болсын деп қалтасына салмақ болғанымда, сөмкесінен бақа шыққан Майқановадай ыршып түсіп, шошып кеткені. Сол сәтті соңғы тілдесуім болмағанмен, ақырғы жүздесуім екенін мен ол кезде сезген жоқпын. Қасыма ертіп барған досымның және ағайдың немересінің қолғабыс қылуымен бірнеше жәшікке қатталған кітапты көлікке тиеп, үйге қарай жүйткідім. Жәшіктен шыққан жауһарларды үйдің төріне үйіп, үңірейіп бос тұрған сөрелерге сірестіріп жинап жатырмын, жинап жатырмын. Құдай-ау, қандай кітап керек, бәрі бар. «Күнінде облыстық кітапханадан да таппаған кітаптар енді менде бар» деп масаттанып, шаттанып жүрмін. Еденнен төбеге дейін 7-8 сатыдан тұратын сөрелерге әкелген кітаптар сыймай қалды. Санап көрсем, мұғалімім маған мыңға жуық кітабын сыйға берген екен. Орыстың ұлы ақыны А. Пушкиннің пәниден бақиға аттанарда кітаптарына қарап айтқан ақырғы сөзі: «Қош болыңдар, достарым!» болыпты-мыс. Ал тарихшы-ғалым Тоқтар Бейісқұлов «Қилы заман азабы» кітабында классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің соңғы тұтқындалған сәтінде үйіндегілердің бәрінің бетінен сүйіп қоштасып, тұңғышы Әукенге: «Әукен, сен баланың үлкенісің ғой. Мына бауырларыңа қамқор бол. Менің кітаптарымды сақтап жүр», – деп бауыр еті балаларымен бірге кітаптарын да аманаттағанын жазады. Кітапты баға жетпес байлық, қымбат қазына көрген Қайыпхан ағайдың да ғұмыр бойына жинаған жауһар дүниесін маған «Көзіңдей көр» деп сеніммен аманаттауының салмағы соншалықты ауыр еді. Ағайдың аманат тапсырудағы таңдауы неге маған түсті екен?! Әлде сонау студенттік күнімнен менің кітапқа деген қызығушылығымды қырағы көзі шалып, сезімтал көңілі сезді ме? Оқу орнын бітіргелі бері он бір жыл бойына мұғалімімнің мені жоғалтып алмайын деп жиі-жиі іздеуінің де сыры сол екен ғой. Содан соң ағаймен аратұра телефон арқылы аман-түгендік біліп тұрғаным болмаса, жүзбе-жүз жолықтыруды жаратқан тағдырыма жазбапты-ау. Қазақты арыстай азаматтарынан айырған қатерлі індеттің қадірлі азаматтан да айналып өтпегенін тамағына өксік тығылған өкінішпен жеткізген ұлағатты ұстазым – Қыдырниязова Айман апай. Біз колледжде оқығанда, ол кісі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарып, Қайыпхан ағайды құрдасым деп алақанында ұстаған. Жол үстінде келе жатып қайғылы жағдайды естігенде, осыдан төрт-бес ай бұрын ғана кітаптарын беріп тұрған бейнесі есіме түсіп, көлігімде көңілімді баса алмай еңкілдеп жыладым. Қоштасу рәсімі де сол кездегі карантин жағдайына байланысты жиналған жұрт бір-біріне жақындаудан жасқанып, алыстан амандасатындай оқшау өтті. Сұрастыра жүріп, ұлы Артур ағаға көңіл айтып, ұстазым кітаптарын маған бергенін жеткізіп едім ол кісі де: «Кететінін білгендей кітаптарының бәрін жинап саған тапсырды ғой», – деп жыламсырады. Араға уақыт салып телефон соққан ағайдың сүйген жары Сәуле апай: «Саған беріп жіберген кітаптардың ішінде менің де өте көп кітаптарым болды. Өз кітаптарыңды берсең де, ме-нікін қалдырсаң қайтеді дегенімде ағайың айтқаныма көнбеді ғой», – деп көңілі босады. Сәуле апайдың сөзі ақиқат еді. Себебі кітаптардың көбінің бірінші бетінде Сәуле апайға сыйға берілгенін білдіретін тілек-лебіз бар екенін көргенмін. Мұғалімімнен қалған мыңға тарта қымбат мұра қазір менің қолымда. Қымбат кітаптарды қайта-қайта қолыма алып оқып отырамын. Өзі «Көзіңдей көр» деп аманаттаған Қайыпхан ағайдың асыл қазынасын көзімнің қарашығындай сақтау шәкірттік борышым деп білемін. Қолыма қалам алып мақала жазудағы мақсатым – қалың оқырманға кітап оқитыныма мақтану емес, марқұм ұстазымның кітапқа махаббаты мен бүгінде сағынышқа айналып бара жатқан жарқын бейнесін қағаз бетіне түсіру еді.
Міне, мұғалімімнің мүбәрәк жүзін жердің жасырғанына да жылға жуық уақыт болыпты. Жеке кітапханамды толтырып тұрған кітаптарды қолыма алсам, ұстазымның жарқын бейнесі еріксіз еске түсіп, ойыма осы оқиғалар оралады. Жаныңыз жұмақтан жай тапсын, ұстаз!
Жандос Хамза,
Орал қаласы