Еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Мұнымен қатар, Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды», - делінген бұйрықта.
Айта кетейік, бұрынғы тәртіп бойынша субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Сонымен қоса, жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұрын мұндай норма болмаған еді.
Жаңа қағида бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды:
- жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;
- жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
- жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.