2.12.2025, 16:15
Оқылды: 33

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт кешені ашылды

Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа әрі заманауи спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Былтыр құрылысы басталған нысан корпоративтік «Freedom Шапағат» қорының қаржыландыруымен жүзеге асты. Бұл кешен өңірдегі инклюзивті спорттың дамуына тың серпін бермек. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Freedom Holding Corp» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық паралимпиада және сурдолимпиада федерациясының президенті Азон Шамарданов қатысты.

158d1c49-826e-455d-a421-eab4896a899c

Ерекше спорт нысанының ашылуында сөз алған өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың дене белсенділігін арттыруға бағытталған тапсырмалары аймақта жүйелі атқарылып жатқанын атап өтті.

– Ел игілігіне берілген жаңа нысан инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен адамға деген ерекше қамқор көзқарасының нақты көрінісі. Көп жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы тар ғимаратта жұмыс істеп келді. Соған қарамастан, спортшыларымыз халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғады. Енді олардың әлеуетін толық ашуға жол ашылып отыр, – деді Нариман Төреғалиұлы.

b22657f6-a6d3-441d-99da-8bf4ae4eae02

Әкімнің сөзінше, соңғы екі жылда өңірде 12 спорт нысаны пайдалануға берілген, ал биыл тағы 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін соның бесеуі ел игілігіне тапсырылады.

Салтанатты жиынға арнайы келген Тимур Турлов Орал қаласының қарқынды дамуын атап өтіп, жаңа кешен өңір тұрғындарына арналған ерекше сый екенін айтты.

– Бұл нысан – біздің елге деген жанашырлығымыздың белгісі. Кешен мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, жаңа белестерге жетуіне дем береді деп сенеміз, – деді ол.

Құны 820 млн теңгені құрайтын спорт кешенінің жалпы аумағы – 2025 шаршы метр. Өткізу қабілеті – 60 адам, жалпы сыйымдылығы – 200 адам. Нысан паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлеріне толық бейімделген. Мұнда волейбол, баскетбол, голбол, пауэрлифтинг, бочча, бадминтон, садақ ату, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Кешен базасында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы» ШЖҚ МКК қызмет етеді. Қазіргі таңда клубта 250-ге жуық спортшы жаттығады. Клуб басшысы Қайырбек Ундағановтың айтуынша, олардың 74-і ұлттық құраманың қатарына енген.

– 2016 жылы ашылған клубымыз осы уақытқа дейін тұрғын үйдің астыңғы қабатында жұмыс істеп келді. Енді кең әрі қолайлы жеке ғимарат беріліп отыр. Бұл паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорттың дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз, – деді ол.

Айта кетейік, кешен «EVA Corp.» ЖШС тапсырысымен салынса, құрылыс жұмыстарын «EXCO TEAM» ЖШС атқарған.

Түгелбай Бисен

Фото: Бекзат Қанаділов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале