Сейсенбіде "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының "Кедергісіз келешек" жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Қабылдауға келген 30-ға тарта тұрғын мұң-мұқтажын айтып, толғандырған сұрақтарына тиісті мамандардан тұшымды жауап алды.
Бірыңғай қабылдау күніне облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үлестіру басқармасының, әлеуметтік қорғау департаментінің, Орал қалалық тұрғын үй секторының, «Арба» қоғамдық бірлестігінің, денсаулық сақтау, білім, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері қатысты.
-Маған мүгедектікті тағайындау, жеке оңалту бағдарламасы бойынша сұрақтармен келушілер аз емес. Олардың сұрақтарына түсінік берілді. Мүгедектікті тағайындау үшін азаматтың қолында жеке куәлігі, өздері тіркелген емхананың №031 жолдамасы болуы керек. Содан кейін департаментте сараптамалық қорытынды жасалады. Қазір көп құжат сұрамаймыз. Өңірімізде жалпы – 24272, Оралда – 11250, ауылдарда 13022 мүгедектігі бар адам бар. Соның ішінде 2801-і – мүгедек бала. Облыс тұрғындарының саны 660 мың болса, оның ішінде пайызға шаққанда мүгедек жандар 3,7%-ды құрайды.
Республика бойынша да орташа көрсеткіш – осындай шамада. Облыста 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны 2473 болса, оның ішінде І топта – 55, ІІ топта – 105, ІІІ топта - 168. Балалар арасындағы мүгедектікті тағайындау бойынша 1-орында - туабітті, екінші орында – жүйке, 3-орында психикалық аурулы науқастар тұр. Жылма-жыл да осы туабітті аурулар бойынша алғашқы мүгедектікті тағайындау көп болады. Ал ересектер арасында мүгедектік тағайындауларда 1-орында – онкоаурулар, 2-орында – қан айналымының бұзылуы, 3-орында – жарақат, 4-орында көз аурулары болып отыр.
Әсіресе, соңғы жылдары онкологиялық және қан айналымы бұзылуы дерттерінің көбейіп отырғаны жасырын емес. Оған инфаркт, инсульт аурулары кіреді. Мұндай аурулардың жасарып келе жатқаны алаңдатады, - деді БҚО еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Ардақ Мұқанова.
Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 8 мың адам мүгедектікке куәландырудан өтеді. Олардың 1,5-2 мыңы алғашқы мүгедектікті тағайындауға келеді. «Аурулы жанның баршасына мүгедектік тағайындалмайды. Тек өмір сүру қабілеті шектелген адамға тағайындалады», - дейді Ардақ Ізімқызы.
Оралдық Гүлзада Құрманәлиева бұдан 6 жыл бұрын тұрмыстық жарақат алып, арбаға таңылған. Екі жыл бойы орнынан қозғала алмай, содан кейін арбаға таңылған еді. «Биыл маған екі күрделі ота жасалды. Кәдімгі арбамен жүріп-тұру қиын, сондықтан әмбебап не электрлі арба қажет. Соның жөн-жосығын сұрап, білейін деп келдім. Бәлиғатқа толмаған екі балам бар, оларды бағып-қағуым үшін тұрақты жұмыс сұраймын. Тігінші мамандығым бар. Бұрын спорттың күрделі түрі – пауэрлифтингпен айналысқан едім. Енді денсаулығыма байланысты спорттың жеңілдеу түрімен шұғылдансам деймін. Соның да жайын білуге келдім. Жұмысқа тұруға қатысты қажетті құжаттар жинап, еңбек биржасына барамын. Спорттың да мәселесі шешілді, дойбымен, ми жұмысымен айналысамын. Мамандар арба мәселесіне де қатысты тиянақты жауап береміз деп қалды. Осындай қабылдаулар жиі өтсе екен деймін. Мүгедек жандардың мұңын тыңдайтын шараны өткізген партия филиалына алғыс айтамын, - деді І топтағы мүгедектігі бар Г.Құрманәлиева.
Қабылдауға келушілердің көпшілігінің мемлекеттік қордан тұрғын үй алу және кезекке тұру, кезектің жылжуы мәселелеріне қатысты сұрақтары көп болды. Оларды Орал қалалық тұрғын үй және жекешелендіру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Шайхиев қабылдады. «Қала әкімдігінің жалпы тұрғын үй кезегіне І, ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы ауруы бар азаматтар тіркеле алады. Сол кезекпен пәтер алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлек тұрғын үй салынбайды. Жеңілдік дегенде, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, баспаналы бола алады. Әкімдіктің тұрғын үй кезегінде жалпы 21250 азамат тұрса, оның ішінде І, ІІ топтағы мүгедектер – 1340, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасы – 912, созылмалы аурулы азаматтар – 64, сонда 2316 мүмкіндігі шектеулі жан үй кезегіне қойылған. 2020 жылы екі тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар 28 адам пәтерлі болды. Биыл 15 мүгедек отбасы баспанаға қол жеткізді», - деді Е. Шайхиев.
Бөлім меңгерушісі тұрғын үй кезегінің жылжуына мүгедектігі бар жандардың көңілдері толмайтынын айтады. «2019 жылдан бастап мемлекет көп балалы отбасыларды пәтермен қамтуға жіті көңіл бөлуде. Жыл сайын салынып, іске қосылған тұрғын үйдегі пәтерлердің тең жартысы көп балалы отбасыларға беріледі. Қазіргі кезде 2018 жылы кезекке тұрған баласы көп отбасылар пәтер алуда. Ал І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға келсек, олардың 2004, 2005 жылдары кезекке қойылғандары жалға берілетін, жекешелендіру құқығынсыз үйлерден баспаналы болуда. Соңғы үш жылда көп балалы отбасыларға 400-ден астам жалға берілетін пәтер бөлінді. Өзге санаттағыларға жылына – 40й, 50 пәтер бөлінсе, көп балалы отбасыларға одан 10 есе көп берілуде», - деді Ерлан Шайхиев.
Қабылдауға келушілердің бір шоғыры Даун синдромы бар балаларды үйірмелерге беру, оларды дамытатын түрлі үйірмелер ашу, мүгедектігі бар оқушыларды мектептерде ыстық тамақпен қамту, мұндай ауруы бар ұл-қыздарды мектептерде өзге оқушылармен бірге оқыту мәселелерін көтеріп, білім басқармасының өкіліне жолықты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақова келушілердің тұрғын үй көмегі, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама алу, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандарға және І топтағы мүгедектерге әлеуметтік төлем төлеу, азық-түлік себетін алушылар тізіміне тіркеу мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар бұл күні кестеге сәйкес облыс прокурорының орынбасары Нәби Сарпеков азаматтық істер бойынша шағымы бар тұрғындарды қабылдап, сұрақтары бойынша түсінік берді.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz