ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір әкімдігі мен Karachaganak Petroleum Operating консорциумы арасында Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Суреттер: Үкіметтің баспасөз қызметі
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ғана емес, сонымен қатар өнімді өткізу нарығын кеңейту үшін жағдай жасауға және тиісінше оған қатысушылардың табысын арттыруға ықпал етеді. Бұған KPO ірі мұнай-газ өндіру консорциумы мен өңір әкімдігі арасында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін сатып алу туралы жасалған меморандум мысал бола алады.
«Біздің елімізде көптеген ірі кәсіпорындар жұмыс істейді және олардың барлығында сапалы өнімдерге сұраныс бар. Бұл тәжірибе басқа компаниялар үшін де үлгі болатынына сенімдімін», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде тараптар қол жеткізілген келісімнің өзара тиімділігіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бизнесті қолдау мен дамыту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Бүгінгі меморандум «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар үшін үлкен көмек саналады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерде ірі әрі ең бастысы, тұрақты тұтынушы пайда болды», — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Консорциум басшылығы осы бағыттағы тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
«Экологиялық таза әрі сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алу бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар кәсіпорын қызметіне оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Біздің кеңселеріміз бен зауыттарымыз Батыс Қазақстан облысында орналасқандықтан, бізге жергілікті өнімдерді сатып алу ыңғайлы», — деді Karachaganak Petroleum Operating компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.
Келіссөздер барысында логистика мәселелері талқыланды. БҚО елді мекендерінің қашық орналасуы тауардың түпкілікті құнына әсер ететіні айтылды. Мәселені шешу үшін орталық оператор ретінде «Ақ Жайық» ӘКК-ні қосу туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілерге өнімді тасымалдау кезінде қолдау көрсетілетін болады.