12.04.2017, 16:26
Оқылды: 67

Мұрат Сыдықов қылмыстық жазадан босатылды

13           Орал қалалық сотының 12 сәуірдегі үкімімен БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов ҚР ҚК 195-бабы 4-бөлімі 2-тармағына сәйкес (алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру) айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырмай, екі жылға бас бостандығы шектелді. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы 2-бабы 3-бөлімі 1-тармағы негізінде М.Сыдықов аталған жазадан босатылды.


      Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, М.Сыдықовқа ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) айып тағылған болатын. Яғни Теректі ауданы Пойма ауылында археологиялық қазба жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінген. М.Сыдықов қазба жұмысына адамдар жалдаған кезде еңбек шарты жасалмай, оларды зертханашы-жер қазушы ретінде археологиялық экспедиция құрамына енгізу туралы арыздары алынған. Содан кейін іссапар шығындарын төлеу жөнінде бұйрық шығарылған. Бұл ретте Үкімет қаулысына сәйкес іссапардағы қызметкерге күніне 2 АЕК көлемінде тәуліктік ақы төленуі тиіс. Ал оларға тек 2 мың теңгеден төленген, ал жұмыс уақыты есебі табелі мен төлеу туралы ведомостіге әр жалдамалы қызметкерге 4242 теңгеден төленді деген жалған деректер енгізілген. Осылайша, сотқа дейінгі тергеу органдары М.Сыдықовты 2515210 теңге жымқырды деп айыптады.

     Қылмыстық істі қараған кезде М.Сыдықовтың ұрлау мақсаты болмағандығы анықталды, сол себепті сот оның іс-әрекетін 195-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша бағалауды жөн деп тапты.

      Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  «Мұрат Сыдықовқа қатысты тергеу амалдары өткен жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Содан бері адвокат Ақгүл Қарасаева екеуміз қорғап келеміз. Бастапқыда М.Сыдықовқа бюджет қаржысын жымқырды деген ауыр айып тағылды. ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес қозғалған қылмыс сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар санатына жатады. Ол дәлелденген жағдайда жеті жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Бұл жерде мәселенің мәнісін түсіндіре кетейін. Бюджеттен археологиялық қазба жұмыстарына қаржы бөлінеді. Асыл бұйымдар табылғаннан кейін оны зертханаларға сараптамаға жіберу керек қой. Міне, осыған қаржы қарастырылмаған. Сондықтан Мұрат Сыдықов қаржыны үнемдеп жұмсап, ғылыми зерттеу жұмыстарына алып қалып отырған. Яғни заң бұзуға мәжбүр болған. Бұл жылдар бойы қалыптасқан жағдай екен, бұл жөнінде өзі де тиісті орындарға мәлімдеген. Мысалы, археологиялық олжаларды айыратын Орынбор дала институтымен осындай жұмыстар жасалған. Қылмыстық іс қозғалып, сот басталып кеткеннен кейін аталмыш институт осының алдында аударылған 1,5 млн. теңгені қайтарып берді. Біз осының бәрін алға тартып, сотқа Мұрат Сыдықовтың іс-әрекетін 195-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша бағалауды ұсындық. Сөйтіп соттың көзін жеткіздік», деді адвокат Абзал Құспан.

  Айта кетейік, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов БҚО тарих және археология орталығын 2002 жылғы 22 ақпанда құрылған күннен басқарып келеді. Оның ең басты жетістіктерінің бірі - ортағасырлық қалаларды зерттеудегі еңбегі. Облыс аумағынан бірнеше ортағасырлық қала орны табылса, соның бірі - Орал қаласынан 12 шақырым жердегі ХІІІ-ХV ғасырларға жататын «Жайық» қалашығы. Мұны М.Сыдықов қазіргі Оралдың бастапқы орны екендігін дәлелдеді. Осылайша, Орал қаласының тарихы бұрын айтылып келгендей, 1584 немесе 1613 жылдан емес, әріден, орта ғасырдан бастау алатыны белгілі болды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале