ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экс-банкир Мұхтар Әблязов Қазақстанға қайтарыла ма? Франция мен Қазақстан арасында сотталғандарды экстрадициялау туралы шарт жасалған ба?» деген сұрақ қойды тілшілер спикерге Мәжіліс кулуарында.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда құзырлы органдар М. Әблязовқа қатысты екі қылмыстық іс қозғаған. Біреуі - БТА банк қаражатын жымқыру фактісі, екіншісі – Е. Тәтішевтің өліміне қатысты. Екі қылмыстық іс бойынша да айыптау үкімі күшіне енген соң тиісті экстрадиция тәртібімен Францияның өкілетті органдарына сұраныс хат жолданған. Олардың қаралу сатысы әртүрлі мерзімде, қазір Франция М. Әблязовқа бассауға күшін жойды. Осы және қолданылып жатқан басқа да шаралар септігін тигізеді деп ойлаймын. Сұраныс хаттары біздің қатаң бақылауымызда, біз оған бар күшімізді саламыз», - деді Ж. Өмірәлиев.
Спикердің айтуынша, бұл - Қазақстанның ғана емес, шетелдік құқық қорғау органдарының да жұмысының нәтижесі.
Ертең Бас прокуратура М. Әблязов ісі бойынша арнайы брифинг өткізеді.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда Франция Мұхтар Әблязовке саяси бассауға болудан бас тартты.
Америка алқабилер соты ақша ұрлау фактісі бойынша Мұхтар Әблязовқа $218 млн айыппұл салды.
Фото: kursiv.kz