Армия генералы... Қазақтың арғы-бергі тарихында «армия генералы» дейтін жоғарғы әскери шенге ие болған екі-ақ азамат бар. Екеуі де «Халық қаһарманы» атағын алған тұлғалар.

Алғашқысы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болса, екіншісі – Мұхтар Алтынбаев. Қазақстан Қарулы Күштерін жасақтауға бастан-аяқ қатысқан, қазақ армиясының келбетін қалыптастыруға үлес қосқан алғашқы офицерлердің қатарында болған қайраткер. Мұхтар Қапашұлы КСРО Қарулы Күштеріндегі қызметі барысында генерал шенін алып үлгерген санаулы отандасымыздың бірі еді. Жастайынан ұшқыш болуды армандап, мақсатына жету үшін алған бетінен қайтпаған азамат. Полк, дивизия, корпус командирі, әскери әуе күштерінің, әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болды, екі мәрте салалық министрлікті басқарды. КСРО-да жасалған әскери ұшақтардың көбін тізгіндеді, АҚШ-тың атышулы F-16-сымен де ұшып көрді. Қазақ офицерлерінің білікті екенін дәлелдеді. Біз сексеннің сеңгіріне шыққан генералмен сұхбаттасып, көкейде жүрген бірқатар сауалымызды қойдық.
– Мұхтар Қапашұлы, Қазақстан Қарулы Күштерін құрған азаматтардың қатарында болдыңыз. Әңгімені армиямыздың қалай жасақталғанынан және 1992 жылы сіздің қайда болғаныңыздан бастасақ...
– Біз әңгімені менің Қазақстанға келген кезімнен емес, одан сәл ертеректен бастайық. Біріншіден, Қазақстан тәуілсіздік алған кезде мен Түрікменстанда дивизия командирі болып жүрдім. Әлбетте, еңбек демалысы кезінде елге бірнеше мәрте келгенім бар. Еліміздің Қарулы Күштері құрылардан бұрын бір келгенімде Орталық комитетте істейтін Қайырбек Сүлейменов деген азаматпен жолықтым. Оған өзім жайлы баяндап бердім. «Осындай жерде жұмыс істеймін, генералмын, дивизия командирімін, академия бітіргенмін. Қазақстанға қайтпақ ниетім бар» деген мазмұндағы ойымды айттым. Бірақ ол кісі Қазақстанда маған лайық қызмет жоқ екенін айтып, шығарып салды. Сөйтіп, мен кері қайтуға мәжбүр болдым. Көп кешікпей Мәскеуде офицерлер кеңесі болды. 1992 жылдың қаңтарында Кремльдегі съездер сарайында өтті. Мені де шақырды. Жан-жақтан жүздеген генерал келді. Жиналысқа 4 мың 800-ден астам адам қатысты. Ол кезде КСРО тараған, орнына ТМД құрылған. ТМД Қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып авиация маршалы Евгений Шапошников тағайындалған-ды. Ол кезде КСРО ыдырағанмен, барлық қару-жарақ, соның ішінде ядролық қарулар да армияның қолында еді. Шетелдер, соның ішінде АҚШ, Еуропа барлық күштің армия қолында қалғанынан сескеніп отырған кез. Офицерлер нақты кімге бағынатынын білмейді. «Біз кімге бағынамыз?» деген сауал бар, жауап жоқ. Басқосуға Ресей президенті Б.Ельцин мен Қазақстан президенті Н.Назарбаев келді.
Сол жиналыста мен алғаш рет Сағадат Қожахметұлын көрдім. Қасына барып, өзімді таныстырдым. Таңғалды. «Енді не істейін?» деп едім, жауап бере алмады. Өйткені армия әлі құрылмаған кез еді ол. Қазақстанға қайтқанмен, қызмет жоқ. Сол себепті Түрікменстанға қайта кетіп қалдым. Сөйтіп жүргенде Мәскеудегі таныстардың бірі қоңырау шалды. Ол жақта да біраз дос-жаран, тамыр-таныс бар ғой. Солар «сені Қазақстанға жібергелі жатыр, дайындала бер, Алматыға тағайындады» деді. Мен «қалжыңдамаңдаршы» дедім. Дегенмен тиісті жерлерге хабарласып сұрасам, рас екен. Содан құжаттарды, дивизияны тапсыра бастадым. Сөйтіп, 1992 жылы наурыз айының соңына қарай Қазақстанға келдім. Мені Түрікменстан тағы жібергісі келмеді. Ол кезде Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов еді. Түрікменстан басшысы мен қызмет еткен Марыға келіп жүретін. Сол себепті оған телефон соғып, дивизиядан кететінімді, сондай бұйрық бар екенін айттым. «Тағайындалардың алдында менімен неге ақылдаспадыңыз, менің сіз туралы жоспарым басқа еді ғой» деп базынасын білдірді. Мен үндеген жоқпын. Сәл үнсіздіктен соң: «Елім ғой, қазақта «Есің барда еліңді тап» деген мақал бар» дедім. «Алаңдамаңыз, маған келіңіз» деп резиденциясына шақырды. Бірақ «Елге жібермей қояр ма екен?!» деген күдігім болса да, ертеңінде Сапармұрат Ниязовтың резиденциясына бардым. Өте жақсы қарсы алды. Рақметін айтып, көлік сыйлады. Сөйтіп, Қазақстанға қайтып келдім. 1992 жылдың 1 сәуірінен бастап корпус командирі қызметіне кірістім.
Бірақ сонда да Е.Шапошниковтың қоластында болдық. Ол әлі ТМД Қарулы күштерінің бас қолбасшысы еді. Апта сайын есеп береміз. Түркістан әскери округінің қолбасшысы Ташкентте. Оған да жағдайды үнемі баяндап отырамын. Округ қолбасшысымен арамыз тым жақын емес еді. Мен корпус командирімін. Іштей «Неге бұларға есеп беруім керек?» деп ойладым да, бір апта есеп бермей қойдым. Ташкенттегілер Мәскеуге хабарлапты. Содан соң Мәскеуден комиссия келді. Оларды әуежайда өзім күтіп алдым. У да шу. «Қазақстандағы корпус командирі неге жағдайды баяндап отырмайды?», – дейді. Алматыда кәсіппен айналысатын таныстардың біріне өтініш айтып, мейрамханада дастарқан әзірлетіп қойдым. Содан соң Мәскеуден келген комиссия мүшелерін сонда апарып, дастарқан басында «Сендер қайда отырсыңдар? Бұл елдің президенті кім?» деп сұрадым, олар жауап берді. Сол сәтте: «Ендеше неге мен Мәскеуге есеп беруім керек? Біз – тәуелсіз елміз», – дедім. Сөйтіп, комиссияға келген офицерлер келісті.

Оларды шығарып салған соң Сағадат Нұрмағамбетов ағамызға барып, жөнімді айтып, жағдайды баяндауға рұқсат сұрадым. Сағадат Қожахметұлы: «Баяндаудың қажеті жоқ. Сенде бәрі дұрыс. Мұнда сенсіз де жұмыс толып жатыр», – деді. Ол кезде мен ТМД Қарулы күштері әуе қорғанысы корпусының командирі едім. Корпусқа Қырғызстандағы, Ресейдің Орынбор облысындағы Домбаровский әуежайындағы бөлімшелер қарайтын. Кейін 1992 жылдың 8 мамырында мені Мемлекет басшысы резиденциясына шақырды. Барсам онда әскерилер толып отыр екен. Ішкі істер, қауіпсіздік қызметі генералдары да бар екен. Сағадат Қожахметұлына барып «Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын» десем, ол кісі «Менің бұйрығым емес, отыр», – деді. Қырық минуттай отырдық. Бізді неге шақырғанын ешкім білмейді. Содан соң Президент шығып Ресей өз Қарулы Күштерін құрғанын, Кеңес Одағы Қарулы Күштері таратылғанын айтып, біздің де армия жасақтауымыз қажет екенін атап өтті. Сөйтіп, трибунада тұрып, біздің көзімізше Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғаны жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бәріміз бірге фотоға түстік.
Қазір біз 7 мамырда Қарулы Күштердің құрылғанын атап жүрміз ғой. Іс жүзінде қол 8 мамырда қойылған еді.
– Неге Жарлықта 7 мамыр деп жазылған?
– Оның жөнін айтайын. Сол кезде 7 мамырдың неге таңдалғанын Президенттің өзі айтқан. Егер 8 мамыр күйі қалса, ол 9 мамырдың тасасында қалатынын айтқан еді. Сол себепті «екі мейрамның арасына бір күн салайық» деген идея болғанын атап өткен. Қарулы Күштердің құрылған күні сол себепті 7 мамыр деп белгіленді. Оның үстіне, 7 санын қазақ қастерлейтіні тағы бар. Сол күні екінші Жарлықпен Сағадат Қожахметұлы Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол кісі генерал-лейтенант еді, генерал-полковник атағы берілді.
– КСРО-ның әскери мүлкін бөлісу қалай болып еді?
– Ол бір күрделі, қиын кездер еді. Қорғаныс министрлігі құрылғанымен, КСРО-ның әскери мүлкі бөлісілмеген болатын. Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес елімізде қалатын қару-жарақ пен әскери бөлімдер нақтыланды. Қарулы Күштер құрылмастан бұрын олар біздің жерден көп дүниені алып кетті. Заңды да, заңға томпақ жолдармен де талай техниканы алды. Біздің елдегі жанар-жағармай, әскерге арналған азық-түлікті басқа қоймаларға тасымалдауға заңсыз бұйрық берген кездер болған. Кейін Қарулы Күштер жасақталған соң нақты талап қоя бастадық. 1993-1995 жылдары Қазақстан жерінен стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да әкетілген еді.
«Заңсыз әкеткен техниканың өтемақысын беріңдер» деп сөз бастадық. Олар бет қаратпады. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. Біз қайтпадық. Ақыры олар техниканың бағасын айтуды сұрады. Бірақ біз құнын білмейтін едік. Өйткені өндірген зауыттар Ресейде. Олар бағасын айтпайды. Қаншама министрмен сөйлесіп, түрлі амал жасадық. Ол кезде Сағадат Қожахметұлы кетіп, орнына Әлібек Қасымов министр болып тағайындалған еді. Ол да бұл мәселеге білек сыбана кірісті. Ақыры ресейліктер «бағасын қайтесіңдер, орнына техника берейік» деген уәж айтты. Ол кезде мен Әскери әуе күштерінің қолбасшысы едім. Мені 1993 жылы Әуе қорғанысы күштері корпусынан Әскери әуе күштеріне ауыстырған еді. Ол кезде Ресей Әскери әуе күштерінің бас қолбасшысы генерал Петр Дейнекин еді. Бізге РФ қорғаныс министрі Павел Грачевпен бірге ресми сапармен келді. Оларды қарсы алып, жақсылап дастарқан жайдық. Сол кезде оған: «Петр Степанович компенсацияны қашан бересіздер?» дедім. Аздап қызып алған Дейнекин «Өзің ұшақты ұшырсаң, сонда беремін» деді. «Сөзіңде тұрасың ба?» дедім. «Тұрамын» деді. Ол азамат екен, уәдесінде тұрды. Біз 1996 жылдың қаңтарында уәделестік. Ал наурызда Ресей Әскери әуе күштері қолбасшысына бардым. Сөзінен ұстадым. Липецк қаласындағы ұшқыштарды қайта даярлау орталығында жаңа ұшақпен ұшуды алты күнде үйрендім. Су-27 еді. Оларды Қиыр Шығыстағы Чугуевкадан алып келді. Біз алдымен 2 ұшақ алып кеттік. Іле-шала айқай-шу басталыпты. Жарлық жоқ, қаулы жоқ, қысқасы ешқандай ресми құжат жоқ, ауызша келісім ғана бар. Кәдімгі ұшақты заңсыз айдап кеткенмен бірдей еді. Содан ресейлік тиісті органдар мәселе көтерсе керек, жігіттер, соның ішінде Дейнекин де бар телефон соқты. «Іс қозғалып жатыр, бірдеңе істе, көмектес» дейді. Мен Мемлекет басшысына бардым. Президент маусымда Ресейге сапармен барады екен, «жарайды» деді. Делегация құрамында мен де болдым. Мәскеуде Ельцинге айтып, мәселені шешті. Сөйтіп, біз жалпы саны 86 ұшақ алып келгенбіз. С-300 кешенін де, Ту-134 ұшағын да алдық. Мамандарды тегін оқытуға келістік.
– Олардың құны қанша еді?
– С-300 кешені 500 млн доллар тұрады. Әскери ұшақтардың әрқайсысын кем дегенде 20 млн доллар деп бағаласақ, оларды 86-ға көбейтіңіз. Қомақты сома шығады. Сол ұшақтардың бірқатары әлі ұшып жүр. Қателеспесем, Су-25, Су-27. Ла-39 әлі қолданылады. МиГ-29 азайды. Осындай да күндер болған.
– Қарулы Күштерді жасақтау үшін маман керек болады әдетте. Сол жылдары үзеңгілес болған азаматтар кімдер еді?
– Иә, ол кезде кадрлар тапшы еді. Әскери салада қазақтар, арнайы мамандар, ұшқыштар өте аз. Біздің қарулы күштерді жасақтаудың алғашқы кезеңдерінде Федор Щербаков, Владимир Шацков, Анатолий Рябцев, Александр Сорокин, Николай Поспелов қатарлы азаматтар көп еңбек сіңірді. Талай офицер кетіп қалғанда осындай азаматтар қалып, біздің армияны жасақтауға көмектесті. Еңбектерін ұмытпау керек. Анатолий Рябцев, мысалы 40 армия командирі еді. Елде қалды, кетпеді. Министрдің орынбасары болды. Орыс, беларусь, украин ұлтының талай азаматы корпус, дивизия, бөлім командирлері болып жұмыс істеді. Тоқтар Әубәкіров те Қарулы күштерді жасақтау ісіне атсалысты. Министрдің орынбасары болды. Генерал шенін алды. Мысалы, Петр Яловенко деген азамат болды. Мен Әскери әуе күштерінің қолбасшысы болып жүргенде ресейліктер Сарышағаннан техниканы алып кетуді жоспарлады. Сол әрекеттің алдын алуды тапсырдым. Ол С-300 кешендерін Сарышағаннан Алматыға дейін алып келді. Оларды түрлі көпірден, жолдан өткізу қиын. Ауыр, ірі техника. Соны жеткізуді ұйымдастырғаны бар. Қысқасы, сол кездері түрлі полигондағы техникалардың шығарылуына жол бермедік.
– Қарулы Күштерді жасақтау кәдімгі күрес болыпты ғой...
– Иә, солай болды. Сағадат Қожахметұлының кезінде бәрібір Мәскеу өз ықпалын азайтқысы келмеді. Армия жасақтау кезеңі ғой. Әлібек Қасымовтан соң 1996 жылдың 26 қазанында мені министр етіп тағайындады. Сол кезде бірден Мәскеудегілерге айттық. «Енді ресми сапармен шақырмайынша сіздерге бармаймын» дедім. Оны мен қазан айында айттым, 1997 жылдың наурызында ресми сапар болды. Өз ұшағыммен бардым. Сол кезде Ресей қорғаныс министрі Игорь Родионов еді. Өте жақсы кездесу өтті.
Жалпы, ол кезде біз көптеген елдің қорғаныс ведомстволарының басшыларымен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Қытайдың қорғаныс министрлері Чи Хаотянь, Цао Ганчуаньмен дос болып кеттік. Франция қорғаныс министрі Мишель Аллио-Маримен, АҚШ қорғаныс министрлері Уильям Перри. Уильям Коэн, Дональд Рамсфельдтермен тәуір қарым-қатынас орнаттық. Рамсфельд Астанаға келгенде шапан кигізгеніміз де бар. Ресми сапарлармен АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Польша, Болгария сияқты елдерге бардық. НАТО-мен байланыс орнатылды.

Жекелеп айтар болсақ, АҚШ-қа екі рет ресми, бір рет Президентпен бірге сапар жасадым. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Перри, Коэн, Рамсфельдтермен тәуір байланыс орнаттық. Әлібек Қасымов министр болып тұрғанда, АҚШ-қа Әскери әуе күштерінің қолбасшысы ретінде бардым. Сол кез ғой F-16 ұшағын тізгіндеген сәтіміз.
– Осы оқиғаны тарқата әңгімелеңізші. Қазір кәсіби ұшқыштардың өзіне F-16 ұшағын меңгеруге жарты жыл кететіні айтылады.
– Бұл 1996 жылдың наурыз айы еді. Министр Әлібек Қасымовпен бірге АҚШ-қа барғанда, америкалықтардан «Сендердің ұшақтарыңмен ұшуға бола ма?» деп сұрап, өтініш айтқанмын. Әріптестер жоғары жақтан рұқсат алды. Аризона штатында болған оқиға еді. Мені тексерді. Жөн сұрады. МиГ-25, 29, Су-27 сияқты ұшақтармен ұшқанымды айттым. Олар «А, ондай болса, проблема жоқ» деп келісті. Шамасы, мені қарапайым ұшақтармен ұшқан ұшқыш деп ойлаған болуы мүмкін. Ал мен айтқан ұшақтар біршама тәуір техника. Америкалықтар оларды жақсы біледі. Содан Аризонаға барғанда, F-16 ұшқыштары киетін киім берді.
Негізі, сапарымыздың бірінші күні-ақ америкалық ұшақпан ұшқым келетінін айтқанмын. Менің жөнімді білген соң қай ұшаққа қызығатынымды сұрады. Мен бастапқыда F-18 дедім. «Ол болмайды, құпия ұшақ» деді. «Онда кез келген өзге ұшақпен ұшайын» дедім. Ертеңінде менімен бірге жүрген офицерлердің бірі «Сізге F-16-мен ұшуға рұқсат берді» деді. Сөйтіп, Аризонаға барғанда ұшқыш жаттықтыратын тренажерға отырғызды. Онысы енді өте тамаша құрал екен. Біздің Кеңес Одағындағы тренажерлар қарапайым ғой. Америкалықтардыкі тура ұшақ сияқты. Кабинасы, креслосы бар. Кіресің, отырасың. Төңірегі сфера. Аспан кәдімгі. Ұшасың, содан соң әуе шайқасына кіресің. Ал қарсыласың МиГ-29. Қызыл жұлдызы бар. Мен айтамын: «Не істеп жатырсыңдар, мынау өзіміздің ұшақ қой. Оны атуым керек пе?» деймін әзілдеп. Сөйтіп, дайындығымды түгел тексерген соң F-16-мен ұша алатыныма көзі жетті. Ал мені таңғалдырған екінші дүние ұшқыш формасы еді. Керемет дүние. Кәдімгі денеге үйлестіріп тіккен. Қолғабының өзі ғажап еді. Көмектесіп жүрген әскери қызметкер қолғабымның бір сыңарындағы бірдеңенің дағы қалған кішкентай орынды көрді де, шешіп, қоқысқа тастай салды. «Тастама, маған берші» деп әзілдедім. Киімді менің дене бітіміме әбден ыңғайлап берді. Әуежайға келгенде сөмкем мен планшетімді алып ұшаққа қарай бармақшы болып едім, мені тоқтатып, көлікпен апарды. Ұшақтың қасында фотоға түстік. Ұшақ бортына «Генерал-лейтенант Алтынбаев М.К» деп жазып қойыпты. Олардың бір артықшылығы, ұшу сағаты мол болады екен. Біздің ұшқыштардың біржылдық ұшу жоспары 50-60 сағат болса, оларда жылына 200-250 сағат ұшады екен.
Содан ұшып шықтық. Бір-ақ күн даярланған едім. Қатарласа, таудың арасымен ұшып, полигонға бардық. Содан қайта жиналып, қатарластық. «Ауғандық қону» деген тәсіл бар. Соны қолданып қондық. «Ауғандық қону» деген тәсіл бойынша ұшақ мейлінше тік келіп қонады. Баяғыда «Стингерлердің» зымыранынан қорғану үшін шығарылған әдіс негізі. Пилотаж көрсеттім. Олардың ұшқыштары біршама тік келіп қонатын амал жасады. Оны да істедім. Керемет болды. Содан соң киім шешетін жерге барсақ, онда кәдімгі сусын мен ішімдікке толы бар тұр. Олардың ұшқыштары ұшу жұмысынан кейін ішімдікті де, сусындарды да іше береді екен. Менімен бірге ұшқан жігіт «Не ішеміз?» деп сұрады. Мен сасқанымнан Ice tea деппін ғой. Сөйтіп, суық шай іштім. Ал өзі сырасын алып ішті де, көлігіне отырып кетіп қалды. Осы жағдайға да таңдандым. Бізде киім шешетін жерде тек үстел мен шкаф тұратын. Содан комбинезон, шлемді шешкен соң «Маған естелікке беріңдер» дедім. Жоғары жақтан рұқсат сұрау керек екенін, комплекті 18 мың доллар тұратынын айтты. Басшылықтан сұрауын өтіндім. Біраздан соң рұқсат берілгенін айтты. Кейін сол киімді осында киіп, ұшып жүрдім. Жігіттерге шлемнің кейбір деталдарын біздің ұшақтарға келтіріп жасатып алдым. Қазір сол киім үйімде тұр.
F-16 жақсы ұшақ екен. Бірақ кабинасы тар. Мен сүйекті адаммын ғой. Қысылып отырдым. Джойстикпен басқарылады. Үйренгенше ыңғайсыз. Бірақ жақсы ұшақ екен. Авионикасы, электроникасы тамаша екен. Мені олардың әлі де ұшып жүргені таңғалдырады. Модернизациясы жақсы-ау шамасы.
Аризонада мен полигонға бомба тастап, ұшақ зеңбірегінен снаряд жаудырдым. Мұны естіген АҚШ қорғаныс министрі Уильям Перри салтанатты қабылдау кешінде: «АҚШ тарихында алғаш рет шетел генералы Америка жерін бомбалады» деп әзілдеді. Мен сөз сұрап, оған: «АҚШ жері тек полигондарда бомбалануын тілеймін» дедім. АҚШ-тың тағы бір қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдпен де жақсы қарым-қатынас орнаттық. Вашингтонға ресми сапармен де бардым. Пентагонды араладым, тіпті орталық командалық пунктін де көрсетті. Кезекшілер тобының өзін генерал басқарады екен. Бәрімен таныстық. Керегін алдық өзімізге.
Айтпақшы, АҚШ-тың Техас штатында Huey II тікұшағын да ұшырдым. Вьетнамдағы соғыс туралы фильмдерде жиі көрсетілетін, көпмақсатты тікұшақ қой. Оны да тізгіндеппіз.
– Демек, әскери саладағы ынтымақтастықта адами қарым-қатынас та рөл ойнайды екен ғой.
– Әрине. Көптеген елдің министрлерімен жақсы қарым-қатынас өз пайдасын тигізді. Қазір біздің Қарулы Күштердегі алғашқы Хаммер көліктері, қытайлық ауыр жүк көліктері ынтымақтастық аясында тегін берілді. 2 дана Huey II тікұшағы да тегін берілді. Осы тікұшақтарды Жетігендегі авиабазаға әкелгенде тағы ұшып көрдім.
Жалпы, сол кезде барлық салада жанымызды салып жұмыс істедік. Мысалы, шекара мәселесін шешу үлкен күш-жігерді талап еткен іс. Шын мәнінде, осы шекараны делимитациялауға қатысты ең ауыр жұмысты қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарды. Делимитациялауға қатысты келіссөздерде негізгі салмақ оған түсті. Байсалды адам ғой, сіңірген еңбегі жайлы ол кісі айтқан емес. Ал біз білеміз. Демаркация кейін болды.
– Сіз әу баста әуе қорғанысы күштерінің ұшқышы едіңіз. Ал біздің елде әскери әуе күштері мен әуе қорғанысы біріктірілді. Мұндай шешімді не үшін қабылдадыңыздар?
– Алдымен өңірлік қолбасшылықтар құрылғанына назар аудару керек. Сонымен бірге флотилия жасақталды. Өңірлік қолбасшылықтар батыс, шығыс, оңтүстік және орталық болып құрылды. «Орталық» өңірлік қолбасшылық солтүстік аймақтарды да бақылап отырады. Ал әскери әуе күштері мен әуе қорғанысы күштерін қосуға келсек, оның да өзіндік себебі бар. Егер еліміздің әуе шекарасы бұзылса, ұшақтар да ұшып шығады, әуе қорғанысы күштері де іске кіріседі. Мұндайда әуе қорғанысы күштерінің бірнеше нысанды бақылап отыруы керек. РЛС бәрін көреді, мұндайда зениттік кешендер өз ұшақтарымызды да атып алуы мүмкін. Әрі біздің армия тым үлкен емес. Сондықтан бұл әскерлерді әуе қорғанысы күштеріне біріктірдік. Мұндай қадамның бірқатар артықшылығы да бар. Бір жүйеде болған әскери күштер түрлі бөлімнің қандай міндет атқарып отырғанынан хабардар болады. Академияда бізге «өзара әрекеттесу» деген теорияны оқытты. Бағыт, аумақ, қашықтық бойынша өзара әрекеттесу дегендей бірнеше түрі бар. Мысалы, әуе қорғанысы корпусын басқарған кезімде біз 45 нысананы бақылайтын едік. Олардың ішінде өзіміздің ұшақтар да жүруі мүмкін. Сонда мен қайсысын атуым керек, міне осындай өзекті мәселелер кездесетін. Сол себепті өзара әрекеттесу маңызды еді және екі құрылымды қостық.
– Әуе қорғанысында авиацияның рөлі зор екенін білесіз. Қазір қалай?
– Авиация өз маңызын жойған жоқ. Бірақ дрондардың рөлі күшейді. Оларды да авиация қатарына қосуға болады. Тек ұшқышы жоқ. Кісі өлімі болмайды. Әрі арзан. Сондықтан көп ел оларға көңіл бөліп жатыр. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар шекара бұзса, оларды байқау қиын. Композитті материалдардан жасалады, төмен ұшады, сөйтіп радарға көрінбейді. Біздің елде де шекарадан дрондардың өтіп кеткен сәттері болды. Ал бұрын шекараны ұшақтар бұзатын. КСРО кезінде шекараның бұзылуы үлкен дау-дамай туғызатын. Самарқандқа қызметке ауысып барарымның алдында ол жерде де сондай оқиға болыпты. Азаматтың авиация ұшағы КСРО шекарасына 100 шақырымдай еніп кетіпті. Сол үшін командалық пункт бастығы мен жедел кезекші сотталып кетті. Корпус командирі қызметінен алынды.
Сондықтан дрондардан қауіптену керек. Еліміздің әуе шекарасын бұзған дрондардан сақтанған дұрыс. Олар түрлі нысанға соғылуы мүмкін. Қазір дрондарға қатысты бірнеше күрделі мәселе бар. Алдымен оларды анықтап, қай жерде ұшып келе жатқанын табу керек. Жаңа айттым ғой, радарға ілінбейді, композитті материалдардан жасалады деп. Екіншіден, оларды дер кезінде жою қажет. Қазір «оларды лазермен жоямыз», «жаңа қаруымыз бар» дегендей түрлі мәлімдеме жасап жататын ел көп. Жуырда Қытай J-36 ұшағының мүмкіндіктері жайлы видео таратты. Дрондар мен зымырандарды лазермен де, өзге қарумен жою мүмкін шығар. Бірақ оңай емес. Яғни, ұшқышсыз ұшатын құралдарды қондырудың, құлатудың түрлі амалы бар. Стратегиялық нысандар маңында ұшыруға болмайды. Әрі заң бойынша дрондарды есепке қою керек. Сонымен бірге олардың түрі көбейді. Барлау, ретранслятор, соққы жасаушы, камикадзе дрондар, шағын FPV, оптикалық-талшықты желімен басқарылатын дрондар, теңіз дрондары, Black Hornet тәрізді нанодрон дейсіз бе түрі көп. Олар ұрыс қимылдарына қатысады, керек-жарақты жеткізеді, тіпті адамды эвакуациялауға да жарайтындары пайда болды. Қазіргі соғыстарда жүздеген, мыңдаған шақырымға ұшатын дрондар пайда болды. Ал авиацияның жаңа буыны шығып жатыр.
– Сіз Қазақстан армиясында қандай ұшақ болғанын қалар едіңіз?
– Негізі, кеңес кезіндегі ұшақтар өз дәуірінің сапалы техникалары еді. Шартты қарсыластарымыз жоғары бағалаған ұшақтар болды. Су-27, МиГ-29, МиГ-31 сияқты. Бірақ қазір заман басқа. Сондықтан бізге ойлану керек. Қай елдің ұшағын аламыз, техниканы қалай жаңғыртамыз дегендей мәселелер бар.
Қазір Қытай Халық Республикасының әскери әлеуеті артып келеді. Жаңа техникаларды көптеп өндіріп жатыр. Мысалы, Әзербайжан елі Қытай мен Пәкістан бірлесе өндірген JF-17 Thunder ұшақтарын алды. Өзбекстанда осы ұшақтарды сатып алуды көздеп отырғаны жайлы ақпарат оқыдым. Ал Қытай техникалары жақсарып келеді. Электроникасы да жетілді. Сол себепті армияны қаруландыруда бұл елді назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Әскерді дұрыс қаруландырмаса болмайды. Қауіп-қатер жоқ емес. Терроризм қаупі әлі сейілген жоқ. Ал өз басым ұшқыш ретінде ұшақтарымыздың жаңа болғанын қалаймын. Су-30СМ ұшақтарын алып жатырмыз. Ұшып көргенмін, өте жақсы ұшақ. Дегенмен басқа ұшақтар да қажет. Алайда мол қаржы керек.
– Енді сіздің өз ғұмырнамаңызға оралайық. Ұшқыш болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Мен ұшқыш болуды бала кезімнен армандадым. Өзім шахтердің баласымын. Ағам да әке жолын қуып шахтер болды. Өзім де шахтада жұмыс істегенмін. Әкем мен ағам екеуі тұрғанда «Ұшқыш боламын» дедім. Олар күліп жіберді. «Қайдағы ұшқыш? Не айтып тұрсың?» дегендей сыңай танытты. Бірақ мен ДОСААФ-тың аэроклубына бардым. Оған барып жүрген таныс жігіттер бар еді. Соларға еріп бардым. Алайда «жасың жетпейді» деп қабылдамады. Бәрібір кәмелет жасына жету керек екен. «Ендігі жылы кел» деді. Сөйтіп, келесі жылы бардым. Емтиханның барлығын беске тапсырдым. Өйткені ұшаққа қатты қызығатын едім. Оқуды жақсы бітірдім. Содан соң мектеп бітіргенше екі жыл Қарағандыдағы аэроклубта ұшып жүрдім. Тіпті, мектеп бітіретін кездегі мемлекеттік емтиханды ұмытып кеткенім бар. Әйтеуір, айқау-шу болып емтиханды тапсырғанмын. Одан кейін шахтаға кеттім. Алты жылдай шахтада жұмыс істедім. Үйлендім. Шахтада екі жыл жұмыс істеген соң мерзімді әскери қызмет өтеуге алып кетті. Бір жылға. Куйбышев (қазіргі Самара) қаласының қасында Кинель-Черкасск деген авиа-оқу орталығында болдық. Кіші сержант шенін берді. Ант бердік, жас жауынгер курсынан өттік, содан соң МиГ-15, МиГ-17 ұшақтарымен ұштық. Бір жылдан соң запастағы кіші лейтенант шенімен елге келіп, қайтадан шахтада түстім.
Ашығын айтсам, менің армияға барғым да келе қойған жоқ. Азаматтық авиацияға барғым келді. Азаматтық авиация училищесіне түсу үшін әскери комиссариатқа, өзге мекемелерге талай бардым. Олар бәрі келісіп алғандай «квота жоқ» деп қайтарады. Сөйтіп жүргенде КСРО әуе қорғанысы күштері запастағы ұшқыштарды қайта жинады. Себебі Хрущевтің кезінде әуе қорғанысы күштері зымыран пайдалана бастады да, ұшқыштарды қысқартып тастаған еді. Кейін ұшқыш керек болды. Мені де шақырды. Бірақ транспорттық ұшақтың екінші ұшқышы болуға шақырды. Бармай қойдым. «Тек қана жойғыш ұшақты ұшырамын, жеке ұшамын» дедім. Арада біраз уақыт өткенде әскери комиссариат шақырды. «Жойғыш ұшаққа барғың келді ғой, міне Свердловскіден «сатып алушы келді» деді. «Сатып алушы» деген запастағы офицерлерді іздейтін мамандар ғой. «МиГ-17, МиГ-19 жойғыш ұшағы, ұшқыш болып барасың» деді. Келістім. Сөйтіп, алып кетті. Клин қаласында 3-4 ай оқыдық. МиГ-17-мен ұштық. Қазақстаннан 6 адам барып едік. Жүзден астам адам ДОСААФ-тан жиналыпты. Одан қайта Свердловск қаласына, одан Троицкіге келдік. Онда МиГ-17 мен ұшып жүрдік. Ақыры Пермь қаласына тұрақтадым. Қазақстандық алтаудан төртеумізді таңдапты. Онда МиГ-19 ұшақтары орналасыпты. Жоспарда МиГ-25 бар екен. Ол кезде ол өте құпия ұшақ саналатын. Соған дайындапты. Сөйтіп, МиГ-25-пен ұшып жүрдім. Кіші лейтенанттан бастадым. Шенім өсіп, 8 жылда полк командирі болдым. Әуе қорғанысы күштерінің 4 жеке армаиясына қарасты 764 жойғыш ұшақтар полкі еді. 1979-1982 жылдар аралығында үш жыл полк командирі қызметін атқардым. Содан Қорғаныс министрлігінің бас инспекциясының тексерісінен кейін емтихансыз академияға оқуға кеттім.
Министрлік инспекциясының тексерісінің өзі сынақ еді.
КСРО қорғаныс министрлігінің бас инспекторы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал К.Москаленко еді. Оның бұйрығымен Орал әскери округіндегі әуе қорғанысы күштерінің үш полкын тексеруге Бас инспекцияның генерал-инспекторы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Виталий Попков бастаған топ келді. Ол әйгілі «В бой идут одни «старики» фильміндегі Алексей Титаренконың прототипі саналады. Бізге келгенде авиация генерал-полковнигі болатын. Үш полкті тексеру өте қатаң болды. Тексеру нәтижесінде үш авиаполктің екеуінің командирі қызметінен алынды. Бес сағатқа созылған жиналыс өткізді. Ол кезде мен подполковникпін. Сынақтан сәтті өттім. Генерал: «Соғыста болдым, инспекцияда жұмыс істедім, сіз басқаратын полктай әскери бөлім көрген жоқпын» деп мақтап қойды. Қызметімді өсіруді тапсырды. Бірақ мен тек әуе қорғанысы күштерінің Арвамир жоғары әскери училищесін бітіргенмін. Академияда оқымағанмын. В.Попков академияны сырттай оқысын деді. Бірақ Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы академияны сырттай оқуға тыйым салған болатын. Сөйтіп, Тверь қаласындағы Г. Жуков атындағы әуе қорғанысы әскери академиясының тыңдаушысы болдым.
– Академия бітірген соң Қазақстанға сұранбадыңыз ба?
– Әлбетте, сұрандым. Бірақ жібермеді. Қазақстанға тек демалыс кезінде келетінмін. Мен туған жерден жырақта 22 жыл жүріппін. Еліміз тәуелсіздік алған соң ғана келдім ғой.
Академияны бітірген соң Самарқандқа дивизия командирінің орынбасары қызметіне жіберді. Одан соң 1988 жылы Марыға дивизия командирі етіп тағайындады. Генерал шеніне лайық қызмет саналады. Бірақ мен Марыда үш жыл полковник шенінде жүрдім. Менімен бірге академияды оқыған азаматтар басқа өңірлерге жіберілді де, бір-бір жарым жылда генерал шенін алып үлгерді. Ол кезде Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы. Маршал Александар Колдунов қызметінен алынып, орнына генерал Иван Третяк тағайындалған кез. 1987 жылы неміс әуесқой ұшқышы Матиас Руст Cessna деген ұшақпен Мәскеудегі Қызыл алаң маңына қонып, әлемді шулатқан кездер. А.Колдунов осы оқиғадан соң қызметінен кетті. Ол кезде мен Түрікменстанда едім. Генерал шенін беретінін, Жарлыққа М.Горбачев та, Д.Язов та қол қойғанын жоғарыдағы таныстар айтып та үлгерген. Тек қашан телефон соғылар екен деп жүрдім. Бір күні штабтың алдында тұрғанымда кезекші жүгіріп шықты. «Бас қолбасшы телефонға шақырады» деді. Кабинетке барып, тұтқаны көтерсем, Бас қолбасшы құттықтады. «Алтынбаев жолдас, ұлтыңызға қарамастан сізге генерал шені берілді», – деді. Шамасы, байқамай айтып қойса керек. Үстімнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Мен генерал шенін осылай алғанмын.
– Айтпақшы, Тоқтар Әубәкіров те ұшқыш қой. Ол кісі әуе қорғанысына қызмет ететін жойғыш ұшақтарды сынақтан өткізді. Ал сіз оларды күнделікті қызметіңізде пайдаландыңыз. Тоқтар Оңғарбайұлын сол кезде білуші ме едіңіз?
– Тоқтар Әубәкіровті көптен бері білемін. Жерлеспіз ғой. Қарағандылықтармыз. Мен аэроклубта ұшып жүргенде бір жыл кейін келді. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Мен армияда болғанда ол басқа жақта жүрді. Ол Армавирге түсті, мен барып, түскім келмей кетіп қалдым. Қайта ДОСААФ-қа келдім. Тоқтар училищені бітірді. Оқуын тәмамдаған соң жолдамасын Қиыр Шығысқа алды. Ол кезде А.Микоян атындағы тәжірибелік конструкторлық бюросының жетекші сынақшы-ұшқышы Александр Федотовтің көзіне түсіп қалған ба, Мәскеудегі сынақшы-ұшқыштар мектебіне түсіріпті. Ол мектепке түсу өте қиын еді. Менің кезімде бір орынға 19 адам таласатын. Тоқаң сол мектепті бітірді. А.Федотов Тоқтарды өзі таңдап Микоян атындағы бюроға алғызған. Ол көп ұшақтарды сынақтан өтізді. Әуе қорғанысы күштерінің МиГ-29, МиГ-31 және тағы көптеген ұшақты сынады. Ұшқыштар ішіндегі ең үздіктері сол сынақшылар. Біз пайдаланушымыз, ал олар бізге дейін әбден сынақтан өткізіп, барлық жағынан тексеріп, даяр қылады. Олар жинаған деректерге сәйкес бізге инструкция әзірленеді. Мынандай жылдамдықтан, мынадай биіктіктен асыруға болмайды дегендей. Тіпті, кейде ұшақ сынып кеткенше жүктеме жасайды. Жылдамдық пен биіктік арқылы. Қысқасы, Тоқтар екеуміз бір-бірімізді жақсы білеміз. Самарқандта қызмет істеп жүргенде сынақшы-ұшқыштар ұшып келетін. Сонда оларға жеміс-жидек салып беріп: «Тоқтарға сәлем айтып, осыны жеткізіп беріңдер» деп талай сәлемдеме жолдағанмын. Екеуміздің ғұмырнамамызға ортақ бір қызық жағдай болды. Тоқтар қазақтың тұңғыш ғарышкері ғой. Оны білесіз. 1982 жылы Г.Жуков атындағы әуе қорғанысы әскери академиясына түстім. Оқу әлі басталмаған кез. Академия Тверь қаласында. Демалыста Мәскеуге барып келетініміз бар. Сондай бір демалыста Мәскеуге барып келсем, академиядағы таныстар шулап жүр. «Академия бастығы сені іздеп, шақырып жатыр» дейді. Барсам, академия бастығы генерал Ю.Бошнякпен бірге бір генерал отыр екен. Звездный қалашығынан, Әскери әуе күштерінен келіпті. Ғарышкер екен. «Ертең Әскери әуе күштері штабына кел» деді. Ертесіне бардым. Содан Звездныйға кеттік. Ол кезде Әскери әуе күштері бас қолбасшысының ғарыштық ұшуларды әзірлеу мен ғарышкерлер даярлау бойынша көмекшісі қазақстандық В.Шаталов еді. Кейін ол Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлау орталығын басқарды. Мен әлгі генералмен бірге В.Шаталовқа кірдім. Кірген соң Шаталов: «Димаш Ахметұлы «неге қазақтан ғарышкер шықпайды?» деп маған үнемі ұрысады. Міне, қазақ ұшқыш бар екен ғой, неге ұшпайды?» деді. Сөйтіп, бір газет көрсетті. Онда менің әкем туралы жазылған екен. Әкем шахтада шахтер болып жұмыс істеген, мақала шыққан кезде еңбек ардагері, зейнеткер еді. Әлгі мақалада менің әкем жайлы айтыла келе үлкен ұлының шахтер, екінші перзентінің әскери ұшқыш екені жазылыпты. Сол газетті Д.Қонаев көріп, Шаталовқа жіберген көрінеді. Соны айтып отыр екен. Ал ол кезде мен академияға қабылданған едім. Ғарышқа қызықпадым. Шаталов болса: «Ертең Орталық комитетке барамын. Сен туралы айтамын. Егер денсаулығың жарап, сынақтан өтсең, ұшасың. Димаш Ахметұлының «болгар да, чех та, монгол да, вьетнам да, румын да ұшты» деген дауынан құтылайын» деді. Мен «өздеріңіз біліңіздер» деп құтылдым. Сөйтіп жүргенде Брежнев қайтыс болды, әңгіме жайында қалды. Академия бітіретін кезде арнайы қағаз келді. Мәскеуге шақырыпты. Сөйтсем, ғарышкерліктен үміткер ретінде атымыз Орталық комитетте тізімде тұрады екен. Бірақ ғарышқа ұшу үшін төрт-бес жыл даярлану керек, сандалып біраз жүріп қаласың. Госпитальға барып жатып алдым, «денсаулығым жарамайды» деген сылтау айтып бармай қойдым. Кейін білдім, мені сыртымнан көрсетіп, «Менен басқа да қазақ ұшқыш бар» деп Тоқтар Әубәкіров айтыпты. Оған ұсыныс жасаған екен, Тоқаң бірден бас тартқан. Өйткені ол сынақшы-ұшқыш қой. Ал ғарышкерлердің медициналық тескеруі өте қатал болады. Сол тексеруде денсаулықтан сәл кінәрат табылса, ғарышқа да ұша алмайды, сынақшы-ұшқыштар қатарынан да шығарылар еді. Тоқтар оны маған кейін өзі айтты. Кейін бәрібір Тоқтар ұшты. Жас күнімізде сондай да қызықтар болған.
– Қазір сізді не алаңдатады?
– Қарулы Күштерге қатысты жағымсыз пікірлерді жиі естіп қаламын. Иә, армияда олқылықтар болуы мүмкін. Оны жоққа шығармаймын. Әлемнің ең мықты армияларында да, соның ішінде АҚШ, Израиль әскерлерінде де кемшіліктер бар. Бірақ Қарулы күштердің жетістігі де көп екенін ескеру керек. Ал ешбір құрылым идеал бола алмайды. Қарулы Күштер– үлкен институт. Оның жетістіктері де, әлі де болса шешілмеген мәселелері де бар. Әрі Қарулы күштерге өте көп қаржы керек. Қаржы үшін қуатты экономика қажет. Менен кейде журналистер «Сіздің кезіңізде қалай еді?» деп сұрайды. Іс жүзінде әр министрдің кезеңі әртүрлі. Әр кезеңнің өз артықшылығы, қиыншылығы болады. Ол кезеңге бірыңғай баға беруге болмайды. Айталық, мен министр болып алғаш тағайындалғанда қорғаныс бюджетіміз 5 млрд теңге еді. Кейін 7 млрд болды. Министр болып 9 жылдан кейін қызметімнен кеткенде бюджет 50 млрд теңге болды. Қазір бюджет мол. Дегенмен елдің мүмкіндігіне қарай бөлініп жатыр. Әрине, баға да өсті. Дегенмен осы жылдар ішінде көп өзгеріс болды.
Ал мені жастардың армиядан қашатыны алаңдатады. Олар көбейіп кеткен сияқты. Бірақ бұл жерде Қарулы Күштерді ғана айыптауға болмайды. Патриоттық тәрбие сонау балабақшадан, отбасынан басталуы керек. Сондықтан азаматтарымыздың Отан қорғау ісіне байсалды қарап, елдік мүдденің бәрінен жоғары тұратынын балалардың құлағына жастайынан құя бергені дұрыс деп есептеймін. Тәртіп пен тәрбие – өте өзекті.
- Қазақстан Қарулы Күштерін жетілдіре түсудің қазіргі қарқынын қалай бағалайсыз?
– Еліміз Қарулы Күштеріміздің жетіліп, офицерлер мен сарбаздарымыздың рухты, білікті болуына мүдделі. Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас қолбасшы да бұл мәселеге ұдайы көңіл аударады. Айталық, биылғы 25 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында армияны жаңғырту және әскери инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қарулы күштерді одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Яғни, армияны заман талабына сай қылу үнемі мемлекет назарында болып келеді. Әрі Президент Қарулы Күштердің материалдық-техникалық мұқтаждықтарын да кезең-кезеңімен шешуді ескереді. Авиацияны, соның ішінде транспорттық және армиялық авиацияны күшейту, бітімгерлік миссиялар арқылы әскери қызметкерлердің тәжірибесін жетілдіру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту тәрізді көптеген тапсырмасын тиісті құрылымдар орындап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Қарулы Күштерді күшейту үшін қолда бар мүмкіндігіміздің бәрін пайдаланып жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қорғаныс өнеркәсібі кешені армияның ұрысқа қабілетінің берік іргетасы болуы керек екенін үнемі атап өтеді. Қарулы күштердің даярлығы мен үйлесім деңгейінің жоғары, армияда қатаң тәртіп болуы керек екенін ұдайы айтады. Әрбір жауынгер өзіне сеніп тапсырылған қару мен техниканы мінсіз деңгейде меңгеріп, ұрыста оны тиімді қолданып, табандылық, ерлік пен батылдық көрсете білуі керек.
Жуырда Голан жоталарынан оралған әскери қызметшілерімізбен кездесу кезінде Жоғарғы Бас қолбасшы: «Қарулы Күштер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Ең алдымен, сарбаздары мен офицерлерінің рухы асқақ, кәсіби деңгейі жоғары, жауынгерлік машығы мінсіз, тәртіп пен тазалықты мүлтіксіз сақтайтын әскер қуатты болады. Армия – қайсарлыққа баулитын, жігерді жанитын нағыз мектеп», – деді. Меніңше, бұл пікір армияға берілген әділ баға болса керек. Расында да, Қарулы Күштер– тәуелсіздік тірегі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді Құрмет
Aikyn.kz