22.11.2017, 12:37
Оқылды: 50

Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің атауын өзгерту керек»

«Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірімізге жасаған сапары кезінде Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде де болды.

Облысымызда индустриаландырудың екінші бес жылдығында 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланғаны аян. Соған орай жаңа кәсіпорындарға білікті, кәсіби маман даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұрғыдан келгенде Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің алар орны ерекше. Сондықтан партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының дуальді оқыту жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалуын қадағалау мақсатында аталған оқу орнына арнайы барды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова бұл колледж дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің тәжірибе алаңы екенін жеткізді.

-Дуальді оқыту жүйесінің мағынасы студенттер білімнің бір бөлігін теориялық үлгіде алса, бір бөлігін тәжірибелік негізде игерулері керек. Оқу-тәжірибеден өтуге барған 4-курс студентін мекеме-кәсіпорындар өздеріне жарты не төрттен бір ставкамен жұмысқа қабылдап, еңбекақысын төлеуі керек. Сөйтіп олар нақты маман ретінде қалыптаса бастайды. Екіншіден, осындай колледжді бітірген студенттер жоғары білім алу мақсатында жергілікті университетке құжат тапсырғанда оларды 1-курсқа емес, бірден 3-курсқа қабылдау шарасын облыс басшылығы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастырғаны жөн. Себебі, мектеп түлектерімен салыстырғанда бұлар жартылай маман ғой. Тағы бір айта кетер жайт, қазір елімізде, соның ішінде батыс аймақта мұнай-газ мамандары өте көп дайындалған. Олардың бәріне кеніштерде жұмыс жоқ. Сонда мемлекет бұл мамандарды не үшін дайындайды? Сол себепті көпбейінді техникалық мамандарды дайындауға назар аударған жөн. Жаңа облыс әкімі айтып өткендей, экономиканы әртараптандыру бойынша республикалық көрсеткіште Ақ Жайық өңірі Астанадан кейін екінші орында келе жатыр. Мұндай жағдайда көпбейінді техникалық мамандарға сұраныс болары анық. Осы сапарымның алдында Маңғыстау облысында болдым, олар бұл бағыттағы жұмыстарын бастаған көрдім. Мәселен, бұрынғы Ақтау мұнайгаз колледжі қазір Ақтау политехникалық колледжі деп аталды. Мына Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің де атауын өзгертетін уақыт жетті. 16 мамандықтың тек төртеуі мұнай-газға қатысты болса, бұлай атағаннан не пайда?! Орал политехникалық колледжі сынды атау үйлестетін сияқты әрі заман талабына сай болады,-деген партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Сәтті қадам» партиялық жобасы туралы да айтып өтті. Содан соң облысымыздағы колледждердің тыныс-тіршілігі бейнеленген көрмелермен танысты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале