Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музей саласының ардагері Сара Танабаева мерейлі 85 жасқа толды. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музей – ғұмыр тағылымы» атты мерейгермен кездесу ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин және сала ардагерлері мен жастар, кеш иесінің жақындары қатысты. Олар Сара Есқайырқызын музей дәлізінен гүл шоқтарымен қарсылап, ардагерге құрмет көрсетті.
Сара Танабаева Сырым ауданының Сарыой ауылында дүниеге келген. Ол 1965 жылы сол кездегі Орал педагогикалық институтында тарих факультетін тәмамдап, туған жеріндегі білім ұясында ұстаздық етіп, алғаш еңбек жолын бастайды. 1969 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасты. Осыдан соң оның тағдыры мәдениет және музей салаларымен тығыз байланысты болды. Жемісті жұмысының нәтижесінде 1984 жылы аталмыш музейдің директоры атанып, 24 жыл бойы басшылық қызметін абыроймен атқарды. Ақ Жайық жұртшылығына «Музей апа» атанған Танабаева тарихи-өлкетану бағытында табанды еңбек етті. Ол музей қорын толықтыру, тарихи жәдігерлерді жинақтау, жүйелеу, ғылыми тұжырым жасау жұмыстарына сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ оның бастамасымен облыстың бес ауданында және шаһардағы С. Ғұмаров, Е. Пугачев, А. Пушкин атындағы музей-үйлер, М. Мәметова атындағы мемориалдық музейі, Жәңгір хан музейі құрылды. Бүгінде бұл мұражайларда тарих тереңінен тамыр тартқан көне жәдігерлер сақтаулы. Өлке тарихымен танысқысы келетін жұртшылық үшін әрдайым есігі ашық.
Іс-шарада Есқайырқызының музей қорына жәдігерлер жинау үшін алыс жолдарға да шыққаны айтылды. Мәселен атақты күйші Дина Нұрпейісованың күрең барқыттан тігілген камзолы табылады. ХІХ ғасырдың соңына тиесілі жәдігерді күй анасының жиені Ниетқали аға сақтап келген. Сөйтіп бұл камзол 1980 жылы музей меншігіне өтіп, сөгілген ішкі матасы ауыстырылған. Астана, Алматы қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарын аудартады. Кейін Сара Есқайырқызы күйші камзолының көшірмесін, бас киімін тігіп, музей қорына өткізген. Оның ісмерлігінің нәтижесінде жалпы қазақ әйелдерінің тозығы жеткен алты камзолы, екі көйлегі қайта қалпына келтірілді.
Кеш барысында Медхат Мұсаұлы мерейгерге жылы лебізін білдіріп, басқарма басшысы жолдаған алғысхат пен гүл шоғын табыс етті. Музей директоры Жантас Набиоллаұлы өңірдің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлесін сөзіне өзек етіп, 300-ге жуық қызметкері бар мекеме атынан алғыс айтты. Содан кейін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Дариға Мұштанованың құттықтау бейнеролигі көрсетілді.
Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болған жылдары өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды сақтауға басымдық берген. Әкім 2000 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейін көлікпен қамтыған. «Газель» көлігімен музейге қатысты шаруалардың біразын тындырдық», – дейді Сара әже өз әңгімесінде.

– Маған музей ісінің қыр-сырын үйретіп, қызметте жол нұсқаған Ұрқия Ершуриева еді. Жастық шағым мен кемелдік кезеңімдегі қызықты сәттер осы саламен ұшырасады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі ғимаратына қалай көшкеніміз де жадымда сақтаулы. Осы зәулім музей ғимаратына орналасқанға дейін «Алтын шіркеуде» тоғыз жыл жұмыс істедік. Қыс мезгілінде шіркеудің іші салқын болатын. Әрі жарыққа да жарымайтын. Кейін Мұстақым Ықсанов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғанда айымыз оңынан туды. 1980 жылдың тамызында Қазақ АКСР-ның құрылғанына 60 жыл толды. Осы атаулы күн қарсаңында музей күрделі жөндеуден өткен, шаһардың орталығында орналасқан ғимаратқа көшті, – деп естеліктерін де айтты апамыз.
Айта кетелік, Сара Есқайырқызының «Батыс Қазақ-станның ежелгі археологиялық қазыналары», «Келбет», «Жауһар», «Музей – ғұмыр тағылымы» атты кітаптары бар.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»