Ел тәуелсіздігінің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына биыл 40 жыл толады. Мемлекет тарихында ерекше орын алатын оқиға тағылымын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, елжандылық пен отансүйгіштік рухты нығайту мақсатында өңірімізде нақты іс-шаралар қолға алынуда. Мысалға, өткен жылы алғаш болып Ақжайық ауданындағы Жұбан орталығында желтоқсаншыларға арналған бұрыш ашылды. Енді Теректі ауданындағы тарихи-өлкетану музейі де игі істен қағыс қалмай, Желтоқсан көтерілісі және оған қатысушы азаматтарға арналған орын бөлді.

Алдымен Теректі ауданы әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қабылдап, оларға жылы лебізін білдірді. Желтоқсан оқиғасының ел жадында екенін атап өтті. Одан әрі басқосу аудандық мұражайда жалғасты. Жиынға келген меймандар қатарында «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күнзила Мақсотова және қоғамдық бірлестіктің мүшелері Мұхтар Нұрланбаев, Жанболат Ешов, Лайла Қаражігітова болды.
Олар оқушылармен кездесуде өз естеліктерімен бөлісіп, егемендігіміздің қадір-қасиеті мен мемлекеттілігімізді нығайтудың маңызы туралы айтты. Өткен күннің естеліктерін айтты. Федоров мектебінің оқушылары тақырыпқа сай өз қолдарымен арнайы жасаған көрнекіліктерді көрсетті.
Аталған іс-шарада Теректі тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Аманжол Сәлімов пен экскурсовод Гүлім Жұбаниязова Теректі ауданының тарихы мен танымал тұлғалары туралы баяндап, мұражай экспонаттарымен таныстырды. Сонымен қатар жертөледегі репрессия құрбандарына арналған бөлмелерді көрсетті.

«Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі төрайымы Күнзила Мақсотова музейге бірнеше кітапты сыйлыққа беріп, құнды деректерді табыстады.
Жүздесу барысында желтоқсаншы Гүлзада Халелованың өмірбаяны таныстырылып, сондай-ақ есімдері елеусіз қалған қасіретке толы күннің құрбандарын санада жаңғыртып, есімдерін насихаттау қажет екені айтылды.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»