14.01.2021, 17:26
Оқылды: 65

Музыкадағы Есенин немесе аққу адалдығы қалай үзілді?

Талантты композитор, кеңес эстрадасының мақтанышы Евгений Мартыновтың дүниеден озғанына өткен жылы 30 жыл болды. Біздің жастық шағымызда оның әндері бірінен соң бірі шығып жататын. Композитордың «Яблони в цвету», «Лебединая верность», «Аленушка», «Отчий дом», «Натали», «У Есенина день рождения», «Прости», «Ласточки домой вернулись», «Васильковые глаза» сияқты ақын Андрей Дементьевтің өлеңдеріне жазған әндеріне қазірде әр жастағы тыңдармандардың құлақ қоятынын байқап жүрміз. Ол бүкілодақтық телевизиялық ән байқауының 1974-1988 жылдар аралығында үздіксіз лауреаты атанды. Оның әндері және эстрада әншісі ретіндегі өнері Кеңес одағында, сондай-ақ халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды.

мартынов1

Мысалы, «Яблони в цвету» әні үшін ол 1975 жылы Братиславада өткен халықаралық байқауда кеңес әншілерінің ішінде ең алғаш рет «Гран при» жүлдесін алса, 1976 жылы Болгариядағы «Алтын Орфей» байқауында Е.Мартынов осы әнді орындаушы ретінде алтын жүлдеге ие болды. Композитордың 1981 жылы шыққан «У Есенина день рождения» әні ұлы ақын Сергей Есенинге арналған.

Евгений Мартыновтың түр-келбеті Есенинге өте ұқсайтын. Оның әндерін әркім әрқалай қабылдайтын болар, ал өз басым көпшілік туындыларын шедевр деп есептеймін. Ол небәрі 42 жыл өмір сүрді. Бүгінде оның әндерін сирек болса да ести қалсақ, елең етеміз, өмірде жоқтығы есімізге түскенде жабырқап қаламыз. Қалай дегенмен Евгений Мартынов, Оралхан Бөкей сияқты романтик композиторлар мен жазушылар барда өмір қызықты, тіршілік тәтті көрінуші еді...

Евгений Мартынов 1948 жылы Жәнібек ауданынан онша алыс емес,  көршілес Волгоград облысының Камышин қаласында дүниеге келді. Әке-шешесі Ұлы Отан соғысына қатысқан екен. Женяның тым кішірек кезінде олар Донбасс өңіріне қоныс аударып, болашақ композитордың балалық, жастық шағы сонда өткен. Қыстың ұзақ кештерінде әкесі баянда ойнап, шешесі екеуі орыс, украин тілдеріндегі әндерді қосыла шырқаған. Олардың бұл өнері отбасындағы екі ұлына да жұғысты болады. Евгений ержеткесін Донецк қаласындағы музыкалық-педагогикалық институтқа түсіп, дәріс алып, әншілігімен аты шыға бастайды. 1971 жылы Мартынов Москваға келіп, «Росконцерт» студиясына солист-вокалист болып қабылданады. Бір жыл өтпей жатып, ақын Андрей Дементьевтің Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнап жазған өлеңіне композитор «Баллада о матери» әнін шығарып, дүйім елді елең еткізді. Бұл әнді Минскіде өзі орындап, бүкілодақтық байқаудың лауреаты атағына ие болды. Осы әні «Ән – 1974» телевизиялық фестивалінде София Ротарудың орындауында таңдаулы туындылардың қатарына енді.

Ақын Андрей Дементьевтің өлеңдеріне жазған әндері көп ұзамай композиторды Кеңес одағы жастарына аса танымал етті. 1980 жылы Мартынов жастарға арналған әндері үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Алайда шығармашылық мансабын сәтті бастағанмен, оның жеке  өмірі қалыпқа түспеді. Елге танымал композитор, өз әнін өзі орындаушы бола тұрса да, басында баспанасы болмады. Үйленбеген кезінде кей күндері вокзалға түнеп жүрді. Бірнеше жыл пәтер жалдап тұрды. Бір күні әнші  Иосиф Кобзонмен бірлескен концерт қояды. Концерттен кейін ол Мартыновты жеңіл аутокөлігімен үйіне жеткізіп тастамақ болады. Композитор сонда қысыла күліп, сол кеште Курск вокзалына қонып шығайын деп тұрғанын айтады. Кобзон таңертеңмен Мартыновтың басындағы жағдайды сол кездегі одақ жастарының басшысы, Орталық Комсомол комитетінің бірінші хатшысы Борис Пастуховқа жеткізеді. Бір аптадан соң композиторға тұрғын үй құрылыс кооперативінен шағын бөлменің, ал жарты жыл өткесін екі бөлмелі су жаңа пәтердің кілті беріледі. Бұл 1978 жыл болатын, сол жылы бұдан бір жыл бұрын танысқан өзінен 12 жас кіші, Киев музыкалық училищесінің студенті Эвелина Старанченко есімді қызға үйленеді. Отызға жақындаған композитор сол жылдары қалыңдығына арнап әйгілі «Аленушка» атты әнін шығарады. Сөйткен «Аленушкасы» композитордың басына шығармашылық тоқыраушылық түскенде арқасүйер тірек болуға жарамады. Бұл туралы кейінірек айтамыз.

Үйленгеннен кейінгі бес жыл бойы композитор өзінің лирикалық әндерін бірінен соң бірін дүниеге әкеліп, тыңдармандарына рухани қуаныш сыйлады. Ішімдік атаулыны аузына алмай, дене шынықтырумен шұғылданды. 1984 жылы бірнеше рет талпынса да, жоғары жақтағылардың кедергісіне тап болып, сәті түспей қойған КСРО Композиторлар одағының мүшелігіне өтті. Сол жылы жұбайы ұл туды, атын ұлы ақын Сергей Есениннің құрметіне Сергей деп қойды. Осы қос қуаныштың әсерінен болар, композитор достарымен кездескенде ащы судан аздап ұрттаңқырап қойып жүрді. Бұл, әрине әйеліне ұнамады. Әрең байланысып тұрған екеуінің жұбайлық арақатынасы ашыла бастады. Евгенийдің өзінен тоғыз жас кіші інісі, бүгінде белгілі композитор Юрий Мартынов бұл жайтты кейін: «Женя мен Элланың мінезі екі басқа, бір-біріне кереғар еді. Ағам жұртшылыққа тамаша әндер шығаруды жиі ойлайтын, басқалай дүние, мансап қумайтын. Ал Эвелина болса, үптелген, жабдықталған пәтерде, толық материалдық жағдайда тұрғысы келді. Ағам оның бұл ойын соншалықты құп көріп, қаламады. «Маған не ажырасу, не ішіп кету керек», - деп жиі айтатын. Жасым кіші болғанмен, отбасылық өмірдің мән-жайын да жеңгеме айтып көріп едім, ол бұл «ақылымды» тыңдаудың орнына өзінікін соғып, айқайға басты. Бұл арада ағамды жақтап отырған жоқпын, оның да кінәсы бар, бірақ шығармашылық адамымен бірге өмір сүруге шындап бел байласа, жеңгей мұның бәріне көндігіп, түсінуі керек еді», - деп еске алады.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Евгений Мартынов пен Андрей Дементьевтің шығармашылық дуэті екеуінің арасындағы ығыр болған ұрыс-керістің нәтижесінде ыдырап кетеді. Композитор бірде Одақтағы Мемлекеттік Телерадио төрағасы Сергей Лапиннің қабылдауында болып, өзінің жаңа әндерін орталық теледидарда көрсетуді сұрап, келісімге келеді. Бұған қатты қуанған композитор «Юность» журналының бас редакторы қызметін атқаратын Андрей Дементьевке телефон соғып, С.Лапинге кіріп, екеуінің бірлескен шығармашылық концертін толықтай теледидарда көрсетілуіне рұқсат алуын өтінеді. Бірақ айтулы  ақын әр түрлі сылтау айтып, төрағамен кездесуге келмей қалады. Сөйтіп, ақын мен композитордың әнсүйер қауымды қуантқан дуэті болмашы нәрсіз дауға бола тарқап тынды. Композитор енді Михаил Пляцковский, Роберт Рождественский сияқты белгілі ақындармен бірлесіп, жұмыс жасап, олардың өлеңдеріне ән жазады. Айта кету керек, осы екі ақынмен бірлескен шығармашылықтан туған «Встреча друзей», «Мамины глаза», «Если есть любовь» сынды бірді-екілі шлягері болмаса, басқа туындылары Мартынов-Дементьев тандеміндей әнсүйер көрермен көңілінен шыға алмады. Оның үстіне сол 80-жылдардың ортасынан аса бере, кеңес эстрадасы дағдарысқа ұшырады. Горбачевтік «қайта құру» жылдары басталып, соның дүрмегімен рокн-ролл және ашыналық лирика алға шығып, Евгений Мартынов жазған, орындаған адал, мәңгілік махаббат туралы әндер ешкімге керек болмай, тіптен келемежге айналатын кез туды. Сахналарда «фанерщиктер» қаптады. Әрине, бұл аралықта Женя да қол қусырып қарап отырмай, өзінің белсенді жұмысын жалғастырғанмен, бұрынғыдай шалқар шабыты сарқылып, жан дүниесін торығу, тоқыраушылық жайлап алды. Отбасындағы жағдайы мәз болмай, әйелімен екі ортадағы дау-жанжал жалғаса берді. Белгілі журналист-жазушы Федор Раззаковтың «Евгений» деп аталатын естелігінде айтылғанындай, композитордың інісі Юрий бір күні ағасының үйіне келеді. Келсе, ағасы коридорда ұйықтап жатыр екен. Үйінде әйелі бар, кішкентай баласы ыңырсып, ауырып жатқан әкесінің қасында жүгіріп жүр. Юрий жеңгесінен не болғанын сұраса: «Күнде осылай, әбден жыныма тигесін димедрол беріп ұйықтатып тастаймын», - дейді мізбақпай. Інісі жалма-жан таныс дәрігерін шақыртып, болған жайтты баян етеді. Сонда дәрігер әйел: «Ах, балалар-ай, Евгенийдей тамаша жанды дұрыс күтіп, сақтай алмай жүр екенсіздер!..», – деп күрсіне басын шайқайды. Сол кезде Мартынов та аздап есін жиып: «Мен дүние салатын болармын, Эллаға ештеңе тастап кетпеймін, ол мені жақсы көрмейді, бәрін саған өсиет етіп қалдырып кетемін», - дейді інісіне... Бірер айдан соң, дәлірек айтқанда, 1990 жылғы  3 қыркүйекте композитор «Волга» аутокөлігін жөндетуге, бір жағынан інісінің қолында тұратын әкесін жолшыбай ауруханаға апармақ болып көшеге шығады. Алайда баратын жеріне жете алмайды, үйінен тысқа шыққасын жүрегі ұстап қалып, пәтеріне кіреберіс есіктен өте бере дәлізге құлайды. «Жедел жәрдем» келгенше қайтыс болып кетеді. Кеңес дәуірінің соңғы романтик композиторының өмірі осылай үзілді. Ол дүниеден озғасын әйелі көп уақыт өтпей жатып, Евгенийдің Испанияда тұратын танысына күйеуге шығып, жеті жасар баласымен сол жаққа аттанады.

Қарапайым отбасыдан шыққан, иегінде әдемі шұңқыры бар бала-жігітке Жаратқан бірегей талант берді. Оның таза да мөлдір лирикалық әндері миллиондаған тыңдармандарға қуаныш сыйлап, ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Алдағы уақытта да оның әндерінің ұмытылмайтынына, мәңгі жасай беретініне сенейік.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале