5.06.2025, 16:00
Оқылды: 215

Мықты әскер – бейбіт өмірдің кепілі

Елімізде әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Осы орайда әскери саланың әл-ауқатын білу мақсатында  облыстық  қорғаныс істері  жөніндегі департамент бастығының  орынбасары, подполковник Альберт Бекмұхановпен  аз-кем тілдескен едік.

альберт

Альберт Маркистұлының айтуынша, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айында басталған. Ол осы жылдың маусым айының соңына дейін жалғасады. Бүгінге дейін ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметі мен мемлекеттік күзет қызметіне, ҚР Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне жас сарбаздар жөнелтілген. Ал көктем мезгілінен қалмай әскерге аттанамын деген азаматтар ҚР Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне баруға мүмкіндігі бар. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері көктем мен күзгі әскери шақыру науқандарын қосқанда осы жылы 1400-ге жуық жасты жауынгерлік өмірге  жолдайды.

– Мерзімді әскери қызметін өткеріп келген азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің арасындағы меморандумға сәйкес Қазақстандағы 74-тен астам жоғары оқу орнымен келісімшарт жасалды. Яғни Қазақстан бойынша әскери борышын өтеген 3000-ға жуық азамат білім грантының иегері атануға мүмкіндігі бар. Ол үшін азаматтар «Срочники 2.0» цифрлық платформасы арқылы өз өтінімдерін жіберуі қажет. Конкурсқа қатысушылардың өтінімін саралау барысында, олардың әскери билетіндегі және базаға тіркелген бағалары назарға алынады. Осы күндері несие алуға құштар азаматтардың саны артып барады. Қазіргі таңда мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға 14 айға дейін кредиттік каникул берілген. Ешқандай несиені ойламай, бір жыл алаңсыз борышын өтейді. Әрі әскерден келгеннен кейін де екі ай көлемінде несие төлеу мерзімі шегертіледі. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жоғары және арнайы орта білімі бар азаматтар алты айдан соң келісімшарт бойынша әскери қызметші бола алады. Бүгінде әскерилердің жалақысы жақсы. Сондай-ақ баспанасы жоқ әскери қызметшілердің пәтерақысы өтеледі. Пәтерақының шекті мөлшері отбасының әр мүшесіне беріледі. Қосымша құн салықтары да жалақы есебінен шегерілмейді. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту басты жолға қойылған. Олар «Отбасы банкке» әскери баспана бағдарламасымен тіркеліп, үйдің 10-15% қаражатын жинау арқылы әскери баспанаға ие бола алады. Әскери қызметші қызметіне байланысты басқа әскери бөлімге ауысса, лауазымына қарай көшіп ыңғайлануға қосымша қаржы бөлінеді. Егер әскери қызметші қызмет ететін жерінен арақашықтығы 100 шақырымды қамтитын басқа әскери бөлімге ауысса, көтерме жәрдемақы төленеді. Оған қоса, заттарын көшіруге қосымша қаражат беріледі, – дей келе Альберт Бекмұханов азаматтарды Отан алдындағы борыштарын өтеуге шақырды.

Өткен жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметіндегі 50 сарбаз келі-сімшарт бойынша әскери қызметші атанған. Қазақстанда 2025 жылы күштік құрылымдардың жалақысы 33%-ға өсті, 2026 жылы тағы да 33%-ға артпақ. Бұл – мықты әскерді қалыптастыру мақсатында жасалған мүмкіндіктердің  бірі.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале