1.02.2024, 11:43
Оқылды: 52

«Мықты азаматтық қоғам – күшті мемлекет кепілі»

Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының (ACEEO) бастамасымен жыл сайын ақпанның  бірінші  бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Қазақстан Республикасы – бұл  қауымдастықтың  толыққанды мүшесі. Осы атаулы күннің қарсаңында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановпен кездесіп, еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ой-пікірін білген едік.

Әділ Тауфиқұлы, Дүниежүзілік сайлау күнінің мән-мазмұнына тоқталып өтсеңіз. Бүгінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) еліміздің сайлау жүйесіне қандай баға беріп жүр? Ел тұрғындары арасында сайлау науқандары жиі сынға ұшырайды.

жоламанов

– Биылғы 1 ақпанда 2005 жылғы 14-17 қыркүйекте Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясы аясында бекітілген Дүниежүзілік сайлау күні өтеді. Бұл күнді Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтеміз. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы халықаралық мамандар ортақ Дүниежүзілік сайлау күнін  ұсынғанда игі мақсат көздеді. Мақсат – азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру. Бұл – ешбір елдің саяси дамуының күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе.

Биыл Дүниежүзілік сайлау күні жаңа мәнге ие. Өйткені Конституциялық өзгерістерге сәйкес 2023 жылы тағайындалған Парламент Мәжі-лісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен  тыс сайлауының өткеніне бір жыл толады. Бұл – тек саясаткерлер мен саясаттанушылар үшін емес, қалың бұқараға да талдау жасауға оңтайлы мерзім. Биыл облыста 27 ауылдық округте әкімдердің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Осы округтерде әкімдер сайланады.

Халықтан асқан жан жоқ, елдіктен артық ұғым жоқ.  Әрбір саналы жан өз елінің демократиялық һәм мәңгілік құндылықтар жолымен дамуын қалайды. Бұл жолда түрлі сыни, кейде сыңаржақ пікірлердің айтылуы заңдылық. Ас үйде айтылсын, той-томалақта, жиында айтылсын, қазір сынның бір ұшы сайлау жүйесіне тиіп жататыны жасырын емес. Бірақ менің осы қызметтегі бір айда түйгенім – сайлау жүйесінде жаңашылдық, жаңғырған саяси жүйенің талаптарына сай даму бар. Облыстық, аудандық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері соны талап пен жеке жауапкершілікті жақсы түсінеді. Өйткені, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы биік талаптан туындайды. Сайлау жүйесінің өзгергенін халықаралық демократиялық институттар да оң бағалап отыр. Оны осы ұйымдардың әрбір сайлаудан кейін жасаған есептерінен оқып, білуге болады. Мысалы, 2023 жылы 19 наурыздағы сайлауды отандық байқаушылармен қатар ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді миссиясының мүшелері Томас Холцер (Швейцария) және Елена Баландина (Ресей Федерациясы) бақылады. Менің білуімше, олардың тарапынан сайлауларды дайындау мен өткізуге байланысты теріс қорытынды болмаған.

 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамына тоқталсаңыз. Сайлау комиссиясына жүктелетін жауапкершілік қандай?

 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамы биылғы 3 қаңтардан бастап қызметіне кірісті. Тұрақты және кәсіби негізде қызмет ететін «жетіліктің» өкілетті мерзімі – 5 жыл. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері саяси партиялардың, саяси партиялардың ұсынысы болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктердің немесе жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы негізінде сайланатыны белгілі. Қазіргі облыстық аумақтық комиссия құрамын 6 партия және 1 қоғамдық бірлестіктің ұсынысына сәйкес облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан сайлаған болатын. Бұрынғы құрамның 3 мүшесі қайта сайланды. Ал 4-еуі комиссияға жаңадан келгенімен, іс-тәжірибелері толыққан мамандар. Әріптестерімнің сайлау жүйесіндегі өтілі қомақты. Сондықтан алдағы 5 жылда жоғары деңгейде жұмыс істейтінімізге сенемін, осыған жерлестерді де сендіргім келеді. Кейбір аудандарда учаскелік  комиссиялардың құрамы 70-75 пайызға дейін жаңарды.

Жақында БҚО аумақтық сайлау комиссиясы кезеңдерге сәйкес каскадтық әдіспен сайлау комиссияларының құрамын оқытуды бастайды. Оқыту тек дәріс тыңдаумен  шектелмейді. Біз онлайн семинарлармен қатар іскерлік ойын, тестілеу тәрізді түрлі формаларды қолдана отырып, әріптестердің біліктілігін арттырамыз. Қазір міндеттерін тұрақты әрі кәсіби негізде атқаратын аумақтық комиссия мүшелерінің  қатарынан жаттықтырушылар пулын қалыптастыру аяқталды.

Соңғы сайлауларға талдау БАҚ пен онлайн платформаларды пайдаланушылар арасында семинар ұйымдастырудың ауадай қажеттігін көрсетті. Сайлау тақырыбына қалам тартып, материал дайындайтын тілшілер қауымының біліктілігін көтеру де маңызды. Сайлау мәдение-тіне тәрбиелеу, электоралдық белсенділікті арттыру, тараптармен ашық диалог құра білу – өзекті тақырып. Аудандарға сапар барысында осыған ден қойып, сайлаушылармен, байқаушылармен, саяси пар-тия мен қоғамдық бірлестік өкілдерімен қарым-қатынасты жетілдіруді іс-қимылымыздың басым бағыты есебінде белгіледік. Әріптестерге осы тұрғыда нақты тапсырмалар берілді. Ал комиссияның жауапкершілігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 13 және 14-баптарына сәйкес жүзеге асады. Комиссияның міндеттері мен өкілеттіліктері осы заңмен реттеледі.

 

– Әділ Тауфиқұлы, 2022 жылы 5 маусымда ел тарихында Конституцияға қатысты екінші рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл науқан 1995 жылы өткен референдумнан несімен ерекшеленді?

– Референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру екені мәлім. Сондықтан 2022 жылы өткен референдумның мән-маңызын бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Халықтың талқысына шығарылған елдің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 68,05%-ы дауыс берді.Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум  өтті  деп  есептелді.

Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Бұл күні дауыс беруге келген азаматтардың 77,18%-ы өзгерістерді қолдағаны белгілі. Сөйтіп, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Негізгі заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептелді. Батыс Қазақстан облысы бойынша азаматтардың 73,27%-ы сауалдың оң шешімі үшін дауыс берді.

Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Осы тағдыршешті референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісі қалыптасты. Мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға жаңа мүмкіндіктер туды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Оның қорытындыларына қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық», – деп халық шешімінің нәтижесіне баға берген болатын. 1995 жылғы Референдумда қабылданған Конституцияның үштен біріне, яғни 33 бабына 56 өзгеріс  енгізілді.

Ең негізгі өзгерістерге тоқталсақ, алдымен Қазақстан суперпрезиденттік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға көшті. Ата заңда Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік құрылымдар мен квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынатын өзгеріс енгізілді. 6-бапқа сәйкес, жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болды, Конституциялық сот жұмыс істей бастады. 2023 жылы 19 наурызда өткізілген Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын осы Референдумның сапалық көрінісі деп сипаттауға болады.

 

2023 жылдың саяси жаңалығы әрі жаңашылдықтың көрі-нісі ретінде 5 қарашада аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды. Осы сайлаудың маңыздылығын айтып өтсеңіз. Бұл сайлау алғаш рет мәслихат бекітіп берген жерлерде пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылды. Сайлау үдерісі ойдағыдай болды ма?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында елде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайланатынын мәлімдеген еді. Аудандық деңгейдегі басшыны халық тікелей сайлайтындықтан, бұл ауқымды науқан шын мәнісінде тарихи маңызға ие болды. Аталмыш саяси таңдау биліктің барлық институтының жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастағанының шешуші кезеңіне айналды. Саяси үдеріс біржолата демократиялық сипат алып, ауылдық округ әкімдерінің сайлауларының ізін ала аудан әкімдерін пилоттық режімде сайлау азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырды. Алдымен пилоттық жобаға енетін аудандарды облыстық мәслихаттың депутаттары белгілегенін айтқан жөн. 2023 жылдың 5 қарашасында Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандары тұрғындарының таңдауы нәтижесінде Нұрлыбек Даумов, Қадыржан Сүйеуғалиевтер орындарында қалды. Тасқала ауданы әкімінің орынбасары болған Талғат Шакиров қос әкіммен қатар тұңғыш сайланған аудан әкімі болып танылды.

Мемлекет басшысы өз Үндеуінде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттырып, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру тәрізді жүйелі мәселелерді қарастыру керек деген еді. Бұл реформа іс жүзінде көрініп жатыр. Ал сайлау – соның алғашқы да дербес қадамдарының бірі. Сайланған әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі, сәйкесінше азаматтық қоғамның жауапкершілігі артады. Аудан әкімдерін сайлау – қазір де, болашақта да бақталастық немесе кландық күрес емес, адал бәсеке мен сайлауалды бағдарламаның, іскерлік пен басшылық қасиеттер таразыға тартылатын саяси бәсекенің бірі. Бұдан халық пен мемлекеттік жүйе ұтпаса, ұтылмайды.

 

– Халық сенім артқан үміткерлер ең бірінші қандай талапқа сай болуы керек?

– Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау – Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып отырған саяси тәжірибе. Аудан әкімдерін сайлау өңірде үлкен қызығушылық туғызды. Үш аудан әкімінің лауазымына 9 үміткер таласты. Олардың қатарында түрлі саланың өкілдері – экономистер, заңгерлер, оқытушылар, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары болды. Ал әкімге қойылатын талаптар Конституциялық заңда айқын көрсетілген. Біріншіден, мұндай талабы бар тұлға Қазақстанның азаматы болуы керек. Екіншіден, осы конституциялық заңға, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада көрсетілген талаптарға сай болуы керек. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестікті тиісті аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті құрылым белгілейді. Ал қажетті құжаттардың тізбесін Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті құрылым белгілейді. Аудан және ауыл әкімдерінің сайлауында заңдағы талаптарға сай келмейтінін біле тұра, бұл лауазымға өздерін ұсынған кандидаттар болғаны рас. Сондықтан саяси додаға қатысуға ниет білдіргендер заң талаптарына толықтай  сәйкес келуі керек.

 

– Әділ Тауфиқұлы, аудандарға жұмыс сапарымен бардыңыз. Аудандық сайлау комиссияларының жұмыс істеуіне жағдай жасалған ба? Жұртшылықпен кездескенде қандай ұсыныс-пікірлер айтылып, сауалдар қойылды? Жастардың сайлауға деген қызығушылығын арттыру үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда?

 

Осы лауазымға сайланған бойда аудандық аумақтық сайлау комиссияларының жаңа құрамымен материалдық-техникалық әлеуетімен танысуды мақсат тұттым. Жерлестеріміздің сайлау жүйесіне енген реформаларға деген көзқарасын біліп, сайлау процестерінің кем­шін тұстарын анықтап, оларды уақтылы түзету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет. Санаулы күннің ішінде облыстық комиссияның бекітілген кураторларымен бірге барлықауданды аралап шықтым. Кейбір аудандарда аумақтық сайлау комиссиялары халыққа оңтайлы, қолжетімді ғимаратта орналасқан, елмен етене жұмыс істеуге жағдай жасалған. Санаулы аудандарда сайланбалы құрылымның ғимараты мен жай-күйі жаңа талаптарға сай емес. Дегенмен, аудан басшыларының жағдай туғызуға деген ниеттерін көріп, олқылықтардың орнын толтыруға, кем-кетігін дұрыстауға мұршат бердік.

Инспекциялық сапар барысында азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдірудегі аудандағы әріптестердің бастамаларымен таныстық. Айталық, Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар тұрғындардың, әсіресе, жастардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыруды көздейді. Өз міндетін кәсіби негізде атқаратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен бірге УСК мүшелері де біліктілікті жетілдіру үрдісіне тегістей тартылуы тиіс. Осы мәселені ерекше назарда ұстаймыз деп өзара келістік, іс-жоспарымызды құрдық.

Бүгінде қай салада болмасын жастардың белсенділігі қуантады. Дүниежүзілік сайлау күні «Жас сайлаушылар» клубының кезекті форумын өткізуді жоспарладық. Теректілік әріптестер жастар арасында сайлау тақырыбына Guiz ойынын ұйымдастырса, сырымдық әріптестер «Білімділер додасын» өткізуді қолға алды. Тасқалалықтар сайлау туралы бейнероликтер байқауын өткізуде. Колледж және ЖОО-да студенттермен жиі бас қосып, кеңесетін боламыз. Осындай шаралар жастардың сайлауға деген қызығушылығын оятып, қоғамдық белсенділігін жандандыруға тың серпін беруі тиіс.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кейбір сайлау учаскелерінде сайлау заңнамасының бұзылғаны жөнінде ақпараттардың тарайтыны жасырын емес. Бұл туралы не айтасыз? Жалпы сайлау ережесін бұзатындарға қандай шаралар қолданылады?

13 аудандық және қалалық аумақтық, 171 округтік, 491 учаскелік сайлау омиссиясында ұзын саны 4 мыңнан астам адам бар. Олардың білім-білігі, кәсіби дайындығы әркелкі. «Әттеген-ай» деп аһ ұрмау үшін әріптестерге сайлау туралы заңнамаларды тереңірек оқытуымыз керек. Сонда ғана бұл білместіктердің алдын алуға болады.

Жалпы сайлауда бір кандидат қана жеңеді, басқалары жеңіледі. Сондықтан дауыс беру қорытындысына көңілі толмайтындар бұрын да болған, алдағы уақытта да болады. Учаскелік, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері азаматтардың дауыс беру құқығын бұзса немесе дауыс беру қорытындыларын бұрмаласа, оған тиісті әкімшілік, керек десеңіз, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Айталық, ҚР Қылмыстық кодексінің 150, 151-баптарына сәйкес сайлау құқығын аяққа таптаған немесе сайлау құжаттарын бұрмалап, дауыстарды дұрыс санамаған жағдайда 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Комиссия мүшелері заңды белінен басса, оларды осындай жауапкершілік күтеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 4-бабында сайлауға қатысты әрекеттерге жауапкершілік көзделген.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлауға қатысуына қандай жағдайлар жасалуда?

– Былтырғы сайлауларда мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруда қоғам-дық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатылған екен. Тұрғылықты жері бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімі сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу және дауыс беруге барынша қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында нақтыланғаны қуантты. Бұл – бірде-бір мүмкіндігі шектеулі жан ұмыт  қалмады  деген  сөз.

Мүгедектігі бар сайлаушылардың өзгенің көмегінсіз сайлауға баруы үшін 367 учаске пандуспен жабдықталып, 265 учаске кіреберісі тактилді көрсеткіштермен, 274 дауыс беру залы бағыттаушы белгілермен қамтылған. Аудандарды аралау кезінде осы мәселелерді ерекше бақылауға алуды, учаскелік комиссиялардың жағдайын қосымша саралауды тапсырдым.

Зағип және көзі нашар көретін адамдарды сайлау бюллетенін толтыру тәртібі туралы аудионұсқалармен, сондай-ақ сайлау жөніндегі ақпаратты тыңдау үшін арнаулы ноутбуктермен және сайлау бюллетеньдерін өз бетінше толтыруы үшін трафареттермен, қосымша жарықтандыру және оптикалық түзету құралдарымен (лупа) қамтамасыз ету бұлжымас дағдыға айналғаны қуантады. Мысалы, былтыр көктемде өткен сайлауларда сөйлеу не есту қабілеті бұзылған адамдар үшін «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ облыстық филиалы тәжірибелі 10 сурдоаудармашы мен ымдау тілі мамандарын қызметке тартқан. Олар дауыс беру күні әрбір есту қабілеті бұзылған жанға көмекке келуге дайын отырды. Сайлау күніОрал қаласы мен аудандарда  инватакси қызметі ұйымдастырылып келеді. Сайлау учаскелерінің паспорттарын жасақтап, базаға енгізу барысында барлық ерекшелік ескерілді және «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасы» порталына  тиісті  өзгерістер енгізілді.

Осы жұмыстардың барлығы қолданыстағы заңнамалардың аясында және азаматтық қоғамның талап-тілегімен жүзеге асып жатыр. Мен әріптестерімнен сұрап-білгенімдей, бұрынғы сайлауларда мүмкіндігі шектеулі жандардан арыз-шағым мүлде түспеген. Бұл сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы құрылымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі екені сөзсіз.

Сайлау үрдісіне байқаушылардың, әсіресе тәуелсіз ұйым жетекшілері мен өкілдерінің қатысуы жөнінде айтсаңыз. Сайлау байқаушыларының құқығына  тоқталып өтсеңіз?

Байқаушылармен жұмыс – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Жаңартылған сайлау жүйесі бойынша өткен былтырғы саяси додалар идеологиялық, ұйымдастыру және өткізу тұрғысында сайлау комиссияларына үлкен сынақ, соның ішінде қалың бұқара мен болашақ алдындағы емтихан болғаны мәлім. Сайлаудың барысы мен нәтижелері байқаушылармен жұмысты жетілдірудің нақты мүмкіндіктері мен әлеуеттері бар екенін көрсетті.

Соңғы сайлаулардың басты ерекшелігінің бірі – байқаушылармен жұмысты жаңа талапқа сай ұйымдастыру. ҚР ОСК 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №131/626 қаулысымен «Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу қағидалары» бекітілген болатын. Нәтижесінде БҚО аумақтық сайлау комиссиясы жарғылық қызметіне тиісті өзгеріс енгізген өңірлік мәртебесі бар 22 қоғамдық бірлестікті тіркеді.

Алайда сайлаулар кезінде кейбір аудандық бірлестіктер тарапынан белсенділікті байқамадық. Соның ішінде тіркеуден өткен 22 бірлестіктің 7-еуі 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлауда бірде-бір байқаушысын учаскелерге жібермеді. Дауыс беру күні байқаушылардың үлкен белсенділігі негізінен Орал қаласында тіркелді. Облыс орталығының 125 сайлау учаскесінде кандидаттар мен 7 саяси партияның 604 сенім білдірген өкілі, саяси партиялардан 258 байқаушы және басқа да 9 қоғамдық бірлестіктен 371 байқаушы тіркелді. Яғни бір сайлау учаскесінде орта есеппен 9,8 байқаушы болған. Соның ішінде «Жария», «Мұқалмас», «Дауыс» сияқты қоғамдық бірлестіктердің белсенді қызметін атап  кетпесе болмайды. Алдағы уақытта байқаушылармен жұмысты жаңа деңгейге көтереміз. Оларды сындарлы әріптес деп танитын кез келді.

Қолданыстағы заңның 20-1, 20-2-баптарында байқаушылардың барлық құқығы айқындалған. Сайлау комиссиясының мүшесі болсын, байқаушы болсын құқықтарымен бірге міндеттері де бар екенін естен шығармағаны жөн.

Мен өңірдің басты басылымының мүмкіндігін пайдалана отырып, барлық азаматты, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерін, байқаушыларды, әріптестерді Дүниежүзілік сайлау күнімен құттықтаймын! Мықты азаматтық қоғам күшті мемлекетті қалыптастырады. Яғни таңдаудан туындайтын сайлау – демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты. ҚР Орталық сайлау комиссиясы да өзінің мандатына сәйкес мақсат-мұратын айқындады. Ал құндылықтар Азамат, Әділдік, Демократия, Сенім деген терең түсініктерден тұрады. Мағыналы да мәнді бұл құндылықтар барлық сайлау комиссиясы үшін тек жалаң ұрансөз болып қалмайды деп сенемін.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале