25.04.2022, 9:00
Оқылды: 79

Мың айдан қайырлы Қадір түні

Қадір түні – аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі «لَيلَةُ القَدر»  сөзі: «Қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағынаны білдіреді. Бұл түннің басқа түндерден орны ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Сондықтан атына заты сай «Қадір түні» деп аталған. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі Қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың ризық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады.

IMG-20220424-WA0084

Фото дереккөзі: Stan.kz

Құран Қадір түнінде түскен. «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай».  «Бақара» сүресі, 185-аят. Ал Рамазан айының ішіндегі Қадір түнінде Құранның түскендігі жайында «Қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген: نَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ «Шынымен де, біз Құранды Қадір түні түсірдік».

Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн болып есептеледі. «Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі». «Қадір» сүресі,  4-аят. Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады» (Ахмад).

«Бұл түнде таң атқанша (Алла Тағаланың) сәлемі жалғасады» делінген. Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. Егер адам 95 жыл өмір сүреді деп есептесек, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады. Сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, бір Қадір түніндегі мінәжат бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

Күнә-қателіктер кешірілетін түн. Хадис шәріпте: «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бухари, Муслим).

Қадір түнінің белгілері қандай болады? Әбу ибн Кағб (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздан жеткізген хадисінде: «Ол түн тыныш болады. Қатты ыстық, иә қатты салқын да емес. Алла Тағала кейбір адамдарға түсінде немесе өңінде білдіреді. Сол түннің нұрлы екенін көреді. Кейде жүрегіне осы Қадір түні екендігі білдіріледі» деген. Алла Тағала барлығын білуші.

Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте Алла елшісі: «Мына төрт түнде жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), Қадір түні және айттың бірінші күні» деген. Бірде Айша анамыз (Алла одан разы болсын) Алла елшісінен Қадір түнінде қалай дұға жасайтынын сұрайды. Сонда Алла елшісі мына дұғаны үйреткен: «Уа, Раббым! Расында, сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешір» .

Бұл түнде жасаған әр амалдардың сауабы еселенеді. Сондықтан бұл түннің береке-жақсылығынан мақрұм қалмауымыз қажет. Елімізге, жерімізге, ағайын-бауырларымызға дұға ету, жасаған күнә-қателіктерімізге тәубе жасау арқылы Алланың мейіріміне қол жеткізетін түн. Алла  елімізге  амандық,  халқымызға  тыныштық  бергей!

Биылғы Қадір түні сәуір айының 27-нен 28-не қараған түнге тура келеді.

Талғат Қайырғалиев,

Тәжиден Батырұлы атындағы мешіттің наиб имамы, 

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале