23.10.2022, 12:18
Оқылды: 46

«Мына әлем мейіріммен әдемі...»

615d8e2549751503793516

Суреттің дереккөзі: egemen.kz

Хатимолла Бердіғалиев,

Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің  иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші: 

– Отандастарымды еліміздің егемендік алған күнімен құттықтаймын!

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияны бекітіп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының тірегі болған құжатты қабылдады. Сондай-ақ дәл сол күнді Республика күні деп жариялаған еді. Декларацияның қабылдануымен Қазақстанның егемендігін айғақтайтын жер аумағы (территориясы), азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітіліп, құқықтық, экономикалық тұрғыдан негізделді. Бүгінде Қазақстан күллі әлем таныған, құрметтеп төрге оздырған мемлекетке айналды. Егемендік пен тәуелсіздік, ұлтаралық татулық – еліміздің басты құндылығы. Ашық аспан аясында татулықта, бірлікте өмір сүре берейік. Тәуелсіз мемлекетіміздің көк Туы  әрқашан биікте желбіресін!

Жаңылсын  Хасанова,

Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

– Барша батысқазақстандықты, бүкіл отандасымды Республика күнімен құттықтаймын! Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осынау салтанатты күні әр шаңыраққа береке-бірлік, ырыс-ынтымақ тілеймін! Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз жемісті, барлық бастамаларыңыз баянды болсын!

Залина Алиева,

«Ассамблея жастары» РҚБ  Батыс Қазақстан облыстық өкілдігі төрағасының орынбасары, «БАРТ» би ансамблінің жетекшісі, «Вайнах»  шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі:

– Республика күні биыл ұлттық мереке ретінде қайта енгізілді. 25 қазан – еліміз үшін ерекше елеулі күннің бірі. 1990 жылы дәл сол күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Бұл тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы нақты  алғашқы қадам еді. 

Республика күні күнтізбеге мереке болып негізі 1995 жылы енгізілген. Ол уақытта Қазақстанда көптеген жоба жасақталып, маңызды шешімдер қабылданып жатты. Мемлекет үшін кез келген кезең маңызды. Татулықты насихаттайтын мерекені ел  болып  тойлайтынымызға  бек  қуаныштымын! 

Республика күніне арналған мәдени іс-шараларды, түрлі конференцияларды көптеп өткізу керек. Жастар қасиетті күннің маңыздылығын толық түсінуі тиіс. Бұл күн ой-санамызда  елжандылық сезімді тұтатып, тарихты тереңірек зерттеуге деген ынты-ықыласыңды оятады. Келмеске кеткен күндерде рухани қазына бар. Ол – тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге. Тұтастықты қадірлеу, салт-дәстүрімізге  құрметпен  қарау – борышымыз.

Элгун Джаналиев, 

«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы «Бірлік» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

– Мен әзірбайжан ұлтының өкілімін. Он бес жылдан астам уақыт бойы Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО филиалында қызмет атқарып келемін. Волонтерлер қозғалысының төрағасымын. «Ынтымақ түбі – игілік» демекші, бірлікте тірлік кешу – өмірлік ұстанымым. Айналамдағы көмекке зәру жандарға ылғи қолғабыс етемін. Содан жаным тыныштық табады. Бүгінде қайырымдылық жасауға тұрақты түрде бет бұрдым. Жәрдемді қажет ететін облыс тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, жаныма жүзі жылы, көңілі кең жастарды жинадым. Қазіргі уақытта көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік апарып, баспанасына жөндеу жұмыстарын жасап жүрміз. Қажет болса, қаржылай көмек көрсетуге тырысамыз. Әрбір тұрғынды бауыр тұтамыз, халыққа титтей болса да, көмегіміз тисе екен дейміз. Біздің мақсатымыз –ынтымақты нығайтып, тату-тәтті ғұмыр кешу. Анығында, мына әлем мейіріммен  әдемі.

Алдағы уакытта қайырымдылық іс-шараларын әлі де көбейтеміз. Әр түрлі ұлт өкілінің басын біріктіріп, нәтижелі жұмыс көрсетіп жүрген ұжым ретінде көпке үлгі болғымыз келеді. Талмай еңбек етіп, игі істерімізбен ғана мақтанайық! Республика күні құтты болсын, құрметті жерлестер! Еліме аманшылық, бейбітшілік  және  гүлдену   тілеймін!

Флюра Миликеева:  

облыстық  «Татар мәдени орталығы» ҚБ-ның төрайымы: 

– Татар мәдени орталығы облысымыздағы мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене араласады. Орал қаласындағы Достық үйінде түрлі семинарлар, форумдар өткіземіз. Жастарымыз қайырымдылық  жасауға құмар. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау бағытында ерінбей еңбек етіп жатырмыз. Президентіміз жоба-жоспарларын ұсынып, халық пен билік арасында  ашықтық болуы керек екенін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындап, келешек ұрпақ үшін әрбір ісімізді тиянақты атқарғанымыз абзал. Жаңа Қазақстанның дамуы жолында бар күшжігерімізді жұмсауға тиіспіз. Жуырда өтетін сайлауда белсенділік танытып, болашағымыз үшін дұрыс таңдау жасауымыз керек. Республика күнінде ақ тілегімізді ақтарып, бір-бірімізді қуантудың өзі – бір ғанибет. Әлемде бейбітшілік орнап, жас ұрпақ  соғыс зардабын тартпасын! 

Вероника Пермитина,

Бөрлі  ауданындағы Достық үйінің директоры: 

– Қадірлі батысқазақстандықтар, сіздерді ұлттық мейрам – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, азаматтық борыш және жалпыұлттық сыйластық, татулық ұлықталатын мереке. Сол себепті бұл күнде елдің болашағы жайлы ой-пікірімізді ашық айтып, жастарға бағыт-бағдар беруге тиіспіз. Бірлікті сақтау – басты парыз!

Бөрлі ауданында жеті этномәдени бірлестік бар. Мереке-мейрамдарда ұйымшылдықпен концерт және басқа да іс-шараларды өткіземіз. Жуырда Республика күніне орай аудан орталығындағы «Ардагер» саябағында «Достық» аллеясы ашылды. Аллеяға «Мирас» қазақ, «Қурай» башқұрт, «Приуралье» орыс, «Хуторок» украин, «Сарман» татар, «Достық» әзірбайжан, «Тонгиль» кәріс этномәдени бірлестіктерінің өкілдері 12 түп ағаш отырғызды. Алдағы уақытта атқарылатын шаруа өте көп. Ұлтаралық жарасымды  нығайту мақсатында әлі талай  іс-шараны  ұйымдастыратын  боламыз.

Дастан Оразғалиев,

Орал гуманитарлық-техникалық  колледжінің  I  курс студенті:

– Қазақстан – тарихы  мол, табиғаты бай, ұлан-байтақ жері бар, дамып келе жатқан ел. Біздің Отанымызда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 31 жылға жуық уақыт болды. Ал қазақ ұлтының құрылғанына мың сан жыл, көп ғасыр өтті. Еліміз бүгінгі таңда жоғары жетістіктерге жетті. Өркениетті жұрт қатарынан орын алуға ұмтылудамыз. Бұл – қуантарлық жағдай.

Егемендік алған жылдарда ел экономикасы еңсесін тіктеді.

Бұл күнде туған елімізде халық саны 19 миллионнан асуда. Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен һәм жанқиярлықпен күресуінің арқасында ұлан-ғайыр жеріміз сақталып қалды. Сол тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіспіз. Жастар бейбіт күннің қадірін жете түсінуі қажет.

Әр азамат пен азаматша жас кезінен отаншылдық, патриоттық ұғымды бойына сіңіріп өссе, еліміздің  болашағының жарқын болатынына бек  сенеміз.

Бауыржан Омаров, 

«Ақжайық»  футбол командасының капитаны:

– Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 13 жыл бойы тойланбай келген Республика күнін ресми түрде Ұлттық мереке санатына қосты. Бұл шешім аяқасты қабылданды деуге әсте болмайды. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда қазақ елінің егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Дәл осы айтулы мереке қарсаңында біздің команда өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогінің финалына өтті. Барша Жайық жұртын Республика күнімен құттықтай отырып, финалға шыққан жеңісімізді тәуелсіздік декларациясы қабылданған ерекше мерекеге арнаймыз. Еліміз аман,  тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! 

Ольга Ворожейкина,

«Орыс мәдениеті орталығы» этномәдени бірлестігінің өкілі: 

– Қазақстан Республикасының күні – бүкіл ел болып тойлайтын ұлттық мереке. Бұл мейрамның Қазақстан халқы үшін мән-маңызы зор. Себебі Қазақстан заманауи әлемдік жүйенің өңірлік және жаһандық мәселелерін шешуге, прагматикалық бастамалар мен идеяларды ілгерілетуге белсене қатысуда. Еліміз халықаралық беделге ие болып, біздің мемлекеттік билік азаматтық қоғамды дамытып,  қоғамдық татулық-тұрақтылықты нығайта түсуге әрдайым мүдделілік танытып келеді. Менің ойымша, бұл бағытта  Қазақстан халқы ассамблеясы үлкен септігін тигізіп келеді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі нығая түскен сайын қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды іс тындыратын ассамблеяның  рөлі арта түсті. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халық – еліміздің ең басты құндылығы. Әсіресе, жастар – еліміздің үміті мен мақтанышы. Біз аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың қалыпты өмір сүруіне бейбіт жағдай жасау. Оларға заманауи білім беріп, өзіне, отбасына және Отанына пайда әкелетін азамат болып қалыптасуына бар жағдайды  жасауымыз қажет. 

Тарих тек өткен шақ емес, ол – болашақтың бір бөлігі. Адамның, ұлттың өмірін қалыптастыру үшін мақсат  дұрыс қойылу керек. Сондықтан Қазақстан Республикасы күні сияқты мемлекет тарихындағы айтулы даталарға сүйене отырып, мектепте де, үйде де өскелең ұрпаққа мемлекеттің қалай дамып, қалай нығаятыны туралы әңгімелеу керек. Бұл  – ел-жұрты тату-тәтті өмір сүріп жатқан дамушы мемлекеттің мерекесі. Ырыс-ынтымағы жарасқан еліміздің береке-бірлігі арта  берсін! 

Пікірлерді дайындаған: Гүлсезім Бияшева,

Марлен Ғилымхан,

Нұрымбек Жапақов,

Түгелбай Бисен,

Гүлжамал Жолдығали

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале