18.04.2023, 10:15
Оқылды: 59

Нағим Қитанұлының жеті қыры

Осынау тақырыбымызды оқыған жанның «Неге жеті қыры дейді? Жігіт, азамат деген сегіз қырлы, бір сырлы болмай ма?» деуі әбден мүмкін. Құрметті оқырман, асықпаңыз, сегізінші қырын соңыра, реті келгенде өз алдына бөлек әңгімелейміз. Бұл азаматты әр қырынан білетінім, мен онымен сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан таныспын. Екеуміз арман қуып, Алматыға оқуға барып, ҚазМУ қалашығының құрылысында табысып едік... Сонымен, «Нағим Қитанұлы Тәжімұратов деген кім? Қайда туған, қай жерде есейген? Ата-анасы кім болған? Оның өскен ортасы, төңірегі қандай болған, немен шұғылданады?» деп отырған ағайынға әңгімені әріден қозғайық.

НАГИМ (3)

Нағим қазақтың сонау киелі аймағы – Орда өңірінде, Бөрлі ауылында 1956 жылдың  қақаған қаңтарының 10-ында жарық дүниенің есігін ашыпты. Әкесі Қитан ақсақал – соғыс ардагері (1915 жылы туып, 1971 жылы дүниеден озды), таза жүріп, адал еңбек етіп, сонысымен төңірегіне өте сыйлы болған жан. Анасы Рысқаным (1918 жылы туған, 2015 жылы қайтыс болды) алты перзент тауып, солардың бә-ріне жұбайы екеуі нағыз қазақы тәрбие беріп, алқаусыз мәпелепті. Сол ата-ананың тәрбиесі ғой алты перзенттің бүгінде бағын ашқан десек, қателеспейміз. Өйткені Орда өңіріне барып, «Тәжімұратовтарды білесіз бе?» десеңіз, «Оу, шіркін, олар Қитақаң мен Рысқаным анамыздың көздері ғой, алтын айнаның қиығындай...» дейтіні бұған дәлел. Ауылдары өз алдына, ауданға дейін аттары жеткен бұл жандардың құда-құдағайлары да қараша халық қызыққандай жандар болыпты. Солардың бірі, Ромаш пен Рағила – Қитақаңдар сияқты адал еңбек сауған, айтулы еңбек ардагерлері атанған жандар. Қос құданы ақтық сапарларына шығарып салғаннан кейін, қарттары қызығына тоймай кеткен ұл-қыздарының қызығын қос құдағай армансыз көріпті десек, қателеспейміз. Рысқаным әжеміз 98 жасты, Рағила әжеміз 93 жасты еркін бүктеп, шөберелерінің алақандарынан су ішіп, мынау жалғанға риза болып, қарттарының соңынан аттаныпты. Тәжімұратовтардың төл басы – Қуаныш. Бұл азамат қарапайым жұмысшыдан еңбек жолын бастап, ұзақ жыл бөлімше меңгерушісі болған. Тарихи әдебиетті көп оқитын, түйгені мол, кеудесінде шежіре шымырлап қайнап жататын. Тыңдайтын құлақ болса, келісті әңгіменің қадірін түсінетін орта болса, ұзақ таңға сыр ақтарысуға бейілді жан. Ауданның құрметті азаматы деген атақ та Қуақаңның өзіне құйып қойғандай үйлесіп кетті. Жаңалыққа жаны құштар, ізденімпаз ол өзі басқарған бөлімше орталығын айналдыра қоршап, бұл өңірге тосындау, кез келген тәуекел ете қоймайтын бау-бақша егіп, шағын ауылды «оазиске» айналдырғанын ел көре қалды. Бұл жаққа мәртебелі қонақтар ат ізін салса, әкім-қаралар осы Қуақаңның шаңырағын қолай көріп тұратын. Талайлар дастарқан басында келісті сұхбат құрып, Зояның тіл үйіретін тағамдарына тамсанып, риза болып аттанады екен. Тәжімұратовтардың кенже ұлдары Меңдібай мен келіндері Ақкенжені де ел біледі. Меңдібай ауылдың қолдап істейтін қара жұмысына пісіп өсіп, кейін трактор да айдаған. Бригадир болды. Ал 2001 жылдан бермен қарай, Т. Масин атындағы округтің әкімі болып келеді. 2021 жылдың шілдесінде өткен сайлауда халық оған тағы да сенім артып, қайтадан бірауыздан әкім етіп сайлады. Кім келсе де, ашық қабақ, жарқын жүзбен, жаюлы дастарқанымен қарсы алатын Ақкенже де азаматының абыройы асқақ болуына үнемі қам жейтін жан.

НАГИМ (2)

ҚазМУ қалашағының құрылысшылары 50 жылдан кейін кездескенде. 2002 жыл, мамыр

Ал енді тоқып отырған өрмегімізге қайтып оралайық. Нағим Қитанұлы 1964 жылы Ф. Энгельс атындағы орта мектептің 1-сыныбына оқуға барды. Оқуға зеректігімен, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласатын пысықтығымен бірден көзге түсті. 1974 жылы мектепті жақсы аяқтады. Ер-азамат үшін үлкен мектеп – шыңдап, шынықтыратын әскери өмірді сонау қыпшақтардың бір тармағы болып келетін мадиярлар елінде, Венгрияда бастан кешті. Кешегі солқылдаған бозбала ел көрді, жер көрді. Темірдей әскери тәртіптің қазанында қайнап, шыңдалып шықты. Сол әскерінде жүріп естігені - Алматыда, сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті – ҚазМУ-дың қалашығы салынып жатыр екен. Ол республикалық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған. Көкейінің алыс бір түкпірінде «Университетте оқысам» деген тәтті арман сақтаулы жататын. Әскерден 1977 жылы босап, сол арман жолына түсті. Алатаудың етегінде, сол шақтардағы  айдай көркімен алыстан қол бұлғайтын арман қалаға алғаш келгендегі сезімін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Университетке бірден баруға жүрегі дауламады. Өйткені «Мектептен кейінгі араға түскен үш жылда  қарайыңқырап қалған болармын, емтиханға әзірленейін, әзірленіп жүріп жұмыс жасайын» деген ойға табан тіреді. Шынында да, университеттің болашақ қалашығының құрылысы қайнап жатыр екен. Онда бір-екі жыл жақсы жұмыс жасағандарға оқуға түсуге (конкурста) жеңілдік те қарастырылған. Студенттер қалашығын салуға арнайы құрылған «Университетстрой» құрылыс-монтаж басқармасына жұмысқа қабылданды. Мұнда жұмыс жасап жатқандар өзі секілді жиырмадан жаңа ғана асқан жалындаған жастар екен. Орталарына күмп ете қалды. Әсіресе құрылысшы жастардың өздеріне арнап арнайы жатақхана салыпты. «Алатау» деген әдемі атымен ылғи бір армандары Алатаудай асқақ жастарға мекен болған сол құтхананың 42-ші бөлмесінен орын тиді. Алғашында құрылыстан арнайы мамандығы болмағандықтан, кез келген жұмысты атқарды. Бірақ бригадир не тапсырса да, тыңғылықты орындайтын. Содан болар, кешкі оқу комбинатына оқуға жіберілді. Сөйтіп, газбен, электрмен дәнекерлеуші, бетоншы, тас қалаушы, стропольшы  мамандықтарына оқып, үйреніп алды. Құрылыста жүріп, Балтабай, Ілесбек, Бақыт, Сейіткамал, Еркін, Нұр, Қажымұқан, Сейілхан, Мұзафар сынды достар тапты. Олар да жиырманың жанартауында жалындап жүрген жастар еді. Құрылыстан кеткенше араларынан қыл өтпейтін қиыспас достар болды. Қиыспас деп отырғанымыз, бұл жігіттермен бүгінде жастары 65-ке келсе де, жиі хабарласып тұрады. Бірқатарымен Алматыға барғанда айқұшақ болып кездесуді дәстүрге айналдырған. Хабарласса, кездессе, баяғы ҚазМУ қалашығында қалған қызулы да қымбат жылдардың шуағына шомылып, бір жасап қалады азаматтар! Айтпақшы, құрылыста бригадир болған Арыстанәлиев Болат ағасын, прораб Сейдахметов Марат ағасын әлі күнге ұмытпайды. Алматыға жол түссе, іздеп барып, сәлем береді. Телефонмен жиі хабарласып тұрады.

НАГИМ (1)

Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Нағим мен Гүлнәрдің шаңырағында қонақта

ҚазМУ қалашығының құрылысында осылайша Нағимның да қолтаңбасы қалып еді. Бұдан басқа ВДНХ аталған көрме орналасқан аймақта «Алтын дән» қонақүйін, М. Әуезов атындағы театр ғимаратын, Орбита мөлтек ауданындағы «Байқоңыр» кинотеатрын, технологиялық университеттің құрылысында, тіпті №43 балабақша үйін салуға үлес қосқаны тағы бар. Университет қалашығында ең соңғы қатысқан құрылысы – студенттерге арналған тұрмыстық қызмет көрсететін комбинаттың ғимараты. Мұнда асхана, кафе, шеберхана, шаштараз дейсіз бе, бәрі бар. (Осы жерде Тәжімұратовтың ҚазМУ-дың студенттер қалашығына қатысты мына пікірін де  келтіре кеткеніміз жөн. «Мен ҚазМУ қалашығын өз алдына осылай салайық деп идея көтерген адамның ақылынан айналамын да отырамын. Қандай керемет, студенттер бір жерде тұрады, бір жерде оқиды. Театры да, стадионы да, спортзал да, кітапханасы да,  кафе-асханасы да, тұрмыстық комбинат та, бәрі-бәрі бір жерде. Ешқайда барудың қажеті жоқ, автобусқа жүгірмейді. Алатаудың етегінде, көркем жерде тұрғанын айтсайшы. Алдағы уақытта оқу орындарын саламын дейтіндер, әсіресе облыс орталықтарында, студенттердің барлық жағдайын ойлайтын  осындай көрегендікпен салса деймін. ҚазМУ-дың қалашығы – ғасырларға кететін үлгі, азбайтын-тозбайтын, ескірмейтін идея!» дейді Нағим. Дұрыс қой!)

Ал енді арман болған университет не болды деп отырған шығарсыз, құрметті оқыр-
ман. Оның да жайын баяндайық. Ол кезде жұрттың бәрі заңгер, сот, прокурор, адвокат болғысы келе ме екен, әйтеуір, университеттің заң факультеті деген алынбас қамалға айналатын. Бір орынға 25-30 адамға дейін таласатын жылдар болған. Нағимның да арманы сол факультетке түсу еді. Бірақ жолы болмай-ақ қойды. Бір күні ҚазМУ-дың сол кездегі ректоры, қай-қай жағынан да заңғар адам Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтың қабылдауына барды. Қабылдау бөлмесінде жеке шаруасымен келген шығар, әйгілі актер Асанәлі Әшімов күтіп отыр екен. Көп ұзамай ректор Нағимды да қабылдады. Қарапайымдылық деген қасиет ұлы адамдардың сөзінен де, жүзі мен сипатынан да төгіліп тұрады-ау, сірә. Ректор жүрексініп кірген мұны емен-жарқын әңгімеге тартты. ҚазМУ-ды салып жатқан жас қайрат-комсомол екенін білгенде тіпті жадырады. «Бұйымтайыңды айт, қандай шаруамен келдің, қысылма, бауырым» деді. Нағимды асықпай тыңдап алып, «Заң факультетіне ешқандай мүмкіндік жоқ, механика-математика факультетінің даярлық курсына өзімнің лимитімнен қабылдатайын» деді. Нағим дағдарып қалды. Осы арада ректор «Математика деген – ірі ғылым ғой, менің балам да осы факультетте оқиды, Димаш Ахметұлының баласы да осы факультетті оқып бітірген» дегенде келіспеске амалы қалмады. Сөйтіп, Нағим даярлық курсына студент болып қабылданды. Көп ұзамай, студенттер оны топ старостасы етіп бірауыздан сайлады. Бұл дегеніңіз – студенттердің арасындағы «ірі лауазым», тіпті оны курстың «ректоры» деп студенттердің өзі әзілдеп, биіктетіп қоятыны бекер болмаса керек. Кешегі құрылысшы, енді студент Тәжімұратов осылайша студенттік өмірдің қызығы мен шыжығына гүмп ете түсті. Оның бәрін әңгімелесек, тауыса алмаспыз. Алайда математик болу Нағимға бұйырмапты. Даярлық курсын жақсы бағаға тәмамдап, бірінші курс студенті атанып тұрып, ауылға қайтуға тура келді. (Сол кезде Нағимның кураторы болған атақты математик Алма Есенбекқызы Әбілқасымованың өкінгенін көрсеңіз...). Анасы ауылда жалғыз, інісі сырқаттаныңқырап жүргесін ойы бөліне берді. Ақыры, ауылға оралды. Ауыл мұны жатырқамады, қайта қуана-қуана қарсы алды. Қуанатыны, совхозға (Т. Масин атындағы) дәнекерлеуші ауадай қажет екен. Шаруашылықтың көктен іздегені сонау Алматыдан, ҚазМУ-дың мехматынан аяқтай келіп тұрғасын қалай қуанбасын. Әскерде болған, құрылыста істеген, студент атанған. Ауылдың баласы. Оның сыртында жоғары разрядты дәнекерлеуші. Соны айтсайшы. Бұған дейін совхоздың техникасы сынып қалса, оны дәнекерлеу үшін Ақсерке деген жерде қоныстанған әскери бөлімшенің дәнекерлеушісіне барған сайын еңбегіне деп бір қойды жетектеп барады екен. Нағимның келуімен техниканың тоқтап қалуы жойылды. Арада үш жыл аунады. Оқудан күдерін үзбеген совхоздың еңбек озаты ол мақсатына да жетті. Оралдың ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып, зоотехник мамандығын алды. Оған дейін басшылықтың жұмсауымен жанармай базасын басқарды, совхоздың гараж меңгерушісі болды. Сол Темір Масин совхозының бас зоотехнигі қызметін де адал атқарып, абыройға бөленді.

Кеңестік Одақ ыдырап, аласапыран уақыт басталды. Нарықтық қатынас деген өмірге дендеп еніп, шаруа төңірегінде жүргендердің басына екіталай күн туды. Қандай жағдайда да абдырамайтын, жеті рет өлшеп барып, шешім қабылдайтын Нағим аспады, саспады. 1997 жылдың тәуір күндерін алып келген сәуір айында «биссимилләй!» деп өзінің жеке шаруа қожалығын құрды. Киелі жердің, табанды елдің топырағында дүниеге келді ғой деп ырымдап, қожалығына  «Нарын» атауын қоюды жүрегі түскір қалады да тұрды. Солай атады. «Жанұямды тарықтырмас, несібе болсын, қарауымда істегендерді де жадатып-жүдетпес!» деп іштей сыйынған. Сол тілектеріне періштелер «Әумин!» деп жіберсе керек, қожалық қарайған жанға құт-береке дарытты. Сол «Нарыннан» бүгінде жиырма шақты адам, қарауында істейтіндер дегеніміз ғой, несібе-ырыздықтарын тауып келеді. Бір ауылдың осыншама адамына жұмыс тауып беріп, тұрмыстық жағдайларына қарайласып, қолынан келген көмегін аямай жүрген Нағимның есімі бүгінде «Шіркін, осындай азаматтар көп болса» деп аңызға айналған. Қожалық қазақтың төрт түлігінің бәрін өсіріп жатыр. Жай өсірмей, түйе, жылқы, ірі қарадан ақбас, герефорд сынды текті тұқымдарды, қойдан еділбайды  одан әрі асылдандырумен үзбей айналысуда.

Нағим ауылдық округте құрылған қауымдастықтың төрағасы ретінде ауылдың тұрмыс-тіршілігіне үнемі назар аударып жүреді. Қолы ашық, жомарт жүрек, елгезек азамат ауылының мұң-мұқтажына үнемі сергек қарайды. Орта мектеп, мәдениет үйі, балалар бақшасы, байланыс, су, электр тораптарының, фельдшерлік, мал дәрігерлік пункттерінің жұмыстарын үнемі қадағалап, кемшіліктері болса, ескертіп, көмек қажет болып жатса, қол ұшын беріп келеді. Орта мектептің шатырын дауыл жұлып кеткенде, өз қаржысына материалдар алдыртып, бір жұманың ішінде жөндетіп берді. Ауыл тұрғынының үйі өртеніп кеткенде, ауылдастарының басын қосып, «Асар» жасап, бес бөлмелі үйді салдырып, жиһаз, киім-кешек алып бергенін қайда қоясыз. Ұлы Отан соғысының ерлеріне мемориалдық тақта орнатуға бастан-аяқ атсалысты. Сонау бір жылдарда Бөкей ордасында Өтеміс Мырзағалиев аудан әкімі болды. Нағиммен қарайлас, талай пікірлес болған замандас еді. Жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Көп кешікпей оның жары да о дүниелік болды. Сол азаматтың Сайқында тұрған үйіне өз қаржысына мемориалдық тақта орнатқаны да азаматтық еді. Ауылдағы орта мектептің жанынан мұражай ашу жоспарланып, алайда қаржының тапшылығынан ол жұмыс тоқтап қалыпты дегенді естіп, көмекке ұмтылды. Жарты миллион теңге демеушілік жасап, ауылдың, ұстаздардың еңсесін бір көтеріп тастады. Мұндай жоталы істері көп азаматтың айта берсе. Өткен жазда Нағим көптен ойында жүрген бір шаруаны еңсерді. «Өлі риза болмай, тірі байымайдыны» есінен шығармай, ауылдағы зиратты қоршатты. Материалдарды өзі жинап, шаруа қожалықтарын ұйымдастырып өзі бас болып, 200 мың теңгеден қаржы шығарды. Т. Құбашев, Т. Қабдығалиев, Р. Сисенғалиев, А. Қитанов, С. Иманәлиев, А. Сұлтанов, Е. Шәріпов, Ж. Ишанов, Э. Құбышев, Б. Мәжитов, Т. Байсүндетов, Ж. Базаров, Е. Хамзин қолдап жұмыс істеді. Кеңес заманы кезінде тартылған ауыл ішіндегі электр желілері тозып тұрған еді. Олардың сымдарын кабельге ауыстырды. Тіреуіш бағаналар орнатылды. Бұл жұмыстар Нағимның бас-көз болуымен биыл да жалғасады. Ауыл ішін тазалау жұмыстарына  Нағим  жыл сайын өзінің тракторшысы А. Хабибулинді бекітіп отырады.

Шаруасын дөңгелеткен, тө-ңірегін дариядай пейілімен, мырзақол жомарттығымен жарылқаған жанды абырой өзі іздеп келеді екен. Нағим Тәжімұратовтың аты да, абыройы да бүгінде аудан, облыс өз алдына, бүкіл елге жеткен. Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 4-5-6 шақырылымдарының депутаты, онға жуық медальмен марапатталған. Оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалі ерекше жарқырайды. Бөкейліктер оған ауданның құрметті азаматы атағын бірауыздан сыйлапты.

«Тәжімұратовтың атағы бүкіл елге жеткен дегенді жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Осыдан екі жыл бұрын бүкілқазақстандық «Мерейлі отбасы» конкурсында Тәжімұратовтар отбасы лауреат атанды. Нағимның асқар белінде де, қуаныш-реніштерінде де қасынан қалмай, бәрін бірдей бөліскен қалқатайы – Гүлнәр туралы айтпасақ, азаматтың төрт құбыласы олқы соғып қалуы мүмкін. Гүлнәр – шаруа деп түзде жортқан жарының тілеуін тілеп, отағасының қасы мен қабағына қараған нағыз қазақтың әйелі. Азаматының барын асырып, жоғын жасырып, үзілгенін жалғап, сынғанын бүтіндеп, алдын кеспей, үнемі барлық жағдайын жасап  жүретін жан. Алтын асықтай екі ұл мен тотыдайын таранған үш қызды бауырынан өргізген, 18 немере-жиен сүйген бақытты әже. Екі ұлы - Алтай мен Әлібек шаруашылықта әкелерінің сенімді көмекшілері. Екі қызы - Эльмира мен Гүлдана тұрмыста. Кенже қыздары Тоғжан орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, бір кезде әкесінің қолтаңбасы қалған ҚазМУ-да оқып, саясаттанушы мамандығын алған. Қазір сол мамандығымен жұмыс істеп жатыр.

Енді осы айтқандарымыздың ішінен Нағим Тәжімұратовтың жеті қырын шығарайық. Біріншісі – адал жүріп, анық басқан ғой. Екіншісі – таза еңбек етіп, тер төгіпті. Үшіншісі – әділ болуы, қазақы дәстүрді сақтауы әр қадамынан, әр ісінен көрініп тұрған жоқ па? Төртіншісі – үнемі іздену, әр нәрсені ақыл таразысына салу, оқу-тоқу, шежіре, мақал-мәтелдің, тарихтың астарына үңілу, оны орнымен әңгімелеу қанына әбден сіңген. Бесіншісі – барды бөліскен, жоқ-жітікке қамқор
болған, ауылына қарайласқан қадамдарын айтсаңшы. Алтыншысы – өзін өзгеден жоғары қоймайтын қарапайымдылығы, барымен көзге ұрмайтын ортақшылдығы азаматтың абыройын аспандатып тұрған жоқ па? Жетіншісі – отбасы берекесін, ұл-қыздарының тәрбие-сін әу бастан ойлаған көрегендігін қайда қоясыз? Сол көрегендігі ғой республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Тәжімұратовтардың мерейін аспандатқан. (Тап осы арада мына бір жайтты да айтпай кете алмаймыз. «Мерейлі отбасы» республикалық байқауында жеңімпаз болуымен сол кездегі облыс әкімі Ғали Есқалиев өзі арнайы құттықтайды. Емен-жарқын, екеуара әңгімеден соң,  Нағим әкімге жеке қабылдауын өтінеді. Есқалиев «Осы қазір ауданға шығып бара жатыр едім, бірақ жарты сағат уақытымды бөлейін сізбен әңгімеге» дейді. Мұндай қабылдауға барған адамның көбі өзіне, баласына қаладан үй сұрайды, ұл-қыздарына жұмыс сұрайды. Тіпті марапат сұрағандарды да естіп қаламыз. Ал Тәжімұратов не сұраған дейсіз ғой. Ол болса, облыстың ең шалғайында орналасқан Ордаға баратын жолдың құрылысын тездетуді, кейбір қиын жерлерге  өтпелі көпір салуды сұрапты сабазың. Қысқаша айтқанда, шалғайда жатқан елдің проблемасын айтыпты. Елдің қамын жеген нағыз азамат осындай болса керек).  Сегізінші қыры – қазақтың осы қалай деген азаматтары айшылық жерден іздеп келетін қонақжайлығы. Олардың арасында қазақтың талай жылғы арманын арқалап, ғарышқа тұңғыш самғаған ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің болуы және бірнеше рет келуі Нағим Қитанұлы Тәжімұратовтың осал қазақ емес екенін аңғартпай ма, құрметті оқырман!

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»газетінің арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале