Оралда нан және кондитерлік өнімдердің түр-түрін дайындайтын «Талецкий О. В.» ЖК наубайханасының құрылғанына ширек ғасырға жуықтады.
Жуырда Олег Валерьевич басқаратын осы кәсіпорынға жол түсті. Кәсіпкер жұмыс орнын аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Наубайхананың іші бөлек бір әлем екен. Бір-бірімен жалғасып жатқан бірнеше цехта бос жүрген жұмысшы жоқ. Бірі қамыр илеп, екіншісі формадағы қамырды пешке салып тұр. Жаңа піскен нан мен тоқаштардың иісі мұрын жарып, тәбетті ашады. Кондитерлік цехтағы түрлі-түрлі тәттілер мен әдемі безендірілген торттар көздің жауын алады. Наубайхананың қай бұрышында да қайнаған еңбек.
Кәсіпкер өнімдерді қаладағы 30 шақты сауда нүктесінде сатады.
- «Желаев нан» сауда белгісімен кондитерлік өнімдердің 50, нан өнімдерінің 30-дан астам түрін шығарамыз. Биыл наубайхананың құрылғанына 25 жыл толмақ. Кейбір жұмысшылар сол кезден бері еңбек етіп келеді. Мәселен, бас технолог Владимир Чесноковтың осында жұмыс істегеніне ширек ғасыр болады. Мұндай тәжірибелі мамандар өндірістің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Олардың білікті кадрлар даярлауға да қосар үлестері зор. Жас мамандар да бар, – деді Олег Талецкий. Мұнда Орал қаласынан келіп жұмыс істейтіндерді арнайы көлікпен тасымалдайды екен. Осындағы асханада 500-600 теңгеге түскі ас ішуге болады. Жалақылары 120-150 мың теңге аралығында.
О. Талецкийдің нан өнімдерін шығаратын өзге әріптестерінен бір артықшылығы – 2000 гектар жерге бидай, қара бидай егеді. Осылайша нарықтағы астықтың бағасына тәуелділікті азайтып отыр. Бидайды диірменге тарттырып, ұн алады. Кәсіпкер бұл ұнды сатып алғанға қарағанда едәуір арзанға шығады дейді. Сонымен қатар ол «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы бірінші сұрыпты бидай ұнын алып, нан пісіреді. Әлеуметтік нанның бағасы – 90 теңге. «Күн сайын жаңа піскен нан мен нан өнімдерін саттыққа шығарамыз. Қазір сушки пісіруді қолға алдық. Осы қалада «Бородинский» нанын алғаш рет біздің наубайхана пісірді. Кондитерлік өнім түрлерін үнемі жаңартып отырамыз. Өнімдердің бағасын қымбаттатпауға тырысамыз», – деді кәсіпкер. Олег Валерьевич өнімдерге қатысты қандай да бір шағым болса, дүкендегі сатушыларға ескертуге болатынын айтты. «Ал дүкеншілер арыз-шағымды тіркеп алуға міндетті. Мен олардың барлығын қарап, тиісті жауабын беремін. Себебі қандай мәселе болса да дер кезінде шешкен жөн», – деді ол.
Қайрат Хасанов мұнда 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында қарапайым жұмысшы болған ол кейін мансап сатысымен көтеріліпті. Қамыр араластырғыш, технолог, технологтің орынбасары секілді бірнеше қызмет атқарған. «Қазір ауысым бригадирімін. Қарамағымда алты адам бар. Жұмыс кестесі, еңбек тәртібі ұнайды. Себебі мұнда жұмысшықызметкерлерге мүмкіндігінше барлық жағ-дай жасалған. Үлкен ұжымның ауызбіршілігі мығым», – деді қауырт жұмысынан қолы қалт еткенде ауысым бригадирі. Олег Валерьевич қазақтың «Қуыс үйден құр шықпа» деп, келген қонақтың қолын бос қайтармайтын дәстүрін білсе керек. Тәтті күлшелерінен дәм таттырды. Біз болсақ, жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне тәнті болып аттандық.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
Фото: М.Салық