Қарағанды қаласында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында республикалық спартакиада өтті. Екі күнге созылған жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен іріктелген кіл мықты командалар қатысты. Солардың арасында батысқазақстандық БАҚ өкілдері де болды. Журналистер волейбол, футбол, үстел теннисі, қазақша күрес, бильярд секілді спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Спартакиаданың мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында дене шынықтыру мен спорттың бұқаралығын арттырып, өзара ынтымақтастығын нығайту. Батысқазақстандық журналистер жарыста әділ («легионерлерді» қатыстырмай) ойын өрнегін көрсетіп, әмбебап маман екендігін дәлелдеді. Нақтырақ айтсақ, бильярдтан Ақ Жайықтан барған БАҚ «баһадүрлері» екінші орын алды. Команда сапында «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері Азамат Айсағалиев, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан мен «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Сергей Уланов болды. Үстел теннисінен «Aqjaiyq» телеарнасының қызметкері Марат Айса үшінші орын иеленсе, қазақ күресінен Тасқала аудандық «Екпін» газетінің директор-редакторы Темірболат Тоқмамбетов те қола жүлдеге ие болды.
Тартысты өткен республикалық спартакиадада түркістандықтар көш бастады. Ал жалпыкомандалық екінші орынға Шымкент қаласының командасы қол жеткізді. Командалық үшінші орынға жергілікті Қарағанды құрамасы жайғасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктар және дипломдармен марапатталды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz