11.12.2025, 12:00
Оқылды: 74

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі: «Облыс экономикасына 567 млрд теңге инвестиция тартылды»

Өңір экономикасында тұрақты өсім бар.  Инвестициялар көлемі артып, шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, әлеуметтік салаларда жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биыл құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 4,1%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға (566,6 млрд теңге) артқан. Өткен үш жылда өңірде өндірілетін өнімнің көлемі 4,4 трлн теңгеден 4,7 трлн теңгеге, яғни 6,5%-ға көбейген.  Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

 аким

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берген өңір басшысы алдымен инвестиция тарту мәселелері мен жаңадан жүзеге асқан жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, өңір экономикасының басым бағыттарында, яғни мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешенінде 30 000-нан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорындар ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да экспорттайды. Биыл облысқа 567 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның 80%-ы немесе 453 млрд теңгесі – жеке сектордың үлесі.  Алдағы бес жылда 4,4 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

– Шетелдік капиталды тарту мақсатында биыл өзім бастаған делегация Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне барып, бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды. Маңызды ірі бастамалардың бірі – қытайлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырған «Batys POWER» компаниясының газ турбиналы электр стансасының қуатты 414 МВт-қа дейін арттыру жобасы (қазіргі таңда қуаттылығы 100 МВт сағатына) болатын. Сонымен қатар «ZhaikPetroleum Ltd» компаниясы мен Қытайдың «Foshan City Construction Engineering Co» компаниясы жылына 130 мың тонна метанол өндіру кешенін салуды бастады. Қытайдың «Chengtian Runkang Pharmaceutical» компаниясымен «Киік етін қайта өңдеу» жобасы, ал Чехияның «Склострой» компаниясымен «Контейнерлік шыны өндіруге арналған жабдықтар шығару» жобасы бойынша да жұмыс жүргізілуде. Ирандық «Персист-Kaзах» компаниясы өңіріміздегі «Пуш Руно» тері өңдеу зауытының жұмысын қайта жаңғыртуды қолға алды», –   деді облыс әкімі.

 

Ірі қара саны бойынша көш басында

Брифинг барысында Нариман Төреғалиұлы облысымыздың табиғи климаттық ерекшеліктері мал өсіруге қолайлы екенін және республика көлеміндегі етті бағыттағы ірі қара малдың 42 пайызы біздің өңірде өсірілетінін айтты. Яғни Ақ Жайық өңірі ірі қара мал басы санынан республика бойынша екінші орында (997,6 мың бас). Облыста мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыру үшін суармалы егіншілік алқабын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы саласында 15,4 млрд теңгеге 18 жоба іске асқан.  Яғни 1,5 мың га суармалы жерді айналымға енгізу бойынша бес жоба, тауарлы екі сүт фермасы және 3000 басқа арналған бордақылау алаңы. Ауыл шаруашылығы саласына 50,6 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Осындай қолдау-көмектің нәтижесінде өңірдегі жалпы өнім көлемі 6,4%-ға артып, 281 млрд теңгеге жеткен.

Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға соңғы 3 жылда арнайы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі) 21 млрд теңге қаражат бөлініп, 12 жоба қаржыландырылған. Оған (жылына 13,8 мың тонна сүт өндіретін) сүт-тауарлы бес ферма, көкөніс сақтауға арналған екі қойма (11,6 мың тонна), екі  бордақылау алаңы (10 мың басқа), сүтті қайта өңдейтін кәсіпорын (тәулігіне 15 тонна) құру бойынша екі жоба жүзеге асқан.  Бұл жобалар облыс тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22,3%-дан 39%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

– Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 23 кәсіпорын бар. Өткен жылы қайта өңделген өнім көлемі 208 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 70%-ға жеткізуіміз қажет. Егін шаруашылығы да серпінді дамуда. Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 15 мың гектарға ұлғайып, 638 мың гектарға жетті. Егістік алқаптарды әртараптандыру нәтижесінде бұршақ тұқымдас дақылдар көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектардан 22,4 мың гектарға дейін, яғни 12 есе артты. Өңірде көкөніс тапшылығын болдырмау үшін  қажеттілікті 100 пайызға қамтитын 30 қойма тұрақты жұмыс істейді. Заманауи қоймалардың жалпы сыйымдылығы 65 мың тонна. Бұған қоса, көкөніс сақтауға арналған 18,5 мың тонналық төрт қойманың жобасы дайындалуда, – деді  өңір  басшысы.

Ауыл шаруашылығы – суды ең көп тұтынатын сала.  Бүгінде облысымыздағы 50 гидротехникалық нысанның 25-іне жөндеу жұмыстары қажет. Былтыр 1 млрд теңгеге 10 су қоймасына қайта жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді (оның ішінде 4 су қоймасы –
республикалық, 6 су қоймасы – коммуналдық меншік). Сондай-ақ 11 су қоймасына көпфакторлы зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 су қоймасын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2,9 млрд теңгеге 19 қорғаныс бөгеті қалпына келтірілді. Бөгеттердің жалпы ұзындығы – 37 шақырым. Каналдардың өткізу қабілетін қамтамасыз ету үшін үш жылда 281 шақырым болатын каналдарға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл ұзындығы 192 шақырым болатын Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның құны – 4,6 млрд теңге.

5 (4)111

Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңірдегі Үлкен және Кіші өзендер бойына 38 млн текше метр болатын екі су қоймасын салу жоспарланып отыр.

Брифинг барысында эпизоотиялық қауіпсіздікке де тоқталған өңір басшысы  биыл облыстық бюджеттен 576 млн теңге қаржы бөлініп, бір ветеринарлық стансаның (Бөрлі ауданының Ақсай қаласында) жаңадан салынғанын және  29 ветеринариялық пункт қолданысқа берілгенін айтты. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 232 млн теңгеге 29 мал қорымы салынған.  2026-2027 жылдарға осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд қаржы қарастырылды. Алдағы екі жылда ветеринариялық үш станса, 55 ветпункт және 73 мал қорымы салынбақ.

«Қаладан ауылға!»: 195 отбасы  ауылға  оралды

Өңірімізде мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Қаладан ауылға!» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба тұрғындардың ауылдық жерлерге, әсіресе шекаралық аймақтарға қоныс  аударуын ынталандыруға, еңбек ресурстарының тапшылығын жоюға, ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, шағын-орта бизнес субъектілері санын арттыруға бағытталған. Жоба қысқа мерзім ішінде-ақ ауыл тұрғындары мен қоныс аударушылар тарапынан кең қолдау тапты. Бағдарлама аясында қаладан бір мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылға қоныс аударды. Оның 600-і – бала. Қоныс аударған отбасылардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етілген.

612

– Ауылдағы халық санын тұрақтандырып,  экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған бағдарламаның нақты нәтижелері көріне бастады. Қоныс аударған азаматтардың 216-сы тұрақты жұмысқа орналасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, өзге де салалардың мамандары, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан азаматтар да бар. Аталған шаралардың арқасында ауылдардағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін тауып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектеп өз жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – «Қаладан ауылға!» жобасының ауыл әлеуетін арттырудағы маңызды қадамға айналғанының айқын дәлелі, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Өңір экономикасының дамуына шағын және орта кәсіпкерлік нысандары зор үлесін қосуда. Өткен үш жылда облысымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57,6 мыңнан 59,2 мыңға, яғни 2,7%-ға артты. Аталған салада 130 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 мыңнан астам жобаға 28 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Өңірлік өнім өндіретін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,7% деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада алдыңғы бестікте. Облыс әкімі бұл бағытта жүйелі шаралар кешені қабылданғанын, шағын кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесі 2028 жылға дейін 40%-ға жеткізетінін айтты.           

27 мектеп, 11 мәдениет үйі  бой  көтерді

Нариман Төреғалиұлы баспасөз мәслихатында әлеуметтік сала бойынша халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асқан жобалар мен салынған нысандарға да тоқталды.

Облыста 2023 жылдан бері 52 меднысан салынған.  Сондай-ақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға бе-ріліп, Президент тапсырмасы толық орындалған. Биыл Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалардың құрылысы басталса, кейінгі үш жылда өңірдегі емдеу нысандарына 442 дәрігер маман тартылып, оның 236-сы ауылдық жерлерге жолданған. Медицина саласының материалдық-техникалық әлеуетін жақсартуға 5,1 млрд теңге бөлініп, 100-ге жуық заманауи медициналық құрал-жабдық алынған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыстағы емдеу мекемелерінің медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 83,8%-ға жеткен.

Ал балаларға сапалы білім беру мақсатында 2023 жылдан бері облысымызда 27 мектеп салынып, пайдалануға берілген. Оның 9-ы «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген.  Жыл соңына дейін тағы  жаңа үш білім ошағының есігі айқара ашылып, өңірдің білім беру әлеуетін одан әрі арттыра түспек. Аталған мектептердің 22-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бүгінде жаңа 11 мектептің құрылысы жүруде. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде апатты 11, үш ауысыммен оқитын бес мектептің мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджет және «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3,3 млрд теңгеге 119 пәндік кабинет сатып алынған.

2023 жылдан бері облыста  12 спорт нысаны пайдалануға берілген. Мемлекет басшысының облысқа жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес Орал қаласында 1200 орындық заманауи спорт кешені бой көтерді.  Биыл 9 спорт нысанының құрылысы жалғасуда, олардың бесеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.  Бүгінде облыстағы барлық аудан орталықтары дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен толық қамтамасыз етілді.

Өңір басшысы соңғы үш жылда 11 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешендер пайдалануға берілгенін баяндады. Бүгінде 7 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр, оның төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

– Мемлекет басшысы: «Қай кезеңде де елдің тірегі – еңбекқор азаматтар» деп, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.  Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарына сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Өнеркәсіптің, көлік және құрылыс саласының, агроөнер-кәсіптік кешеннің дамуы заманауи технологияларды меңгерген білікті кадрларды қажет етеді. Батыс Қазақстан облысының колледждерінде 15 мыңнан астам студент білім алуда. Соның ішінде 14 мыңға жуық жас дәл осы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп келеді. Өңірде жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда. Былтыр «Жайық жастары» жеңілдетілген  ипотекалық өңірлік бағдарламасын іске қостық. Бағдарлама аясында 151 жас отбасыға баспана алу үшін 2,5 млрд теңге көлемінде 5% мөлшерлемемен несиелер берілді,  – деді өңір басшысы.

60  жыл бұрын  салынған кәріз және  электр  желілері  жаңғыртылуда

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 259 млрд теңге қаралған.  Осы қаражат есебінен барлық деңгейдегі 1500 шақырым аутомобиль жолдары жөндеуден өткен. Соның ішінде жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 56 елді мекеннің кіреберіс жолдары жөнделді.  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөнделіп, бұл жобаға 81,7 млрд теңге  жұмсалды. Өңірлік туристік картаның ТОП-50 нысанына енген, республикалық маңызы бар «Хан ордасы» мұражай-қорығына апаратын ұзындығы 21 шақырым жол жөндеуден өтті. Сондай-ақ биыл облыс аумағындағы төрт теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Олардың жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайды. Жаңа кейіпке енген вокзалдар заманауи сервиске сай жабдықталып, халыққа қолайлы инфрақұрылым қамтамасыз етпек.

1111111

Брифингтегі баяндамасында Нариман Төреғалиұлы облыстағы су, кәріз және жылу жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатырғанын да айтты. 2023 жылдан бері 10,5 млрд теңге қаржы бөлініп, кәріз жүйесі бойынша 4 ірі нысан іске қосылған. Пайдалану мерзімі 60 жылдан асқан және бұған дейін реконструкция жүргізілмеген төрт ірі (№2, №3, №19 және Ақжайық шағынауданындағы) кәріздік сорғы стансалары жаңғыртылып, нәтижесінде 320 мың тұрғын сенімді кәріз жүйесімен қамтылған. Жыл соңына 2,3 млрд теңгені құрайтын тағы екі кәріздік сорғы стансасының реконструкциясы аяқталып (№18А, №21), 90 мыңнан астам абонент тұрақты су бұру жүйесіне қосылмақ. Сонымен бірге 1,4 млрд теңгеге №5 жылу магистралі толықтай жаңғыртылып, 60 мың тұрғынның үйі тұрақты жылумен қамтылған. Сонымен қатар Орал қаласының жылу электр орталығында 3 млрд теңгеге градирня толық ауыстырылып, экологиялық тұрғыдан тиімді шешім қабылданды. Яғни Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 млн текше метрге үнемделді.

Өңірдің электрмен жабдықтау саласы да жаңғыртылуда.  Соңғы үш жылда құны 13 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 50 жылдан астам уақыт пайдаланылған 6 мың шақырымға жуық электр желілері жаңартылды. Сонымен қатар екі жаңа қосалқы станса мен екі өндірістік-жөндеу базасы салынды. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді. 1960 жылы іске қосылып, соңғы 10 жыл уақыт бойы тоқтап тұрған №1 турбоагрегаттың жаңартылуы энергия тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Нәтижесінде стансаның қуаты 12,5 МВт-қа артып, 58 МВт-қа жетті. Сонымен қатар қаланы электр энергиямен тұрақты қамтамасыз ететін HITACHI (хитачи) турбинасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде турбинаның қуаттылығы 28 МВт-қа артатын болады.

2023-2024 жылдар аралығында 10 мыңға жуық тұрғыны бар 72 елді мекен таза ауыз сумен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 55 елді мекенге ауыз су жеткізіледі. Аталған жұмыстарға 20,0 млрд
теңге қаражат бөлінген. Осылайша, елді мекендерді 100% ауыз сумен қамту жөніндегі Президент тапсырмасы облысымызда толық орындалмақ. Газдандыру бойынша да облыста мәселе жоқ, жоспар 99,8%-ға орындалған.

Ақ Жайықта 2023 жылдан бері  319 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3698 пәтер халық игілігіне берілді. Биыл 19,2 млрд теңгеге көпқабатты 7 үй мен ауылдық жерлерде тағы 14 тұрғын үй, барлығы 1292 пәтер салынды.  Әлеуметтік осал топ бойынша кезекте тұрған азаматтарға жыл соңына дейін 579 пәтер сатып алынады.

Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 5431 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Соның ішінде 1733 пәтер ауылдық елді мекендерде пайдалануға берілді.

Бір  мыңға  жуық арнайы  техника алынды

Халықтың қауіпсіздігін, денсаулығын қамтамасыз етіп,тұрмысын жақсартатын салалардың материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту мақсатында өңірімізде бір мыңға жуық (төтенше жағдай – 81, полиция – 331, орман мекемелері – 123, коммуналдық шаруашылық – 58, білім және денсаулық сақтау – 190, ветеринария – 149, Батыс ирригация – 24) арнайы техника сатып алынды. Оған облыстық бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Биыл өңірімізде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық 5,2%-ға төмендеген  (2025 ж. – 3367, 2024 ж. – 3551). Бұл республика бойынша тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың 3,2%-ын құрайды (республика бойынша 104 774 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген). Облыста ұрлық, тонау, аса ауыр қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайып отыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері облыс бойынша 1 мыңнан астам бейнебақылау камерасы (Орал қаласы – 300, аудандарда – 768) орнатылды.

«Smart City» тұжырымдамасы негізінде республикадағы ақылды қалалардың рейтингісі бойынша Орал 78,3%-бен үздік 5 қаланың бірі болып танылып отыр.

– Өңірімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.  Тазалық жұмыстарына 121 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекеме-кәсіпорындар қатысты. Елді мекендерде 241 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Орман қорына 8 миллионнан астам тал-терек егілді.  Орал – жасыл қала  мәртебесін иеленген шаһар. Сондықтан біз табиғатты қорғап, тазалығын сақтауға басымдық береміз. Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстары – баршамыздың ортақ міндетіміз. Орал қаласында 57 саябақ болса, соның 41-і  жаңғыртылды.

Бүгін баяндаған облыстағы барлық көрсеткіш пен жүзеге асқан ауқымды жобалар –
өңірдегі еңбек адамдарының маңдай тері мен кәсіби шеберлігінің арқасында жүзеге асып отыр, –  деп баяндамасын түйіндеді облыс әкімі Нариман  Төреғалиұлы.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале