10.01.2025, 11:30
Оқылды: 43

Нариман Төреғалиев: Елдік бастамалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға серпін берді

Батыс Қазақстан облысының әкімі  Нариман Төреғалиев "Egemen Qazaqstan" газетіне сұхбат берді.  zhaikpress.kz сұхбаттың толық мәтінін ұсынады.

– Нариман Төреғалиұлы, Батыс Қазақстан облысына әкім болып келгеніңізге ­2 жыл толды. Осы уақыт ішінде өңір тұрғындарының әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды. Қызметке тағайындалған кезіңізде Президент қандай тап­сырма жүктеген еді? Елдік бастамалардың орындалу ­барысы қалай?

2025_01_10_img_9101

Сурет: egemen.kz

– Мемлекет басшысы­ның елдік бастамаларының маңызын уақыттың өзі айқындап отыр. Маған жүктелген бірінші тап­сырмасы өңір­дегі коммуналдық-энергетикалық секторды жаң­ғырту болатын. Біздің аймақта электр желілерінің тозуы 80,7%-ға жеткен. Қазір өңірде электр желілерін жаңартуға бағытталған жұмыс басталды. 2023-2024 жылдары аймақтық электр желіле­рін таратушы кәсіпорынның қаражаты есебінен әртүрлі кернеудегі 2 744 км электр желі­сіне, 36 қосалқы стансаға және 482 трансформаторлық стан­саға күрделі жөндеу жасалды. Бүгінде тұрғындарымыз жайлы өмір сүруі үшін маңызды ком­муналдық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмысы аяқталды. Жаңадан қосалқы электр стансалары пайдалануға берілді. №3 кәріз-сорғы стансасы мен №5 жылу магистралі жаңартылды. Бұл нысандар 1960-1970 жылдардан бері жөндеу көрмеген. Жаңа электр стансасы Орал қаласында 120 мың тұр­­ғынды электр қуатымен қам­­тамасыз етеді. №5 жылу ма­гис­тралі 70 мың, №3 кәріз-сор­ғы стансасы 150 мыңға жуық пай­да­­ланушыға қызмет көрсетеді.

Орал қаласы бойынша №2, №21, №18А кәріз-сорғы стансаларына, №2 жылу магистраліне, №1 турбоагрегатқа қайта жаңарту жұмысы басталып, қаланың солтүстік-шығыс бетінде жаңа электр қосалқы стансасы салынып жатыр. Келер жылы №29 кәріз-сорғы және №20 су көтергіш стансаларының құрылысын бастаймыз. Осылайша, облыс орталығының су әкету және су көтеру нысандарының бәрі де жаңғыртылып, іске қосылады.

Энергетика саласы бойынша маңызды мәселенің бірі – өзге елге тәуелділікті азайту. Қазір біздің Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандары электр қуатын Ресейден алып тұр. Осыған байланыс­ты 5 мегаватты газ поршеньді қондырғы орнату бойынша Энергетика министрлігімен келіссөз жүр­гі­зіліп жатыр. Облыста 4 елді мекен газды Ресейден алады. Олар: Жәнібек ауданында­ 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольное). Жәнібек ауда­нындағы ауылдарға өз газы­мызды жеткізу үшін мердігер анықталды. Келер жылы құбыр тартылады. Ал Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы өткен жылы өңірімізге жұмыс сапары барысында Қара­шығанақ кен орнында қуатты­лығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөнін­де тапсырма берді. Жаңа газ өңдеу зауытының келешекте іске қосылуы тауарлы газбен қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік жасайды.

– Былтыр Батыс Қазақстан облысында болған алапат су тасқыны халыққа қиын тиді. Тасқын зардабын жою бағытында атқарылған жұмыс жайында айтып берсеңіз.

– Иә, былтырғы табиғи апат салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй, 15 мыңдай саяжай су астында қалды. Мемлекет басшысы тапсырмасымен Үкіметтің дер кезінде қабылда­ған шараларының арқасында 9 994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. 10 мыңнан астам отбасыға шығындар үшін 3,7 млрд теңге материалдық көмек берілді. Тұрғындар баспанасын қалпына келтіру үшін 4,3 млрд теңге жөндеуге бөлінді. 40,8 млрд теңгеге 1 939 пәтер сатып алынып, 23,7 млрд теңгеге 889 жаңа үй салынды. Қайырымдылық қорлары есебінен 69 отбасы жаңа баспана алды.

Осы сәтті пайдалана отыра, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға, қиын сәтте қол­ұшын созған барша азаматқа және демеушілерге алғысымды білдіремін.

– Мұндай тасқын биыл қайталанбай ма? Апаттың алдын алу үшін қандай дайын­дық жасалып жатыр?

– Әрине, көктемге дайын­дықты өткен күздің алғашқы айынан бастап кеттік. Қазірдің өзінде Жайық өзені бойында дамбалар салынып, су тасқыны болуы мүмкін аймақтар бекі­тіліп жатыр. Елді мекендерде қорғаныс бөгеттерін орнату 2024 жылғы инженерлік жұмыс жоспары шеңберінде және «Демеу Қазақстан қоры» есебі­нен жүргізіледі. Жалпы, 2025 жыл­ғы су тасқыны кезеңінде елді мекен­дерді тасқын судан қорғау үшін жалпы ұзындығы 102 км ­54 қорғаныс бөгеті орнатылды.

– Президент алға қойып отырған тапсырманың бірі – өңірге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту. Осы бағытта қандай ­жобалар бар?

– Соңғы екі жылда негізгі ка­пи­талға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңге болды. Соның ішінде жеке инвес­ти­ция­­ның үлесі – 900 млрд теңге. Бұл келген қаржының 75%-ы­ же­ке инвестиция деген сөз. Со­ны­­мен қатар соңғы екі жылда об­лы­сымызға салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,8 млрд доллар болды. Бүгінге дейін өңірдің негізгі инвесторы – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы болып келді. Оның үлесіне өңірдегі инвестицияның шамамен 60%-ы тиесілі. Әрине, бір компанияның қызметіне осылайша тәуелді болу үлкен тәуекел туғызады. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды міндеттің бірі – өңір экономикасын әртараптандыру. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірде соңғы екі жылдың өзінде 39,2 млрд теңгеге 55 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы 5 жылда 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Бұл өңірде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген сөз.

2024 жылдың қазан айында мұнай-газ саласына қажетті жаб­­дықтарды өндіретін «Kaspi­MunayKapital» зауыты іске қосылды. Осылайша, шикі­зат өн­дірісіне қажетті құрал-жаб­дықты өзімізден шыға­руға мүмкіндік алдық. Өткен қа­ра­ша­да жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңге­лек үстел аясында Премьер-министр­дің қаты­суымен 81 млрд теңгеге оң­түстік кореялық инвес­тор­мен меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, алдағы жыл­да­ры бір­қатар маңызды инвес­ти­ци­я­лық жоба іске асырылады. Олар:

  • «Қазақ калиум» компа­ния­сының «Сәтимола» кен орнында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенін салу жобасы;
  • Қытайлық «China Energy» инвес­торымен бірлесіп, 2028 жылға дейін әрқайсының қуаты 100 МВт болатын 2 ГТЭС салу жоспары;
  • «Bilgili Group» түрік компаниясымен бірлесіп, тұрмыстық химия өндірісі жолға қойылады (38 жаңа жұмыс орны);
  • Орал трансформатор зауы­тының базасында алюминий бұйымдарын өндіру («Ural Electric» ЖШС, 10 жұмыс орны);
  • Қуаты 15 мың тонналық 2 көкөніс қоймасын салу («Baystone» ЖШС, «Орал Агро» ЖШС).

Шағын және орта бизнес бағытында да бірқатар бастама бар. Облыста 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысанында 130 мың адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті дамытуға 2023-2024 жылдары 38,1 млрд теңге бөлініп, 6 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.

– Ауылдарды сапалы ауыз­су­мен қамту, газдандыру ба­ғы­тында қандай жұмыс атқа­ры­лып жатыр?

– Соңғы екі жылда 32 ауыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 12 млрд теңгеге 71 жоба жүзеге асып, 8,1 мың тұрғын таза суға қол жеткізді. 2024 жылдың соңында ауыл халқының 97%-ы сапалы ауызсумен қамтылды. Қазір 310 ауыл таза су тұтынады. Бұл – өңірдегі барлық елді мекеннің 75%-ы. 2023 жылы 7 ауыл және 17 ауылдағы 49 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылған еді. Бұл үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бүгінде облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 99,7%-ға жетті. 2025 жылы тағы 11 ауылға табиғи газ тартылады.

– Астанадағы брифингте 2020-2022 жылдары басталып, тұрып қалған нысандар жа­йында айтып едіңіз.

– Батыс Қазақстан облысында 2020-2022 жылдары басталып, аяқталмаған 55 әлеуметтік нысан тіркелген болатын. Бүгін­де олардың құрылысы толық аяқталды. Бұл халық үшін аса маңызды су құбыры, мек­теп, спорттық нысан, жол, инже­нерлік желі, тұрғын үй, мәдениет пен денсаулық сақтау нысандары болатын. Біз жосықсыз мердігерлерді жауапқа тартып, тиісті қаражат көздерін тауып, мәселеге нүкте қойдық.

– Өткен жылы Бөкей орда және Жәнібек аудандарына салынып жатқан жол құрылысы аяқталды...

– Иә, облыс тұрғындарын әрдайым толғандыратын мәсе­ле­нің бірі – жолдың сапасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жылда облыста 174 млрд тең­геге 1 мың шақырымнан аса жол жөнделді. 2023 жылы 137,4 км республикалық, 290,8 км облыстық және аудандық жол және 134 км көше желілері жаңартылды. 2024 жылы респуб­ликалық дәрежедегі – 77,8 км, облыстық және аудандық дең­гей­дегі 242,6 км жол жаңар­тылып, 125,8 шақырым көшеге асфальт төселді. Биыл да 500 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отыр.

– Соңғы кезде облыста әлеу­меттік нысандар да көптеп бой көтере бастағандай?

– Рас айтасыз, білім саласында 2023 жылы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пай­да­ла­нуға берілсе, өткен жылы жаңа­дан 6 мектеп салынды. Биыл «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 6 мектеп құрылысы жүреді. Бұған қоса 8 мектептің құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар осы жылы 5 мектепті күр­­делі жөндеуден өткізу жос­пар­ланып отыр. Осы жұмыстар облыстағы үш ауысымды және оқу орны тапшылығы бар мек­теп­­тердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан құрылысы жоспарланып, 2023 жылы 12-сі пайдалануға берілді. Өткен жылы 38 нысанның құрылысы жүрді. Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мәдениет саласында Қоржын, Көнеккеткен, Қабыршақты, Макаров, Көшім, Атамекен, Өлеңті ауылдарында жаңа нысан салынып, үш нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге былтыр ауыл кітапханаларын қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауыл­дық жерде 25 кітапхананы жаң­ғырту жобасы жүзеге асты. Қор бөлген қаражатқа кітап­хана­ларға заманауи құрал-жаб­дық, жиһаз сатып алынып, кітап қоры толықтырылады. Жыл аяғында бұл жұмысты аяқтаймыз.

Оралда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мәдениет және жас­тар үйі ғимаратында «Самұ­рық Қазына» қорының қол­да­уымен «креативті хаб» іске қосылады. Хаб өңірдегі жастар шығармашылығын дамы­­­туға бағытталған. Спорт инфра­­құры­­лымын дамы­ту мақ­са­тын­да былтыр 2 денешынық­­тыру-сауықтыру ке­шені және 1 модульді спорт кешені пай­далануға берілді. Прези­дент­тің 2023 жылы өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, Орал қаласында мың орындық көпфункционал­ды спорт кешені ашылды. Ендігі кезекте облыстың ірі ауылдарын спорт нысандарымен қамтуды бастап кеттік. Бүгінде 7 ауылға осындай спорт кешен салынса, келесі жылы Жақсыбай, Ұялы, Шөптікөл, Дариян, Ақжайық, Ақпәтер ауыл­дарында 6 спорт кешенін саламыз.

– Ауыл шаруашылығы саласында қандай жаңалық бар?

– Мемлекет тарапынан бұл саланы қолдауға 2023-2024 жылдары 114 млрд теңге қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. 2024 жылы алынған төлімен бірге ұсақ малдың саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара 1 млн, жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті. Нәтижесінде, облысымыз етті және етті-сүтті ірі қара мал басы мен асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша республикадағы ең ірі өңірдің бірі болды. Қазір біздің облыс көршілес өңірлерді де ет өнімдерімен қамтып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жылда 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, ауылдық жерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Несиеге қол жеткізе алмайтын, халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық несие беру жүзеге асты. Қазір 215 отбасыға тауарлық несие ретінде 354 сиыр, 535 қой-ешкі және 86 жылқы берілді. Бұл жұмыс жалғасады.

Өткен жылы өңірдегі ең ірі «Қарашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға отырып, бағдарлама аясында кәсіп ашқан тұрғындардың өнімдерін зәкірлік кооперациялар арқылы КПО компаниясына тікелей сату ұйымдастырылды. Сөйтіп, «Батыс Сүт» кешені – сүт өнім­дерін, «Орал құс фабрика­сы» – жұмыртқасын, «Батыс Нық» компаниясы – сиыр етін, «Рубежинский» АШӨК – көкөністі, «Шалқар құс» кешені тауық етін шетел­дік компанияға ұсынды. Соны­мен қатар біздің өңірдегі ауыл шаруа­шылығы кооперативтері өндірген өнімді кедергісіз өткізу үшін Маңғыстау облысының Әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясы қорына үнемі өткізіп отыру бойынша келіссөз жүріп жатыр.

– «Қаладан ауылға» бағ­дар­ламасы жайында «Egemen Qazaqstan» газеті арнайы мақа­ла жариялаған еді. Бағ­дар­ла­маның қазіргі нәтижесі қандай?

– Бұл қанатқақты жоба ауыл­дық жерде жұмыс күші тап­шы­лығын жою, агро­өнер­кәсіптік кешеннің тұрақты дамуын сақтау мақсатында қолға алынған еді. 2024-2026 жылдарға арналған жоба бойынша қоныс аудару үшін 57 ауыл белгіленді. Біз осы ауыл­дарға 120 отбасын көші­руді жоспарладық. Қазіргі нәтиже бойынша 87 отбасы қоныс ­аударды.

– Облысты жан-жақты дамыту бойынша алда тағы қандай жоспар бар?

– Жоспар көп. Мемлекет басшысының «Аnа tili» газе­ті­не берген сұхбатында айтыл­ғандай, бірінші кезекте­ тұр­ғын­дардың әл-ауқатын арттыру бағытында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыс­тары жалғасады. Атап айтқанда, тұрғын үй шаруа­шы­лығын, энергетика нысандарын жаңғырту, ауылды көркейту, сапалы жол салу, тұрғын үй құрылысын арттыру сияқты маңызды салаларға басымдық береміз. Сондай-ақ отандық өнім шығару бағытында көп іс атқаруымыз керек. Өңірде қайта өңдеу саласындағы кәсіп­орын­дардың санын арттырып, аймақ экономикасын алға жылжыту – басты мақсатымыз. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыс одан әрі жалғасады.

 

Әңгімелескен – Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале