9.01.2024, 13:02
Оқылды: 92

Нарық талабына бейімделуде

Жуырда өңірге келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов Оралдағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да болды.

576a15b6-9b56-49bf-a989-0dbe61fd1364

Бұл компания ауыл шаруашылығына қажетті жаңбырлатып суаратын құрылғылар өндірісін қолға алған.
Сенат депутаты Арман Кәрімұлы аталмыш құрылғы өндірісінің жай-жапсарымен танысып, зауыт қызметкерлерінің мәселелерін тыңдады.

– Елу жылдық тарихы бар зауыт негізінен қару-жарақ шығарады. Соңғы жылдары мұнай-газ саласындағы және газ-турбиналық қондырғыларды жөндеуде.

Бүгінде кәсіпорынның ауылшаруашылығына қажет жаңбырлатып суару құрылғысын шығаруға толық мүмкіндігі бар. Биыл бір шаруа қожалығының тапсырысымен аталмыш құрылғыны жасап, пайдалануға берген. Болашақта бұл құрылғыға деген сұраныс көп болады деп ойлаймын.

Осы орайда кәсіпорынға мемлекет тарапынан да көмектің керек екенін айта кеткен жөн. Бүгінде еліміздегі пайдаланылмай жатқан жерлер Президенттің тапсырмасымен мемлекет меншігіне қайтарылып, қолданысқа берілуде. Сондай-ақ Президент суармалы жерлердің көлемін көбейтуді тапсырған еді. Бұл ауқымды істі атқаруға БҚО-ның мүмкіндігі зор.

Себебі осы шаруаға қажетті құрылғы осы өңірде шығарылуда әрі оған бірнеше жылға кепілдік берілуде.  Облыста суармалы жерлердің көлемі 50-100 мың гектарға дейін ұлғайса, аталмыш қондырғыға деген сұраныс та артады. Сол кезде оны «ҚазАгроҚаржы»АҚ арқылы лизингке беруге мүмкіндік болар еді. Мен осы мәселе жөнінде Үкіметпен Ауыл шаруашылығы министрлігіне құлағдар қыламын, – деді Арман Кәрімұлы. Сондай-ақ Сенат депутаты жаңбырлатып суаратын құрылғы суды тиімді пайдалануға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Арман Өтеғұлов зауыт әлеуетінің зор екеніне, нарық сұранысына сай қызмет көрсете алатынына сенім білдірді.

– Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысқа келген жұмыс сапарында біздің кәсіпорында болған еді. Сол кезде жаңбырлатып суару құрылғысын өндіру жобасын қолға алдық. Облыста алғаш рет құрылғыны іске қостық. Тапсырыс аз болғандықтан, оның 15 пайызы біздің зауытта жасалды. Бірақ өндірістің жергілікті қамту үлесін 45 пайызға дейін арттыра аламыз. Бүгінде өңірдегі фермерлерден тапсырыстар түсуде. Қазір қолға алған 200 метрлік айналмалы қондырғыны шілде айына дейін дайындап бітіреміз деген ойдамыз,  – деді «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Азат Қапашев. Бүгінде кәсіпорын қызметкерлері 82 гектар суармалы жерге арналған жаңбырлатып суару құрылғысын жасап, іске қосқан.

Айна Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале