Ол кішкентай кезінен дәрігер болуды армандайды. Бала кезінде сіңлісі екеуі үнемі терезеге телміре қарап, анасын күтуші еді. Ертеден қара кешке дейін «Мамамыз қашан келеді?» деп екеуі қайта-қайта терезе алдына жүгіретін-ді. Ентікпемен (Бронхальный астма) ауыратын анасы ұзақ уақыт ауруханаға ем алуға кетеді, әкесі таңнан кешке дейін жұмыста. Оның «Дәрігер болсам» деген асқақ арманы анасын күтіп жүрген кездерден басталды. Бала кезінен-ақ алдына мақсат қойған қаршадай қыз «Сәбилер мен секілді анасын сағынып, ұзақ күтпесе... Ана мен бала ажырамай, бірге болса екен» деп ойлайтын. Көңіл түкпірінде қалған сәби арманы оны ылғи алға жетелейтін.
Қарлығаш Шаймарданова, №2 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері
Кейіпкеріміз - қаладағы №2 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Қарлығаш Шаймарданова өз мақсатына жетіп, 1991 жылы Қарағанды медициналық институтындағы педиатрлық факультетті аяқтап, дәрігерлік дипломын қолына алады. Қарағанды, Балқаш қалаларында педиатр болып еңбек еткен Қарлығаш апай 2003 жылы жұмыс бабымен, отбасы жағдайымен Теректі ауданындағы Шаған ауылына қоныс аударады. Кейіпкеріміздің жұбайы – теректілік азамат. Ауылда еңбек еткен жылдар дәрігерді шыңдай түседі. Өйткені күндіз-түні бауыры ауырып, балтыры сыздағанның қасынан табылу, жүкті әйелдерді ауруханаға жеткізу, бәрі дерлік ауыл дәрігерінің мойнында еді. Кей кездері таңға дейін ауырған адамдардың жанында жүргені дәрігер жадында ұмытылмастай сақталып қалыпты.
Өз мамандығын шексіз жақсы көретін, адамдарға көмектесуден шаршамайтын кейіпкеріміз жұмыс барысында кездескен ұмытылмас сәттерді әңгімелеп берді.
– Жаз мезгілі. Демалыс күні болатын. Мен алаңсыз үй тірлігімен айналысып жүрмін. Бір кезде қолына кішкентай баласын көтеріп, жас келіншек аңырап, үйге кіріп келді. Сәби көкпеңбек болып кеткен. Дереу алғашқы көмек көрсеттім. Анасы мал жайлауға шығып кеткенде үш жасар қыз бір жасар баланы есіктің тұтқасына орамалмен іліп қойыпты. Жылағасын солай жұбатқысы келді ме, үш жасар бала да сәби ғой. Анасы да мал жайлай салып, тез үйге кірген. Сол сәтте есіктің тұтқасында ілулі тұрған сәбиін көреді. Бірден шешіп алып, жанұшырып маған жеткен бойы екен. Осы жағдай айналасы бес-он минуттың ішінде орын алған. Шапшаңдатып такси шақырып, баланы салып алып, қалаға жол тарттық. Екеуміздің үстімізде үй киімі. Киім ауыстыратын уақыт жоқ. Әр минутымыз санаулы. Жол бойы «Сәби аман қалса екен» деп Аллаға сиынып келдік. Ауруханаға кіре сала: «Кислородты әкеліңіз, бала өліп барады» деп айқай салдым. Қызық болғанда сәбидің әкесі қазақ, анасы орыс еді. Әлгі баланың түрі қазаққа ұқсайды. Мен жанұшырып жүргесін, анасы деп ойласа керек, айналамызға жиналған дәрігерлер, полиция қызметкерлері: «Не деген жауапсыз анасың? Балаңа неге дұрыстап қарамайсың?» деп ұрысып жатыр. Сол кезде менің дәрігер екенімді түсіндіре алмай әлек болғаным есіме түссе, күлкім келеді. Абырой болғанда, бір айдан соң сәбидің беті бері қарап, аман-есен жазылып шықты. Олар әлі ауылда тұрады. Өлім аузынан қалған бала оныншы сыныпта оқиды қазір, – дейді өткен күндерді еске алған Қарлығаш ханым.
Дәрігердің әр күні қарбаласқа толы. Күн сайын ондаған адамды қабылдап, олардың көңілінен шығу оңай емес. Соған қарамастан, әр науқасты күліп қарсы алатын дәрігер күніне қырық құбылатын кей жандардың ашу-ызасына да сабырмен қарауға тырысады.
– Дәрігер болып еңбек еткеніме отыз жылға жуық уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде басымнан талай қиын да қызық сәттер өтті ғой. Бір түсінгенім – бұрынғы адамдарға қарағанда қазіргі адамдармен жұмыс жасау қиындау. Бұл енді қазір ақпараттық технологияның заманы болғандықтан шығар деп ойлаймын. Жан-жақтан келетін ақпарат көп. Оның бәрін қабылдап, қорыту жүйкеге салмақ салады. Сосын да адамдар ашушаң, ызақор болып кеткендей көрінеді. Сондықтан да бізге жұмыста тек дәрігер ғана емес, кейде психолог болуға да тура келеді, – дейді ол.
Қарлығаш апай Шаған ауылында өзі педиатр, өзі фельдшер, өзі терапевт болып, он бес жылдай еңбек етті. Ол кезде «Жедел жәрдем» көлігі де тапшы. Кейбір науқастарға жаяулап-жалпылап баруға тура келеді. Сөйтіп жүріп 5500-дей адамға қызмет етіп, қиындықтарды еңсерді. Қазіргі күнде шалғайда жатқан медицина қызметкерлеріне бар жағдай жасалып жатқаны кейіпкерімізді қатты қуантады. Әсіресе көліктің тапшылығы, қажет аппараттардың болмауы ауыл дәрігеріне жұмыс барысында қиындық тудырады екен.
– Ауылдағы қиын сәттің бірі науқасқа шұғыл көмек керек кезде қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмектің болмауы. Бірде қабылдауға 1974 жылғы жігіт келді. Жағдайы ауыр. Өткір корнарлық синдром (ӨКС) диагнозы қойылды. Жүрегі қысылып тұрған науқасқа алғашқы көмек көрсетіп, Теректіден «Жедел жәрдем» көлігін алып, қасымызға бір медбикені қосып, қаладағы кардиоорталыққа жеттік. Олар бізді есік алдынан күтіп алып, науқасты бірден реанимацияға салды. Күтіп алған дәрігерлер біздің алгоритм бойынша ширақ қимылдап, алғашқы көмекті дер кезінде көрсеткенімізді айтты. Үйге келген соң да әлгі науқасты уайымдап, жатсам да, тұрсам да «Аман-есен отбасына оралса екен» деп тілеп жүрдім. Біраз уақыт өткен соң ол аман-есен ауылға оралды. Содан оны «ӨКС» деп атап кеттім. Мені көрсе, мәз болып күледі өзі. Осылай бір қуанып, бір қиналатын сәттер дәрігердің өмірінде көп болады. Емделіп жүрген науқастың сауыққанын, қуанғанын көру бізге қуаныш, бақыт сыйлайды, – дейді білікті дәрігер.
Дәрігер әр адамның денсаулығы өз қолында екенін айтады. Күнделікті дұрыс тамақтанып, күтініп, ауырған кезде дер уақытында дәрігерге қаралып, ем қабылдап жүрсе, әр адамға ұзақ өмір сүруге мүмкіндік бар. Тек адамдардың көпшілігі «Уақыт жоқ, жұмыс-жұмыс» деп жүріп, ауруды асқындырып келеді. Аурудың қай түрі болса да, уақытында келсе, талдамалар тапсырып, диагнозы қойылса емделеді.
Қазіргі күнде кейіпкерімізді балалар арасында түрлі аурудың көбейгені алаңдатады. Ана сүті аузынан кеппеген сәбилер арасында гастрит, қаназдық (анемия), көру қабілетінің нашарлауы жиі кездеседі екен. Кішкентай балалардың біразының асқазаны қазірден ауырады. Өйткені қазіргі балалардың көбі айран ішпейді, таза ауаға шығып, аяқ-қолын жазып ойнамайды. Балалардың қуырылған әрі тез дайындалатын фаст-фудтарға үйірлігі де түрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соғады.
Ол №2 емханада 2021 жылдан бері қызмет етеді. Қай кезде де сапқа тұруға дайын ақжарқын әріптестермен еңбек етіп жүргенін мақтан ететінін жасырмады. Ауылмен салыстырғанда қалада белгіленген уақыт бойынша жұмыс жасайсың. Қалған уақытыңды отбасыңа арнауға толық мүмкіндік бар. Жылдар бойы ауылда уақытпен санаспай, кей кездері түнімен таңға дейін науқастарға жылу сыйлап жүрген дәрігерді қуантатыны да осы.
Пандемияның өршіп тұрған кезінде дәрігерлер уақытпен санаспай еңбек етті. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар. Бірінен соң бірі ауырып, індет күшейген сәтте күніне 40-50 адамнан қабылдаған кездер болды. Сол сәттерде адамдардың көбі дәрігердің қадірін түсінді. Қазіргі күнде мемлекет тарапынан дәрігерлерге бар жағдай жасалуда. Жалақысы да жыл сайын көтерілуде. Бұл да кейіпкерімізге жігер сыйлайды екен.
– Адамдардың бәрі бірдей жауапсыз деуге болмайды. Күнделікті қан қысымын, қант деңгейін мұқият жазып, өзін бақылап отыратын пациенттеріміз де жетерлік. Кейбірі телефон арқылы хабарласып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Мен өз учаскемдегі пациенттердің ауырған кезде хабарласып, жағдайын айтқанына қуанамын. Ең бастысы, адамдар ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, өздерін күтсе екен, - дейді алғыс арқалаған дәрігер.
Әр келген науқасты, үлкен-кішісіне қарамай, күліп қарсы алатын, алдына барған адамды жылы сөзімен жігерлендіре алатын дәрігерге біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz