Өңірімізде Наурыз мейрамының тойлануы жыл сайын ауқымды сипат алып келеді. Биыл да тұңғыш Президент атындағы алаң асқақ та жайдары аураға оранып, кеңдік пен теңдіктің лебі ескен атмосфераға бөленді. Буы бұрқыраған ұлттық тағамдардың исі аңқыды. Алаңға жиналған нөпір халықтың бір-бірімен төс қағыса амандасып, саулық сұрасқаны жүрек түкпіріндегі ұлтқа деген махаббатты оятады. Жас пен жасамыстың, ер мен әйелдің, сәби мен қарттың бойынан еркіндік еседі. Жылулық сезіледі. Мейірім көрінеді.
«Атамекен» өнер ордасының алдындағы арнайы дайындалған сахнаның төрі де жайнап сала берді. Қаламызға белгілі өнер майталмандары мен жас өнерпаздар, бишілер мен театр әртістері мерекелік концертті жоғары деңгейде орындап шықты. Онда әдемі ән әуелеп, күмбірлеген күй ойналды. Дала гүлдерінен айнымай қалған биші бүлдіршіндердің өнері сахна төңірегін құлпыртып жіберді. Ортаға Қыдыр аташығып, халыққа батасын берсе, ортаға тайқазан шығарылып, Әзиз әжеміз бен бір топ әйелдер қауымы жиналған жұртшылықты пәле-жаладан аластау рәсімін жасады. Тәттілерден шашу шашты. Мерекелік думанда облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз сөйлеп, халыққа құттықтау тілегін жолдады. Әр мекеме тіккен 14 киіз үйді аралап, дәмнен ауыз тиді.
– Әз-Наурыз – ата-бабамыздан келе жатқан маңызды мереке. Халқымыз мал шаруашылығымен шұғылданғандықтан қыстан аман шығып, көктеммен қауышу жұртымыз үшін үлкен той саналған. Асқан береке баланған. Наурыз мейрамы бұл – адамдардың арасын жақындататын, араздасқандарды татуластыратын мереке. Яғни, өзгерістердің, жасану мен жаңарудың басы. Президентіміздің осы айда жасаған жолдауының үлкен символикалық мәні бар. Сондықтан, бәріміз бір ел болып жұмылып, жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Мемлекет басшысына қолдау танытайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Бастарыңызға аман тілеймін, – деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Сонымен қатар, қазақ күресі, ләңгі, тоқты көтеру, табан тартысу, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрінен және қол күресі мен гір тасын көтеруден әр тұста сайыстар ұйымдастырылып, алтыбақан құрылды.
– Славян халықтарында “Жаворонки” деп аталатын мейрам бар. Көктем айында тойланады. Бұл да Наурыз мерекесіне ұқсайды. Мән-маңызы да ортақ. Сондықтан біз екі мерекені бірге атап өтеміз. Өз -салтымыз бойынша қарақұйрық құсына ұқсайтын бөлке нан пісірсеміз. Бұл көктем шақыратын, жылы күндерден хабар беретін кішкентай құс. Және Наурыз көжені де дайындауды ұмытпаймыз. Барша батысқазақстандықтарға мереке құтты болсын! – деді БҚО «Орыс мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Быков. Алаңда тек қазақтар ғана емес, ұйғыр, татар, шешен, орыс, казак, башқұрт, украин, тіпті корей ұлтының өкілдері де болды. Олар БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тігілген киіз үйге жиналып, жұртшылыққа өздерінің ұлттық тағамдарын пісіріп әкеліп, дәмнен ауыз тигізді.
– Біз шешен ұлтының өкілдері де бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өтеміз. Бүгін өз киіз үйімізге келген меймандарға ұлттық биімізді билеп, тағамдар дайындап, қазақтың бесікке салу рәсімінен көрініс қойдық. Бір аспанның астындағы адам атаулы болғандықтан, ел үшін маңызы бар кез келген мейрамды бірге тойлаймыз. Наурыз мерекесінің мәні – бірлік пен татулық. Барша халыққа ұлыстың ұлы күні құт әкелсін!, – деді қала тұрғыны Алиева Залина.
Нұртілеу Қадырқұл,
zhaikpress.kz