Әлеуметтік желілерде «алғашқы 10 пайыз жарнамен үй алуға болады» деген ақпарат тарап кеткелі көп болды. Осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалының директоры Нұржан Калишановты сөзге тарттық. Оның айтуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Наурыз» бағдарламасы арқылы бұрынғыдай 20% емес, тек 10% алғашқы жарна құйып, баспана алуға болады. Бірақ бұл 10% тек ішкі әрлеусіз (чистовая отделка) берілетін пәтерлерге қатысты. Ал депозиттегі шектік сома кемінде 2 млн теңге болуы шарт.
– 2024 жылы «Наурыз» бағдарламасы іске қосылғанда депозиттегі шектік сома 1 млн теңге болды. Сол кезде көптеген адам баспана алуға өтініш тапсырды. Олардың 40 пайызы конкурстан өтті. Батыс Қазақстан облысында құжат тапсырған 2000-нан астам тұрғынның 800-ден астамы конкурстан өтті. Тұрғындар осы конкурстан соң төлем қабілеттерін растаулары қажет. Содан кейін баспананың құнына байланысты банк шешім қабылдайды. Мысалы, азаматтың аталған бағдарлама бойынша құны 30 млн теңге тұратын үй алғысы келеді делік. Бастапқы жарна 20% болғандықтан, оған 6 млн теңге қажет. Алайда осы кезде қаражат таппай, қиналып қалатындар көп. Олар 6 айдың ішінде керек ақшаны таппаса, үй ала алмайды. Сондықтан биылдан бастап депозиттегі шектік сома 2 млн теңгеге көтерілді, – деді «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалының директоры Нұржан Калишанов.
Нұржан Бауыржанұлы айтып өткендей, аталған бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға төмендеген. Бұл тұрғындар үшін ғана емес, құрылыс компанияларына да тиімді болып отыр. Қалай? Түсіндіре кетейік, облыс орталығында «Наурыз» бағдарламасы арқылы тұрғын үйді тек құрылыс компанияларынан алуға болады. Ал олардың көпшілігі үйлерді ішкі әрлеусіз (черновая отделка) саттыққа шығарады. Алайда жаңа пәтердің жөндеу шығыны көп болатындықтан, дайын тұрған үйді сатып алғысы келетін адамдар көп. Осыған орай банк басшылығы құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізген. Енді құрылысшылар үйді дайын күйде ұсынған жағдайда бағдарламаға қатысушылардың бастапқы жарнасы 10%-ға азаяды. «Таза әрлеудегі (чистовая отделка) пәтерлерді сатып алғанда ғана бастапқы жарна 10% болады. Мәселен, тұрғындар 30 млн теңгенің үйін алу үшін депозиттегі 2 млн теңгенің үстіне 1 млн теңге қосады. Яғни баспананың 10%-ы бар деген сөз. Осылайша дайын үйді саттыққа шығаратын құрылыс компанияларының тұтынушылары да көбейеді», – деді Нұржан Бауыржанұлы.
Былтыр облыста аталған бағдарлама аясында 500-ден астам банк салымшысы баспаналы болған. Оларға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. «Наурыз» бағдарламасы алдағы 7 жыл бойы іске асырылады. Айта кетейік, наурыз айында тұрғындардан құжат қабылдау басталады.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»