Қазықұртқа Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған күн мен түн наурыз айының жиырма бірінен жиырма екісіне қараған түні екен деседі. Пайғамбар апаттан аман қалғанына шүкіршілік етіп, құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікке қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты.

Содан барлығын қазанға салып «тәуекел» деп пісіреді. Қазанды әр былғаған сайын Тәңірдің есімін айтып ұлықтайды. Сонда Құдай періштелеріне: «Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барыңдар да, қазанына кәусардан тамызыңдар, берекемді шашыңдар» дейді.
Періштелер жиналып, қазанды былғайды. Азғантай жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі болып асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып пайғамбардың қазанынан дәм татады.
Содан бері Нұхтың бұл тағамы «тілеу көже» немесе «наурыз көже» аталып, наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру үшін Нұх пайғамбардан қалған мирас ретінде аталып өтіледі екен.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress. kz
(«Салт-дәстүр сөйлейді». Энциклопедиялық анықтамалық. А. 2017 жыл)