Биыл елімізде наурыз мейрамы жаңа тұжырымдама бойынша тойланады. Наурыз мейрамына ерекше ұлттық идеологиялық басымдық берілгелі отыр.
Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасын БАҚ өкілдеріне Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Болатқызы өзі таныстырды.
- Біріншіден, мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші ролін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі бекітілді. Ауқымды мерекелік іс-шараларды брендтеу – қазіргі жаһандық қоғам үшін көзтаныс құбылыс. Бұл шара мерекенің ел ішінде және шетелде бірегей әрі жағымды бейнесін жақсартады, оның идеялық құндылығын және экономикалық тұрғыдағы құнын арттырады,- деп атап өтті Гүлжанар Шүкеева.
Наурыз мейрамының логотипінде үш қызғалдақтың бейнесі бейнеленген.
- Логотиптегі үш қызғалдақ бейнесі қазақ халқы үшін қасиетті ұғымдарды меңзейді. Бұл көшпенді халықтың дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты. «Үш» саны қазақ үшін қасиетті саналады: үш жұрт, үш ғайып, үш қуат және т.б. Үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңінің (кеше, бүгін, ертең) ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің қазіргі және болашақтағы мұрасын, сондай-ақ туған табиғатқа деген терең құрмет пен үздіксіз кемелденуге деген ынтаны кескіндейді,- деді наурыз логотипін журналистерге таныстырған Қоғамдық даму басқармасының басшысы.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz