25.02.2021, 14:43
Оқылды: 14

Наурызда күн суыта ма?

Апта басталғалы облыс аумағында ақ түтек боран мен сарышұнақ аяз көз аштырмай, тұрғындарды біраз әбігерге салуда. Тіпті ұйтқыған желдің екпіні 22 м/с-ға дейін жетіп, бала түгілі, үлкендердің қадым жерге баруына қиындық тудыруда. Қарлы боран мен көктайғақтың кесірінен облыс аумағындағы барлық жол жабылып, дәстүрлі форматта білім алып жүрген мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Қаһарына мінген қыстың тосын мінезі қанша уақытқа дейін жалғасады? Наурыздың алғашқы онкүндігінде ауа райы қандай болмақ? Осы орайда біз «Қазгидромет» РМК облыстық филиалына барып, синоптик мамандармен тілдескен едік.

60108E36-C3EA-4790-83B2-993E26BDC152

- Алдағы үш күнде, яғни ақпанның 26-28-і аралығында облыс аймағында аяз сынып, Орал қаласында ауа температурасы 0 градусқа дейін түссе, ал Бөкей ордасы, Жәнібек секілді облысымыздың қиыр батысында орналасқан аудандарда күн +2, +3 градусқа дейін жылымақ. Аздаған қар жауып,  солтүстік-батыстан соққан жел 9-14 м/с-қа дейін жетеді. Жауын-шашынсыз, көшпелі бұлт тұрады. Бірақ наурыздың алғашқы онкүндігінде күн райы қайта суытып, желдің екпіні 10 -17 м/с аралығында ұйтқиды. Сарышұнақ аяз болып, ауа температурасы күндіз -1, +4, солтүстіктен соғатын желдің екпініне байланысты -9, -14 градус болса, түнде -17, -22 С-қа дейін төмендейді. Облысымыздың кей аудандарында ауа температурасы -25, -30 градусқа дейін суытуы болжанып отыр. Ал наурыз айының екінші онкүндігінен бастап күн жылынып, тұрғындар көктемді сезіне бастайды, - деді инженер синоптик Дана Әкімғожина.

Қазақ «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деп текке айтпаса керек. Метеорологтардың болжамынша,  наурыз айының екінші онкүндігінен кейін күн жылына бастайды, ал сәуірдің басында халықты қажытып жіберген үскірік аяз кетіп, мамыражай жылылық салтанат құрмақ.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале