Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған дәстүрлі республикалық «Әбіш оқулары» байқауында Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қожанияз Дана жүлделі III орынға ие болды.

Жыл сайын жазушының туған өлкесі - маңғаз Маңғыстауда өтетін бұл байқау еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастарды бір арнаға тоғыстырады. Биылғы байқау төрт бағыт бойынша ұйымдастырылып, жас зерттеушілерге өздерінің ғылыми, шығармашылық және тілдік қабілеттерін көрсетуге үлкен мүмкіндік берді.
Қожанияз Дана «Ә.Кекілбаевтың әлеуметтік-шешендік бағытындағы жазбалары тілінің эмоционалдық-экспрессивті реңкі» тақырыбындағы зерттеу жұмысын сәтті қорғап, әділ қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Ол жазушының шешендік нақышта өрілген туындыларындағы тілдік бояуды, әсерлілік пен эмоциялық реңкті терең талдап, өзіндік көзқарасын дәлелді түрде ұсынды.
Оқушының бұл жетістігіне оның жетекшілері - қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Максутова Жансәуле Артурқызы мен Жантуриева Гүлнұр Бериковна үлкен үлес қосты. Ұстаздарының кәсіби бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында Дана өз ойын ғылыми негізде нақты жеткізе білді.

Бұл жеңіс - жас зерттеушінің тынымсыз еңбегінің, шығармашылық ізденісінің және ұлттық әдебиетті терең түсінуге деген ұмтылысының жемісі.
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі