13.12.2023, 9:45
Оқылды: 66

Нәжімеден Есқалиев: «Дипломатияда Қытайдың білдіртпей енуі деген термин бар...»

 

Осыдан біразырақ күн бұрын Мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев фәниден бақиға көшті. Ал бүгін сіздердің назарларыңызға қайыра ұсынылып отырған сұхбат «Орал өңірі» газетінде  2011 жылғы 8 қыркүйекте, яғни Нәжімеден ағай 70 жасқа толардың қарсаңында жарияланған еді. Бұл интервьюдің ерекше бір құндылығы материал жазылып болғасын, бірақ әлі газетке жарияланбас бұрын сұхбат беруші тұлға өзі оқып шығып, «Дерек-дәйектердің бәрі дұрыс» деп сұхбаттың түпнұсқасына қол қойып берген болатын.

improved_photo

Ел ішінде, халық арасында «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген ұғым-түсінік бар. Ендеше, «Тұлғатану» арнайы бетінің аясында  Нәжімеден Ықсанұлының өмір жолы мен елі үшін еткен еңбегін және бір ой елегінен өткізіп, оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

Нәжімеден  Ықсанұлы  ЕСҚАЛИЕВ – Мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1941 жылдың қыркүйегінде негізі Атырау облысында жарық дүниеге көрінгенімен, сол бір аласапыран жылдары туу туралы куәлігі жоғалып, кейінгі құжаттарында туған жері Астрахан облысының Краснояр ауданына қарасты Бәйбек ауылы деп көрсетілген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1958 жылы Астрахан қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, еңбек жолын Бәйбек ауылындағы жетіжылдық мектептің мұғалімі ретінде бастады.

Н. Есқалиев 1966 жылы Алматыдағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша, ал 1980 жылы Мәскеудегі КСРО Халық шаруашылығы академиясын экономика және халық шаруашылығын басқаруды ұйымдастыру бағыты бойынша тәмамдаған. Біраз лауазым баспалдақтарынан өте келе, 1986-93 жылдары Орал және Көкшетау облыстарын басқарған Нәжімеден Ықсанұлы 1994-97 жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстан мен Тәжікстандағы, ал 1997-99 жылдары ҚР-ның Украина мен Молдовадағы төтенше және өкілетті елшісі болып, тәуелсіз қазақ елі дипломатиясының қалыптасуына айтулы үлес қосты. 1999-2003 жылдар аралығында ТМД атқару комитеті төрағасының қауіпсіздік мәселелері бойынша орынбасары болып қызмет істеген ҚР Дипломатиялық қызметінің құрметті қызметкері Н. Есқалиев КСРО, ҚР және бірқатар шетелдің 13 мемлекеттік марапатының иегері.

– Нәжімеден Ықсанұлы, қырық бес жасыңызда (1986 ж.) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде Орал өңірінің тізгіні сізге сеніп тапсырылды. Сол кезде Жайық жұртының қандай мәселелері сіздің назарыңызға алдымен ілінді?

– Менен бұрын Орал облысын басқарған Шәпет Қоспанов, Мұстақым Ықсанов сынды азаматтар – соңында елеулі із қалдырған тұлғалар. Мәселен, Ш. Қоспанов өзі жоғары білімді мал маманы болғандықтан, Ақ Жайық атырабында асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендетуге баса назар аударып, осы бағыттағы селекциялық жұмыстарды жүйелі жолға қоя білді. Соның нәтижесінде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры мен Еділбай қойын өсіруге маманданған шаруашылықтардың тасы өрге домалады. Ал Мұстақым Біләл­ұлы құрылыс саласы мен су шаруашылығын, яғни суландыру жүйесін ілгерілетті.

Ықсановтың тұсында, әсіресе Орал қаласында құрылысқа қатысты мекеме-кәсіпорындар жаңадан көптеп ашылып, құрылыс  секторы күрт қарқын алды. Дегенмен, өзім облысқа басшы болып келгенде, қордаланған біраз әлеуметтік мәселе бар екендігінен хабардар едім. Мысалы, облыс орталығы Орал қаласының өзінде балабақша, аурухана сықылды әлеуметтік нысандар жетіспейтін. Сол себепті Оралдың өзіндегі екі бірдей аудандық партия комитетін (Ленин және Промышленный аупарткомы) таратып, олардың ғимаратын бірін перзентханаға, екіншісін балалар ауруханасына айналдырдық. Сондай-ақ ол кездері облыстың аудандарында да балабақша мен мектеп, мәдениет ошақтары мен емхана-аурухана сықылды жергілікті жұрттың игілігіне қызмет ететін көп жобалар жүзеге асты. Ақжайық, Камен аудандарында бау-бақша шаруашылығын өрістетуге тырыстық.

1990 жылы Оралда «Бөбектер үйі» мен ақыл-ойы кенже дамыған балаларға арнап №15 мектепті аштық. Бұған қоса сол жылы КСРО Денсаулық министрі Е. Чазовты Оралға шақырып, сол кісінің ықпал-нұсқауымен біраз жергілікті медициналық мекеменің материалдық-техникалық әлеуетін нығайттық. Сол кездері Қазақстанның автожолдар министрі Шәміл Бекболатов біздің облыстан ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, оған депутаттық тапсырма ретінде жол мәселесін аманаттадық. Ол кісі де аманатқа қиянат жасамай, Ақсай, Жымпиты, Казталов, Жалпақтал бағытындағы жолдардың түзелуіне ұйытқы бола білді. Жайық өзені үстінен тартылған жаңа көпірдің де негізі сол жылдары қаланған болатын. Жалпы алғанда, өткен ғасырдың сексенінші жылдары бел ортасынан ауа Батыс Қазақстан облысы бойынша жыл сайын орта есеппен 320-340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылма-жыл аудан-ауылдарға қатынайтын 150-170 шақырым жол асфальтталатын.

Бертін келе, біраз жыл Ресей үкіметін басқарған Виктор Черномырдин өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ресей Федерациясының Газ өнеркәсібі министрі болды. Ол өзі мына біздің іргеміздегі Орынбордың тумасы. Обалы не керек, Виктор Степановичтің бізге көзқарасы жақсы болды. Соны пайдаланып, «Қазақгаз» концернінің сол кездегі басшысы Есет Әзербаев облыстың аудан-ауылдарына газ тартуда біраз шаруаның басын қайырды. Егер қысқа қайырар болсақ, қайта құрудың шалығы тигенше. Орал облысы мемлекетке орта есеппен жыл сайын 1,2-1,5 млн тонна астық тапсыруға әлеуеті жететін және 2 млн бас қой, 700 мыңдай ірі қарасы мен 170 000 жылқысы бар аграрлық тұрғыдан мығым өңір еді. Әрине, осыншама ен дәулеттің құралуы тек бірінші басшының ғана еңбегі емес. Сол себепті менің иініме түскен жауапкершілік жүгіне иықтарын тосқан Абат Есенғалиев, Рахметолла Сүйербаев, Бәтес Есмағұлова, Валерий Жүнісов, Владимир Журин, Владимир Шумов, Бауыржан Тұманов, Есберген Әжібаев, Табылғали Сапаров және де басқа әріптестеріме, сол кездегі еңбек майданының барша ерлеріне бүгінгі күннің биігінен де алғыс жолдаймын.

– Лауазымды қызметтің ыстық-суығын өзіңізбен бір­ге көрген біраз жерлесіміздің аты-жөнін атап кеттіңіз, ал алдыңғы толқын ағалардан кімдердің шапағатын сезіндіңіз?

– Мен агроном, жалпы, ауыл шаруашылығының маманы ретінде осы саладағы ресми еңбек жолымды 1966 жылы Жәнібек ауданына қарасты «Талов» кеңшарынан бастадым. Бұл шаруашылықты ол уақытта Георгий Панченко деген азамат басқарды. Ол шаруаның жай-жапсарын білетін, адамдармен тіл табысып, жұмыс істеуге пейілді әрі қазақшаға судай жақсы кісі еді, жарықтық! Кейде жастықтың жалынымен артықтау кетіп бара жатсақ, «Әй, Нәжімеден, сен білгішсініп, қайда барасың өзі? Білесің бе, мен Шона МТС-ын басқарғанда сен әлі туылмаған едің...» деп әзіл-шыны аралас сөз саптап, бізді сабамызға түсіріп қоятын. Мені мамандармен, жалпы ел-жұртпен тіл табыса отырып, шаруашылық басқарудың қыр-сырына кәсіби тұрғыдан алғаш баулыған осы Георгий Ефимович Панченко болды. Сонымен қатар Шәпет Қоспанов, Мақсот Батыров, Кәрім Қайыршин, Сағидолла Жақсығалиев сынды ағаларымнан көп үлгі-өнеге алдым. Бұл кісілерді мен бүкіл өміріме жетерлік жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеген ұстаздарым деп санаймын. Сондай-ақ осы қатарға кезінде Талдықорған облысын басқарған Сақан Құсайынов, Әубәкір Тыныбаевтай ағаларды да қосуға болады.

Мен 1980-83 жылдары Талдықорған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқардым. Ол кездері аталмыш облыста бидай шаруашылығының үлес салмағы мардымсыз еді. Сол себепті дәнді дақылдарға қатысты мамандар да тапшы болатын. Кейбір шаруашылықтары бидай егуге ден қойған бір-екі ауданды аралап көрсем, негізгі технологиялық талаптардың өзі сақтала бермейді екен. Аудандардың басшыларынан дереу осыны реттеуді талап еттім. Іле-шала аупарткомның бірінші хатшылары облыс басшысына шағымданыпты. Содан көп ұзамай бір жиында Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сақан Құсайынов: – Мына Нәжімеден егін егетін жақтан келді. Сол себепті сендер бұдан бидай өсіруді үйреніңдер де, ал өздерің бұған қызылша өсірудің жай-жапсарын көрсетіңдер, – деп «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» уәж айтты. Енді бірде Талдықорған обкомының бірінші хатшысы Ә. Тыныбаевпен аудан аралап жүргенбіз. Мен сол жаңа жоғарыда сөз болған қызметтемін. Бір шаруашылыққа ат басын тіресек, Құдай сақтасын, әлгі шаруашылықтың басшы-қосшысына қоса, ауданның бетке ұстар бүкіл атқамінерлері сонда жүр. Бұл агросектор үшін егін жинау, мал азығын дайындау сықылды өте маңызды науқан атаулының қайнап тұрған кезі еді. Әбекең күйіп кетті де

«Байталдың құмалағына үймелеген айғырлардай бәрің бірдей неғып жүрсіңдер мұнда?!» деп дүрсе қоя береді әлгілерге. Сол сол-ақ екен, жаңағы бір қора маманның кеңшар директорынан басқасы зым-зия жоғалды. Міне, бұл – реті мен айтылған этнографиялық мазмұндағы бірауыз сөз арқылы мамандарды орнына қоюдың классикалық үлгісі.

– Нәжімеден Ықсанұлы, сізбен әңгіме-дүкен құра отырып, Оралдағы 1991 жылғы қыркүйек оқиғасын айналып өту мүмкін емес. Сол оқиғаның қантөгіссіз аяқталуына кімдер ерекше үлес қосып, қандай факторлар айрықша ықпал етті деп ойлайсыз?

– Бұл мәселеге қатысты кей­бір жайттарды мен әлі де айта алмаймын, сәл ертелеу, уақыты келген жоқ. Дегенмен ақыры сұрақ қойылған екен...

Иә, ол бір халық үшін де, билік үшін де пайым-парасаттың таразыға түскен кезі болды. Мәскеудің, дәлірек айтқанда, Кремльдің жел беруімен казактар қауымдастығы Орал облысын Ресейге қосамыз деп даурықты. «Қыр­сыққанда қымыран іриді» дегендей, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Орал облыстық басқармасының сол кездегі бастығы В. Червяков пен облыстың әскери комиссары В. Кравченко әлгілердің сөзін сөйлеп, солардың шылауында кетті. Сөйтсек, оларға Кремльден сондай нұсқау берілген екен. Демек, бұл Жайық жұртының арасына іріткі салушыларды КСРО президенті М. Горбачевтың өзі қолдады деген сөз. Абырой болғанда, біз Червяков пен Кравченконың заңға қай­шы әрекеттерін әшкерелеп, қазіргі тілмен айтқанда, компромат тауып, Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен әлгілердің екеуін де қызметтерінен алыстатып үлгердік. Олардың орнына МКК-ның (КГБ) облыстық басқармасына Анатолий Дружинин, ал облыстық әскери комиссариатқа Құспан Мұқатаев  келді. Сосын мен қару-жарағын асынып, қазаққа қыр көрсетпек болғандарға сес болу үшін сол жылдары «Азат» қозғалысының басы-қасында болған мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есеналиевке хабарласып, қазақтың тұлғалы 30-40 жігітін сұрадым. Нәтижесінде «Азаттың» тарапынан кісі 4-5 есе көп келді. Бұған қоса облыстың әр ауданының басшысы қазақтың тепсе темір үзетіндей 500-600 қарулы жігітін сайлап қойды. Бірақ біздің басты мақсат қантөгіске жол бермеу болды. Біріншіден, оқиға қантөгіске ұласса, ұлтаралық қатынасқа зардабы ұзақ жылға кететін сызат түседі, екіншіден, Оралмен көршілес Самара облысының Большая Черниговка деген елді мекенінің маңында танк полкі тұрды. Алда-жалда жағдай шиеленісе қалса, мұздай қаруланған әлгі полк «бітімгершілік миссия» деген желеуді жамылып, Оралға кіріп, әскерилер ойларына келгенін істеп, сосын Атырауға бет алып, жолай өздері қалаған аудан-ауылды Ресейдің құрамына енгізуге сақадай сай еді.

КСРО-ның әр қиырынан жиылмақ казактар өздерінің Орал қаласындағы шеруін қыркүйектің 15-іне белгілен-ді. Ал біз уақыт жағынан ұтып, дайындық шараларын күшейту үшін оларға бесінші қазанда Орал өңірін мекендеген халықтар достығы фестиваліне ешқандай қару-жарақсыз, мәдени-фольклорлық бағдарламамен қатысуды ұсындық. Бірақ Кремльдің қолтықтарына су бүріккендеріне әбден дандайсып алған әлгілер біздің ұсынысымызды қабылдамады. Алайда А. Дружинин, Қ. Мұқатаев, облыстық кеңес төрағасының орынбасары Н. Мордасов және сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасының бастығы В. Шумов сынды азаматтардың жанкешті еңбектерінің және «Азат» қозғалысы белсенділерінің намыс отын жанығандарының арқасында біртұтас қазақ жерін саяси саудаға салмақ болғандардың жүні жығылды. Сонымен қатар сол кездегі облыс мұсылмандарының көшбасшысы Зейнолла имам мен жергілікті христиандардың діни жетекшісі Антоний әкей де ширыққан жағдайдың бейбіт шешілуіне ықпал ете білді. Ал, шын мәнінде, жағдай өте күрделі сипат алып еді. Әскери жасақ киімін киген казактарға қоса, жұрттың арасында күнделікті киім-кешекпен қойын-қонышына қару-жарағын жасырған жымысқылар да жүрді. Сол себепті біз казактар шеруін ұйымдастырған атаман А. Качалинге егер қан төгілсе, оның қатаң жазаға тартылатынына дейін ескерттік...

– Жылдар бойы еліміздің ішкі-сыртқы саясатына бел­сенді араласқан азамат ре­тінде қазір сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Кезінде өзіміз ат үстінде жүргенде кейбір қарттар қазымыр көрініп, «Осы кісілер үйлерінде неге тыныш отырмайды екен?» деп ренжуші едік. Өткенде Ұлы Отан соғысы қаhармандарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайынов атындағы көшеге жеңіс сарбазының аты-жөні қате жазылғандығын көзім шалып қалды. Дереу Орал қалалық әкімдігіне хабарласып, әлгі қатені шұғыл түзету қажеттігін ескерттім. Осындайдан кейін кейбір інілеріміз біз туралы «Бұл кісі де қазымыр қартқа айналыпты ғой» деп ойлауы әбден кәдік. Кең ауқымда алғанда мені ішкі-сыртқы мысықтілеу күштердің ат төбеліндей аз ғана қазақты әртүрлі діни ағымдарға тартып, ұлтты іштен ірітуге жанталасуы қатты алаңдатады. Ал енді өз басым Кеден одағының құрылуын құптаймын. Бұл экономикалық байланыстарды нығайтып, тауар айналымын жақсартады. Бірақ біздің тауар өндірісіміз әлі әлсіз...

Қытай – алып көршіміз. Әрі оның экономикасы қарқынды дамуда. Көрші болғасын аралас-құралас болған дұрыс, әрине. Алайда аталмыш мемлекет – халқы өз аумағына сыймай тасып-төгіліп жатқан ел. Тура осы факторға аса сақтықпен қарамаса болмайды. Бұл елдің азаматтары өздері қоныстанып үлгерген басқа бір мемлекеттен оңайшылықпен кете қоймайды. Дипломатияда «Қытайдың білдіртпей енуі» деген термин бар...

– Дінге көзқарасыңыз бұрын қалай еді, қазір қалай?

– Атам Есқалидың маған бес жасымда «Ықылас» сүресін жаттатқаны бар. Сөйте тұра, өз басым діншіл де, дінсіз де емеспін. 1981 жылы қыста шопырым Секен Алпысбаев екеуміз Қытаймен шекаралас аудан-ауылдарда тұратын малшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысып келе жатып, танкті жасыру үшін қазған қазан шұңқырға түсіп кетіп, айдалада қалғанымыз бар. Ол кезде мен Талдықорған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы едім. Автокөлігімізді өз күшімізбен терең шұңқырдан шығару мүлдем мүмкін емес. Әрі қыстың қысқа күні көз байлап, оның үстіне жаяуборасын сәт санап күшейе бастады. Мені «Тағдыр-талқанымыздың таусылған жері осы болды ғой» деген көңілсіз ой иектей бастады. Абырой болғанда, айналаны шолуға кеткен атқосшым әні-міне кеткелі жатқан қамыс буушыларға кезігіп, солар қолұшын беріп, аман қалғанбыз. Содан бері бір құдіреттің барлығына мойынсұнып, намаз оқуға көштім. Әрине, ол кезде партиялық қызметте жүргендіктен, жайнамазды жайып жіберіп, намаз оқу еш мүмкін емес еді. Намазды іштей оқитынмын, бертін келе сол әбден әдет болып кетті.

...1980 жылы Мәскеудегі КСРО Халық шаруашылығы академиясын бітіргеніммен, өзім академияға аттанғанша қызмет істеген Орал облыстық партия комитетінің басшылығы маған қызмет ұсынатын ыңғай танытпады. Ал араға алты жыл салып, мен осы өз өлкеме бірінші басшы болып келдім. Мені бұл да бір Құдайдың қолдағаны шығар деп ойлаймын...

– Нәжімеден Ықсанұлы, сіз жастайыңыздан атқа қонып, зейнетке шыққанша басшылық қызметте болдыңыз. Әдетте мұндай қазақ азаматының перзенттері ана тілінен мақұрым қалады. Ал білетін кісілердің айтуынша, сіздің ұлдарыңыз қазақ тілінде жатық сөйлейтін көрінеді. Сіздің шаңырақтың шамшырағы Ырысты жеңгей екеуіңіз бала тәрбиесінде қандай қағидаларды басшылыққа алдыңыздар?

– Менің түсінігімде, ұрпақ тәрбиесі – ата-ана үшін ең маңызды мәселе. Зайыбым Ырысты екеуміз Ғани, Ғали, Нұркен есімді үш ұл сүйіп, оларды қатарынан кем қылмай ержеткіздік. Біз балаларымызды ұлттық құндылықтарды бағалауға, ана тілін ардақтауға, барынша білімді және өнерлі болуға, ешкімге қиянат жасамауға, отбасында тату-тәтті ғұмыр кешіп, қызмет бабында ел-жұртпен тіл табысып жұмыс істеуге баулуға тырыстық. Егер перзенттеріміз бүгіндері біз діттеген биіктерден көрініп жатса, демек, ата-аналық тәлім-тәрбиеміздің текке кетпегені...

Сұхбаттасқан Бауыржан Ғұбайдуллин,

«Орал өңірі» газеті,

08.09. 2011 жыл

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале